Үлкен скрипканың үні
«Әлем әртісі» мәртебелі атына ие болған қазақтың скрипкашы қызы – Айман Мұсаходжаева мен есімі дүниежүзіне әйгілі пианист Данияр Есімхановтың Ертістің Павлодар өңірінде қойған концерті сәтті аяқталды. Үлкен скрипка мен пианиноның үйлесімді үні әуелеген өнер кеші ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсаходжаева жетекшілік ететін «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
«Концертіміз классикалық музыканың майталманы А.Вивальдидің шығармашылығына арналады. Оның «Жыл мезгілдері» атты туындысы арқылы қаһарлы қыс, көңілді көктем, жайдары жаз бен алтын күзбен қауышасыздар», – деп концертті бастаған А.Мұсаходжаева керекуліктерге алғысын білдірді. Айта кетерлігі, шығармашылық кеш барысында талғампаз көрермендерге тосын сый жасалды. Шарада украин композиторы, музыкатанушы, халықаралық байқаулардың лауреаты Мирослав Скориктің Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы негізінде ұлттық сипатта жазған туындысы алғашқы рет ойналды. Шығарма Айман Қожабекқызына арнап жазылған.