Түркістанда медресе қашан ашылады?
Құдайға шүкір дейік, қазіргі таңда республикамыздың көпшілік аймақтарынан жастарымызға діни ілім беретін медреселер ашылуда. Санамалайтын болсақ, бүгінгі уақытта елімізде сегіз медресе салынды. Шымкентте, Сарыағашта, Ақтөбеде, Оралда, Павлодарда, Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Астанада бір-бір медреседен бой көтерген. Әрине, мұның барлығы жақсы. Қазіргідей ақпараттың тасқындаған заманында, діни ағымдардың лек-легімен ағылып келіп жатқанының кезінде, елімізде діни сауат беретін медреселердің біртіндеп салынып жатқаны – қуантарлық-ақ жағдай. Алайда рухани астана әрі киелі мекен, екінші Мекке саналатын қасиетті Түркістан қаласында бірде-бір медресенің салынбауын қалай түсінуге болады?
Жоғарыдағылар Түркістан туралы сөз қозғағанда, «бұл — біздің рухани астанамыз, тәу етер екінші Меккеміз, киелі топырағымыз» деп көсіліп салады. Бірақ, шын мәнісінде, Түркістан рухани астана мәртебесіне әлі күнге дейін жете алған жоқ. Барлығы тек сөз жүзінде ғана айтылып келеді. Егер, шынында да, Түркістан еліміздің рухани астанасы болатын болса, онда діни орталық — мүфтиятты неге киелі қалаға орналастыра алмадық? Кезінде бір әкім Түркістанды арақсыз қалаға айналдырамын деп, біраз әбігерге түсіп еді, бірақ одан да түк шықпады. Осылайша Түркістан көпшілікке сөз жүзіндегі рухани астана болғанымен, нақты іс жүзіндегі рухани орталыққа айнала алған жоқ. Павлодар, Орал т.б. өңірлерде медреселер ашылып жатқанда, неге Түркістанда ашылмайды? Егер шын мәніндегі рухани астана болса, онда ең бірінші медресе Түркістанда ашылуы керек емес пе? Бұл – Павлодар, Оралда медресе ашылып қойды деп қызғанғандық емес, тек осынау киелі қалада бір медресенің болмағанына өкініш білдіру ғана. Керек десеңіз, бұл ата-баба алдында да, тарих алдында да ұят тірлік болып табылады.
Қазір Қазақстанда 2300-ге жуық мешіт бар. Оның басым бөлігі, шамамен 430 мешіт Оңтүстік Қазақстанда бой көтерген. Оның ішінде ең көбі — 65 мешіт Түркістанда салынған. Аллаға шүкір дейік, бұл мешіттердің әрқайсысы жамағатқа толы. Демек, Түркістанда намаз оқитын, Құдайға құлшылық ететін адамдар көп. Оның ішінде жастар жағы басым десек, артық айтқандық емес. Олардың көпшілігі құранды жаттап, әлі де Алла жолындағы білімдерін жетілдіргісі келеді. Бірақ мұнда медресе жоқ. Білім іздеген жастар бүгінде ілімдерін жетілдіру үшін Шымкент, Сарыағаш, тіпті Астана мен Павлодардағы медреселерге сабылып жүр. Қазіргі таңда мұндағы жастардың көбі «Түркістанда бір медресе ашылса екен» дейді. Ал бұған еліміздің діни басқармасы қалай қарайды екен?
Әбдімүтәліп ДӘУРЕНБЕКОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі:
—Түркістанда медресе ашу жоспарымызда бар. Әзірге онда медреселерге шәкірттер дайындайтын орталығымыз жұмыс істеп тұр. Оны Әбдімәлік деген білімді азамат басқарады. Қазір аймақтық медреселер ашылуда. Мәселен, оңтүстік аймақтан — Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары үшін бір медресе Шымкентте үш жылдан бері істейді. Шардара, Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында халық тығыз орналасқандықтан, Сарыағаштың Ынтымақ елді мекенінен тағы
бір медресе аштық. Сондай-ақ Ақтөбе облысында – біреу, Батыс Қазақстандағы Орал, Маңғыстау, Атырауға — біреу, ал солтүстіктегілер мен Орталық Қазақстан үшін — Павлодар мен Астанадан екі медресе ашылды. Әңгіме медреселердің санын көбейтуде емес, медреселер өз жұмысына лайық жастарға ілім-білім беруі керек. Түркістанда да келешекте медресе ашамыз, ол жоспарымызда бар. Өйткені осы уақытқа дейін дайындық курсы ретінде жұмыс жасап келген ондағы оқу орталығы алдағы уақытта медресе ретінде мәртебесін алады. Ал Шымкент қаласындағы медресені Ислам институтына айналдыру ниетіндеміз. Қазір осы бағытта жұмыстар жасалуда. Бірақ оған уақыт керек.
