Ұлт әдебиетін ұлықтаған ғалым еді...
Қазақ әдебиеттану ғылымы тағы бір қадірлі қаламгерінен айырылды. Елімізге есімі белгілі ғалым, аудармашы, филология ғылымының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Саналы ғұмырын ұлт әдебиетінің өркендеуіне арнаған ғалымның артынан айтар ойы салмақты ғылыми еңбектері мен әдеби кітаптары, аудармалары қалды. Ғалымның ізденіс жолындағы негізгі зерттеген тақырыптарының ішіндегі ең шоқтығы биігі – хакім Абай шығармашылығына үңілген зерттеулері. Жоғары білім алғаннан кейін қызметке ерте араласа бастаған қаламгер әдебиет әлеміне үңілуден ешқашан қол үзген емес. Әсіресе өмірінің соңғы жылдары өнімді еңбек етіп, ұстаздықтан да қол үзген жоқ.
Жұмағали Ысмағұлов 1928 жылы 17 сәуірде Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылында туған. Орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен кейін, 1942 жылы алғашында Әулиекөлдегі аудандық газет баспаханасында әріп теруші, сосын аудандық газет редакциясында жауапты хатшы болып істеген. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 3-курс студенті кезінде-ақ «Коммунист» (қазіргі «Ақиқат») журналында партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып істеді, көп ұзамай оның жауапты хатшысы және редакция алқасының мүшесі болды. 1952-1987 жж. «Үгітші блокноты» («Блокнот агитатора») журналының жауапты редакторы, Қазақстан КП Орталық Комитетінің нұсқаушысы, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Алматы облыстық «Жетісу», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туралы» газеттерінің редакцияларында жауапты қызметкер, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтында аударма секторының меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) директорының орынбасары, директоры болған. 1985 жылы он бірінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1986 жылы Қазақстан Компартиясының ХVI съезінде Орталық Комитет мүшелігіне кандидат болып сайланды.
1987 жылдан бастап М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. 1994 жылы «Абай: ақындық тағылымы» («Ғылым») атты монографиясы жарық көрді. 1995 жылы «Абай поэзиясындағы өмір шындығын бейнелеудің реалистік принциптері» деген проблема бойынша докторлық диссертация қорғады. Абайдың шығармашылық мұрасын бастыру және зерттеу жөніндегі жұмыстары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды. 1996 жылы Қазақстан Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Кейінгі кезде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында Абайтану бөлімінің меңгерушісі болып істеді.
1991-96 жылдары қоғамдық негізде Жазушылар одағы басқармасының жанындағы Көркем аударма қауымдастығы президентінің міндетін атқарды.
Ұзақ жылдар бойы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының біразы «Маржан мен махаббат» (1965), «Адам мейірі» (1968) атты жинақтарға енгізілді. 2008 жылы «Өнер» баспасынан «Абай: даналық дәрістері» атты ғылыми-публицистикалық монографиясы жарық көрген.
Бальзактың «Үзілген үміттер», «Жергілікті дәрігер», «Шегрен былғары», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау» және «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы», П.Коэльоның «Заһир», В.Вересаевтың «Тығырықта» романы мен «Өмірге беталыс» повесін, В.Дальдің «Бекей мен Мәулене», Э.Казакевичтің «Көк дәптер» атты шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Қазақ сөзінің қадір-қасиетін танып, ұлттық әдеби мұрамызды зерделеп, талғам таразысына сала білген, ақылы мен парасаты биік, білікті ғалым – әдебиеттану саласына сіңірген еңбектері үшін «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальмен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Тұрсынбек Кәкішев, филология ғылымының докторы, профессор, академик:
– Жұмағалимен КазГУ-да қатар білім алдық. Ол бізден бір курс төмен оқыды. Сол кездің өзінде ол қатарластарынан білімінің тереңдігімен, зеректігімен, алғырлығымен ерекшеленіп тұратын. Қоғамдық істерге де бел шешіп кірісіп кететін. Университетте оқып жүріп, Қыздар педагогикалық университетіндегі қыздарға қол ұшын беріп, олардың қабырға газетін шығарысып тұрды. Бұл кезең соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Кездескен қиындықтарға қарамастан, біздің ұрпақ ғылым мен білімді игеруге, елге қызмет етуге шамамыз келгенше талпыныс жасадық. Жұмағали оқуын үздіктер сапынан бітірген соң, жас та білікті маман ретінде жауапты жұмыстарды атқарды. Өзінің қабілет-қарымының арқасында ұзақ жылдар жоғары лауазымды қызметтерді де атқарды. Кейіннен әдебиеттануға толығымен ден қойып, абайтану ілімін дамытуға атсалысты. Ел білетін Жұмағалидің ерекше бір қасиеті оның шыншылдығы болатын. Ол қаһарлы 1986 жылдың Желтоқсан көтерілісі кезінде ҚазТАГ-тың басшысы болып тұрғанда республикалық басылымдарда Желтоқсан шындығын бейнелеген фотосуреттерді жариялаттырып жібергені үшін қызметінен аластатылған еді. Осының өзі оның ұлт үшін күресуден тартынбаған азамат екенін аңғартады. Қазақ әдебиеттану ғылымында өз қолтаңбасын айшықтаған ғалым Жұмағалидің артында қалған еңбектері әлі талай ұрпақтың қажетіне жарайтынына сенеміз.
Ұлтымыздың руханиятын көтеруге қарымды қаламымен, азаматтық талабымен қалтқысыз қызмет еткен құрметті ғалымды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі дүйсенбі күні, қаңтардың 17-сінде Алматыдағы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрының ғимаратында сағат 10.00-де өтеді.