Түркінің төрінде түркология конгресі өтті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да «Мәдени ықпалдастық және өркениеттер бірлігі» тақырыбында V халықаралық түркология конгресі болып өтті. Осыдан он бір жыл бұрын тұңғыш рет өткізілсе, міне, бесінші рет киелі шаһарда түрік дүниесі ғалымдарының басын қосып, түркологияның келелі мәселелері тағы да кеңінен талқыланды.
Конгреске Алтай (Ресей), Әзірбайжан, Болгария, Түркия, Башқұртстан, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан т.б. 15 шет мемлекеттен 100-ден астам ғалымдар келіп қатысты. Конгресс Мәдениет орталығының «Өркениеттердің беймәлім оқиғалары: Батысқа аққан өзен» атты Түркияның Бахчешехир университетінің фотокөрмесінің тұсаукесер салтанатымен басталды. Конгрестің ашылу салтанатында университет президенті, профессор Л.Тәшімов, Өкілетті Кеңес төрағасы Осман Хората, Әзірбайжан ғалымы К.Валиев,Түркияның Каподокия университетінің ректоры Фелиз Кылыч, Т.Садықов (Қырғызстан), Ә.Нуралиев (Тәжікстан), Б.Сариев (Түркменстан), Е.Чандиева (Алтай), С.Егорова (Саха), М.Жураев (Өзбекстан), Иса Иегане (Иран), М.Еділбаев (Башқұртстан) сынды ғалымдар құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық мәжілісте профессор Ш.Ыбраев – «Қазіргі заманғы Түркология: маңызы мен міндеттері», профессор Шефатдин Севержан «Өркениеттер бірлігі-қақтығысы және ислам» тақырыбында, профессор Ерден Қажыбек «Әлемдік өркениеттің түркілік мазмұны» деген тақырыпта баяндамаларын жасады. Түркология конгресі екі күнге созылды. Бес секция бойынша жұмыс істеді. Конгреске қатысушы қонақтар, ғалымдар Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне зиярат жасап, әулие бабаларға тағзым етті. Университеттің «Достық», «Би сұлтан» би ансамбльдері, өнерпаз өрендеріміз өз өнерлерімен, сахналық қойылымдарымен қонақтарымызды тәнті етті. Университет басшылары конгрестің жабылу салтанатында да ізгі ниеттерін білдіріп, дүниежүзілік қоғамдық ғылымдар төрінен түркологияның өз орынын бағамдап, бағдарлап, әлемдік өркениеттер аясында қарастыру, орын табуы жолында аталмыш конгрестің мән-маңызына тоқталып өтті.