Түркі халықтарының ынтымақтастық байланысы
Қазақстан мен Түркия арасында мәдениет пен білім саласында белсенді ынтымақтастық орнаған. Әсіресе, білім саласында атқарылған шара аз емес. Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердік тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға факультет оқытушы-профессорлары және «Түркі халықтары мәдени қорының» президенті, «Түркі әлемі» халықаралық газетінің Бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы, түрколог Ахмет Дағдұран және Алматыдағы халықаралық деңгейдегі әмбебап мәдени «Түркі әлемі» газетінің өкілдері құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кездесу барысында ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің деканы Ж.Е. Жаппасов факультет тарихымен, жалпы жағдайымен, білім жүйесімен, оқу-әдістемелік жұмыстарымен таныстырды. Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Қ. Ихсангалиева кафедрада жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттарымен таныстырып, оқу-әдістемелік жабдықталуы, ерекшеліктері мен басым тұстары туралы мәлімдеме жасап, тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми байланыстар орнату туралы ұсыныстар ұсынды.
Ғалым, түрколог Ахмет Дағдұран «Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланыс» тақырыбында баяндама жасап, сондай-ақ түркі халықтарының тарихы мен дамуы жөнінде құнды деректер келтіре отырып, өз еліндегі жоғары оқу орындарының тарихымен, білім берудегі өзіндік жүйесімен, әдіс-тәсілдерімен, қазіргі заманғы жаңалықтарымен таныстырып, ой бөлісті. Тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында өткен кездесуде екі жақты студенттермен және білікті, тәжірибелі оқытушылармен тәжірибе алмасу туралы әңгіме жалғасын тауып, келген қонақтар факультеттегі мұражайды аралап, өз қызығушылықтарын білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті, Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының доценті, ф.ғ.д А.Е. Саденова