Түркиядағы театрлар тоғысы
Кез келген өнер мен өнер ордалары мемлекеттің бір символы болып табылады. Міне, сондай өнер ордаларының бірегейі Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жуырда ТҮРКСОЙ халықаралық мәдениетті қолдау қоры мен Түркиядағы «Сабанжы» қорының қолдауымен Түркияның Адана қаласында жыл сайын өтетін мемлекеттік театрлардың ХІІІ фестиваліне Қазақстан жерінен алғашқы рет шақырылды.
ТҮРКСОЙ тағылымы
Қазақстандағы 52 театр ішінен біздің театр қойылымын таңдап алуы біз үшін үлкен мақтаныш болғанын жасырмаймыз. Бізге Ш.Айтматовтың «Қызыл ормалды шырайлым» атты қойылымын (режиссері Т.Теменов) алып келу тапсырылған болатын. Бұл қойылым стационарлық сахнаға бейімделгендіктен, декорацияны алып бару мәселесі тығырыққа тіреді. Ұйымдастырушылар тарапынан берген ұсынысқа алғашында шығындарын көтере алмаспыз деген оймен баруға екіойлы болып тұрғанда, қазақ өнерінің түрік сахнасында сән құруына себепкер болып, қазақ театр өнерін паш етуге зор еңбек еткен ТҮРКСОЙ халықаралық мәдениетті қолдау қорын басқарып отырған ағамыз, еліміздің біртуар азаматы, белгілі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов мырза мен Асқар Тұрғамбаевтың белсене араласуы мәселенің шешілуіне үлкен себеп болды. Анкарадағы арнайы ТҮРКСОЙ халықаралық мәдениетті қолдау қорына салынған жеті қабаттан тұратын ғимаратын тамашалап, олардың атқарып жатқан қыруар жемісті еңбектерін көріп тәнті болдық. Себебі түркітілдес елдің бар мәдени, әдеби байлығын бір жерге шоғырландыру деген – қыруар шаруа. Ол келешекте баға жетпес құндылық болары сөзсіз. Бүгінгі жаһандану кезеңінде жоғалып кетуге сәл қалған қаншама фольклорлы-этнографиялық дүниелер жинақталып, халықаралық деңгейде паш етілуде. Бүгінгі таңда 14 мемлекеттің басын құраған ТҮРКСОЙ қорына біз де мүше болсақ деп тілектерін білдіріп жатқан түркітілдес мемлекеттер күн санап көбейіп келе жатқаны осы қордың халықаралық жағдайда абыройының жоғары екендігін айқындап тұр.
Бізде кейбір қолы дәулетке жетіп, даңқы шарықтаған адамдардың кеудесіне нан пісіп, өздеріне тең келетін ештеңе болмай жататындарын көріп қаламыз. Паңдық пен тәкаппарлық, астамсу әр кезде де болған шығар, бірақ Еуропа мәдениетін меңгерген бүгінгі Түркияда мен үшін осылардың бірі де жоқ болып көрінді. Бізді де қонақ қылып күтіп жатты, бірақ дәл біздей жалпақтап құрақ ұшқан ешкім жоқ. Бәрі де өте сабырлы, қызметі, лауазымына қарамастан, тең дәрежеде сөйлесіп, өзін қызықтыратын керекті жайларды сұрастырып жатты.
Өз халқының болашағы үшін қиян-кескі ұрыспен бүгінгі астанасын тартып алған Фатих Сұлтан Мехмет Азия мен Еуропаның қақ ортасына діні мұсылман, түрік мемлекетін құрып, бүгінгі түрік мемлекетін бұрынғы астанасы Бурсадан жаңа астанасы – бүгінгі Стамбулға көшіргені жайлы көпшілік жақсы біледі. Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін қосатын Босфор бұғазын ұшақта үстінен көріп, табиғаты тамаша жерді бауырлас түрік ағайындардың алуында үлкен мән бар екенін және тарихи қасиетті жер екенін іштей сезінесіз. Айналасы 200 шақырым жерді алып жатқан көне шаһар – Стамбулдағы Ататүрік әуежайына қонған кезден-ақ болашағы зор, бүгіннің өзінде әл-ауқаты бай мемлекетке аяқ басқаныңды бірден сезесің. Жұмыс сапарының тығыздығына байланысты Түркия астанасы Анкараға ішкі рейстер ұшағымен жол тарттық. Жөн сұрасып, танысып жатқан түрік ағайындар Қазақстаннан келгенімізді, қазақ екенімізді білгенде қуана, жақын тартып, «атажұрттан анажұртқа қош келдіңіздер» деп іш тартып жатты.
