Түркі халықтарының ақындары Түркістанда бас қосты
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен түрік дүниесінің фольклористері, ақын-жыраулары мен халық ақындары 3-4 мамыр күндері түркі мәдениетінің рухани астанасы Түркістанда бас қосты. Түркияның белгілі ғалымы, иранист-фольклорист, профессор, доктор Али Кафкасиялы шараның түркі халықтарының атажұрты саналатын Түркістанда өтуіне көп ықпал жасады.
Сонау Қ.А.Ясауи бабамыздан бастау алған өлең құдіреті мен Қорқыт атадан жеткен мәдени құндылықтарымыздың түркі халықтарындағы ортақ жәдігерлері ортаға салынып, киелі Түркістан шаһарын дүр сілкіндірді. Шараның негізгі мақсаты – бүгінгі таңда жоғалып бара жатқан көне ұлттық аспаптарды, бүкіл түркі халқына ортақ жыраулар мақамы, толғау, суырыпсалмалық, ақындық өнердегі шығармаларды ортақтастыра отырып, насихаттау арқылы түркі халықтарының мәдени байланыстарын нығайту болып табылады. Халық ауыз әдебиетінде ортақ мұраларды ұрпақтарға аманаттап, түбі бір түркі халықтарының ортақ мәдениетін паш етті.
Осымен төртінші рет ұйымдастырылған бұл түркі әлемі халық ақындары мейрамы Түркия Республикасында үш рет өткен. Аталмыш шараға Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Иран, Ресей Федерациясының хакас-якут, алтай ұлттарынан, Қытай, Қарақалпақстаннан 40-тан астам ғалым мен ақын-жырау қатысты. Орта Азияда, оның ішінде Қазақстанда көш ілгері дамыған суырыпсалмалық, айтыс өнерінің өкілдері Әселхан Қалыбекова толғау айтса, Бекарыс Шойбеков арнау өлеңімен өнер көрсетті. Маржан Есжанова мен қырғызстандық айтыскер Мақсат Құлиевтың жеңге мен қайын айтысы көрермен қауымын шаттыққа бөледі. Қомус, дутар, қумус, домбыра, қобыз тартылып, көпшілік қауым рухани сусындады.