Әрине, мұның барлығы – жақсы сөз. Бірақ бұл сөздің айтылып келе жатқанына үш жылдың жүзі болды. Әне ашамыз, міне ашамызбен әлі келе жатырмыз. Бұл жөнінде Шымкент қаласындағы медресенің Түркістандағы бір жылдық дайындық курсының директоры Әбдімәлік ӘБДІРАХМАН мырза былай дейді:
— Қазір біз оқуалды дайындық мекемесі ретінде тіркеліп отырмыз. Былтыр бас мүфтидің өзі келіп, оқу базамызды көріп: «Бұл халыққа керек медресе екен, біз мұны қолдаймыз», – деген еді. Мен екі-үш жылдан бері Діни басқармаға: «Түркістаннан үш жылдық медресе ашайық, бізге жеке медресе ретінде мәртебе беріңіздер», – деп айтқан болатынмын. Біздің өз жатақханамыз да, асханамыз да, оқу ғимаратымыз да бар. Барлығы дайын, заман талабына сай жабдықталған. Ауламыз кең, бау-бақша, спорт алаңдары, тіпті бассейнге дейін қамтамасыз етілген. Діни кадрларымыз да дайын. Мұнда Құран кәрім, пайғамбарлар өмірбаяны, сондай-ақ құлшылықтың жолдарын үйрететін — ғибадат пәні, мінез-құлыққа байланысты — ахлақ пәні және сенім-нанымды үйрететін — ақида сабағы бар. Сонымен қатар мұнда араб тілін және тәжуид ілімін үйретеміз. (Тәжуид дегеніміз — құранды мәнерлеп оқу. – Авт.). Тіпті қариларды дайындайтын ұстаздарымыз да бар. Демек, барлығы дайын тұр. Бұған ешқандай қаражат кетпейді. Өзіміз демеуші тауып, базамызды одан әрі жетілдіріп отырамыз. Енді одан артық не керек? Тіпті бұған дейін Діни комитеттен, Білім және ғылым министрлігінен, Діни басқармадан арнайы мамандар келіп, олар да оқу ғимаратымызды аралап, оң баға беріп кеткен. Бірақ әлі күнге дейін жеке медресе ретінде тіркелген жоқпыз. Біріншіден, Түркістан — рухани орталық. Сондықтан Түркістанда міндетті түрде бір медресе ашылуы керек. Егер киелі қаладан бір медресе ашылмай қалатын болса, тарихтың алдында да, тіпті қазақтың қаймақтары жерленген ата-бабаларымыздың алдында да – ұят.
Қазір ислам дінінің өзі «үй ішінен үй тіккен» секілді бірнеше түрге бөлініп кетті. Тіпті кейбіріміз талтайып тұрып, қолымызды кіндігімізге емес, көкірегімізге байлап, намаз оқитынды шығардық. Онымен қоса, «ата-баба басына барып құран оқуға болмайды, келіннің ата-енесіне сәлем салуы Аллаға серік қосу болып табылады» деп, ата-баба дәстүріне қарсы шығып жүргендер де баршылық. Осындайда жастарымызға тура жол көрсетер, шын ақида мен сенімді үйрететін медреселердің көптеп ашылғандығы дұрыс шығар... Дегенмен, қалай десек те, киелі қалада бір медресе болуы керек. Өйткені Түркістан сөз жүзіндегі емес, нақты іс жүзіндегі имандылық ордасына айналуы тиіс.