Аданаға сапар
Анкарадан Адана қаласына автобуспен жол тартуға жиналдық. Алдымызда – 750 шақырымдық жол. «Қалай жетер екенбіз?» деген күмәнді ойымыз да бар. Автобус бекетінде біздің жанымызға келіп жөн сұрасқан жас жігіт Қазақстаннан екенімізді біліп, бізге: «Сендердің футбол командаларың ойнай алмайды ғой, Алманиядан 4-0 болып жеңіліп қалдыңдар», – деп ренжіп тұр. Дәл сол кезде біздің команда ойсырап тұрып жеңілген кез еді. Кірерге тесік таппай, төмен қарап тұрдық. Қараңызшы, не деген намысшылдық! Мейлі ол тіпті фанат болсын, сонда осы айдалада жүрген түріктің намысқойлығы неге бізде жоқ? Неге біздің футболшылар «өлімнен ұят күшті» деп жанын салмайды екен деген ойға қалдым. Болмаса, оларға қазақтың намысы керек емес пе? Тіпті солай болуы да мүмкін-ау деймін, себебі бір ғана мысал, футбол алаңына шыққанда барлық елдің футболшылары гимндерін айтып, бастарын жоғары ұстап тұрады, ал біздікілер аузын ашпай қарап тұрады, кейбір ашқандарының сөзі қиыспай жатады. Мұны бұрында теледидардан көріп, «бұлардың бапкерлері не істейді?» деп қынжылып жүретін едім, мына сөз күмәнімді растағандай болды. Басымыз салбырап автобусқа отырдық та, Аданаға жол тарттық. Алыс жолға жүретін қоғамдық көліктердің бәрінде Түркияның қалаларына қатысты деректі фильмдер көрсетіледі. Әр жолаушының алдында – жеке-дара теледидар, қалауыңыз бойынша бірнеше телеарнаны немесе киноларды тамашалап қарай бересіз. Қажетті ақпаратыңды содан-ақ алуға болады. Жол бойы Түркияның экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының жоғары екендігіне көзіміз жетіп, сүйсініп келеміз. Міне, өз елінің болашағына барын салып қызыға қарайтын мемлекет деп айтуға болатын бірден-бір ел деп тамсанып келеміз. Біз мінген автобустағы қызмет көрсетудің өзінің біздегі жағдаймен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Мемлекеттің мәдениеті әр адамнан құралатынын ескерсек, бұл елдің мәдениеті жүргізушінің ақ көйлек киіп, галстук тағуынан басталатын секілді. Тас жолдың тақтайдай тегістігі мемлекеттің экономикасын бірден паш етіп тұр. Қай елге барсаңыз да, жолының сапасына қарап, сол елдің экономикалық-әлеуметтік хал-жағдайын бағалай беруіңізге болады. Автобус ішіндегі даяшы жігіт берген шайдың төгілмейтінінен-ақ жол сапасын бағалай беріңіз. Біздегі шоқалақ жолда шай ішу былай тұрсын, сол жол соңғы рет қашан жасалғанын және кімнің жауапты екендігін білмейсіз, қаншама жылдар бойы төлеп жатқан жол салығыңыздың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді.
Жерлері біздің Алматыдай таулы аймақта болуына байланысты ма, әлде сондай архитектураның әдемілігі халыққа тиімді болатынын ескерген бе, әйтеуір, біздегідей зәулім үйлерді бір-біріне тақап сала бермейді екен. Үй аралары алшақ, балалар ойнайтын алаңдар мен кішігірім парктер, спорт алаңдары көп. Үйлері бес-алты қабаттан аспайтыны қатты қызықтырды, өйткені қаланың демі ашылып таза тұр және қала созылып жатқаннан кейін көлік кептелісі деген жоқ.
Түркияда мешіт көп
Түркияның қай қаласына барсаңыз да, қалаларындағы мешіттің көптігі сүйсіндіреді. Аданадағы Сабанжы мешітінің үлкендігі мен ішкі әрленуі бізді тамсандырды. Халқының 99 пайызы мұсылман болғандықтан, Құдай үйінің артығымен салынуы да заңды шығар, дегенмен Алматыдағы мешіттердің саны саусақпен санарлық екендігі бәрімізге мәлім. Қашан да Құдай деген ел өседі демекші, халқының бай болуы ауыздарынан Құдайын тастамағандықтан да шығар. Біз де мұсылманбыз ғой, ендеше, неге біздің халқымыз осыншама жер мен байлықта отырып, сүреңсіз өмір кешіп жатыр? Әлде бұл кейбір адамдардың Құдайы мен халқын ұмытудан туып жатқан кемшіліктер мен қателіктер ме? Мені бір қуантқан жағдай, оларда қызмет лауазымына қарамастан, жұмада тегістей мешітке барып, намазға қатысып, тағзым етіп қайтады екен. «Жер бетінде болып жатқан зілзалалар мен цунамилер өткеннен кейін Алланың жер бетіндегі үйлері – мешіттердің дін аман қалуының сыры неде?» деген сұрақ ойландырады. Демек, әртүрлі ағымдағы діндердің жетегінде кетіп, күмәнді де кінәлі болудан арылатын күнге жеткенімізді уақыт пен себептер дәлелдеген жоқ па? Біздер де неге сол түрік бауырларымыз сынды үлкен-кішіге кішіпейіл, өз ұлтымызға сай намысшыл болмасқа? Ниетімізге сай бар байлығын қосып, осыншама жерді берген Құдайдың көзқарасының бізге түзу екенін тағы да дәлелдеп тұрған жоқ па? Іссапарымыз аяқталып, елге қайттық, ұшақ терезесінен тағы да мамыражай өмір сүріп жатқан Түрік елін, аспанмен таласқан мешіт мұнараларын көріп, әсерлі ойдың құшағында қала бердік.