Ұлт қасиеті немесе қос бесік
2010 жылдың соңғы айын Ақтауда, 2011 жылдың алғашқы айын Алматыда өткізгенде тапқан ең үлкен пайдамның бірі – «Алыптың анасы» кітабындағы Ә.Кекілбаевтың «Құс қанаты» әңгімесі және М.Шахановтың «Ұлт анасы – тіл» кітабын оқып шығу болды.
Әбіш ағаның «...үш бума уық, көгі үзіліп сылдырап тұрған төрт кереге, үйдің үзік-туырлығы ыбырсып жатқан көп киіздің астына түсті, талайғы тал шаңырақ аядай қуыстан орын тимей, сыртқа, шошаланың төбесіне төңкерілді. Көзінің жасын тыя алсайшы. Жыламай да қайтсін!» деген жолдарын оқып, ағыл-тегіл жыладым. Қайран ата-бабаның қара шаңырағы. Қадіріңді білер ұрпағың аман болсын! Бізден кейінгілер бұл жолдарды оқып, жыламақ түгіл, түсінер ме екен деп ойладым.
Мұхтар Шаханов «Ұлт анасы – тіл» кітабында: «Ұлымыз ауырып қалып, дәрігер шақырттық. Ақ халатты орыс келіншегі бесіктегі баланы көріп: – Өзіңіз білімді, ақын сияқтысыз, мұныңыз қалай? Баланы ағашқа керіп, таңып тастау деген феодализмнің қалдығы емес пе? Масқара ғой бұл...Тез арада шешіңіздер! – деді.
– Кешіріңіз, біз сізді қасиет дарыған бесігімізге тіл тигізсін деп емес, ұлымыздың денсаулығын қарасын деп шақырттық. Ашуға булығып шығып кеттім», – деп жазады.
2002 әлде 2003 жылы, жаз айы. «Чистые пруды» метросы қасындағы жұмыс орнымда отырғанмын. Есік қағып, бесік көтерген қыз бен жігіт кіріп келді. Өңдері есімде қалмапты, бірақ олар өте сұлу болып көрінді. Әлде бесік көтеріп тұрғандықтан ба?! Жарыса сәлемдескен жастарға орнымнан тұрып, құрмет көрсеттім. Барлық жабдығы түгел, сәл көнелеу бесікке қарай бергеннен бе, олар бірден келген жұмыстарын айтуға көшті.
«Апай, бесігін жұртта қалдырмайтын халықтың ұл-қызымыз ғой. Оқуымыз бітіп, елге кетіп барамыз. «Кедей болсаң көшіп көр» демекші, жүгіміз өте көп. Мына бесікке бізге дейін де Мәскеуде оқыған аспиранттар балаларын бөлеген екен. Құтты бесік болып, біз де баламызды бөледік, өсірдік. Бізбен бірге аспиранттар көші бітпес әрі бесікті жұртымызға тастағанымыз болмас деп алып келдік, сізге аманат», – деді.
Кейіннен жұмыс орнымды ауыстырып, заттарымды жинағанда, бесікті іздедім. Бесік көзіме түспеді. Жұмыс бабымен қайта-қайта жолсапарға шығып жүріп, қашан, кімге бергенімді есіме түсіре алмадым. Егер сол кезде бесік сол бөлмеде тұрса, сонда қалдырып кететін бе едім, оны қазір айта алмаймын. Бір-екі ай өткен соң бесік табылды. Жұмыс орнымды ауыстырар алдында жолсапарға кетіп бара жатып, Мәскеудің жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің ұлттық көрме жасауына біраз ұлттық заттармен бірге бесікті де беріппіз. Кейіннен бәрін үйіме алып келді. Расында да, құтты бесік болды. Мәскеудің небір көрнекті жерлерінде біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізді көрсеткен көрмелерде көнелеу болса да, жаңа жабдықтармен жабдықталған бұл бесік талайларды таңдандырып, көрнекті орындарда тұрды. Жыл сайын Наурыз мерекесін тойлағанда мұндағы қазақтарға бесікке салу дәстүрін көрсете жүріп, талай бүлдіршіндерді өмірінде бір рет болса да осы бесікке бөлеп, ата салтын орындадық. Кейіннен қала сыртындағы Қазақстан Президенті сыйлаған киіз үйге апарып қойдым. Үйді ұлттық жабдықтармен жабдықтауға көмектескен Ақтөбе облысының әкімі Е.Н.Сағындықов тағы бір жаңа бесік сыйлады. Сонымен, бізде бесік саны екеу болды. Соңғы екі жылда бұл киіз үйді де киізі жарамсыз деді, басқа деді, жинап тастады. Киіз үйдің сүйегімен қатар, ішіндегі барлық ұлттық жабдықтар орыс елінің белгілі жерінде белгісіз болып үйіліп қалды. Екі жастың «жұртқа бесікті қалдырмадық, сізге аманат» дегені көкейімде, екі бесікті де тастамадым. Жолдасыма жұмыс орнынан берілген екі бөлмелі тар үйдің қай бұрышына қоярымды білмей жүргенімді көрген орыс досым Роман: «Менің үйім кеңдеу әрі келгендер көрсін, қазақтар балаларын көшіп жүріп қандай жылы, ыңғайлы ұяда ұстағанын», – деп алып кетті. Сонымен, қазақтың қос бесігі орыстың үйінде тұр. Ұлттық заттарымыз бен қос бесігімізге бір бөлме табылмай тұр-ау, жыламай қайтесің.
Ұлттық заттардың әр жерде шашылып жатқанын және үйімнің балконы мен төсегімнің астына да жинап отырғанымды айтып, елшіге де кірдім. Елшілік ғимараты ішінен бір кішкене бұрыш табылса, мұражай ретінде жабдықтап қойсақ, жараспай ма? деген ұсыныс жасадым. Елшілік орналасқан ғимараттың тарлығы тілге тиек болды.
Бұл әңгімені жақында жолыққанда Мұхтар ағаға баяндадым. Ардақты ағам мені мақұлдап, ауыр күрсінді. Онсыз да жүгі көп ағаға өз жүгімді аударғандай ыңғайсыз күй кештім.
Ойыма қайтадан баяғы бесікті алып келген екі жас түсті. Ұлттық қасиетіміз оларды әлі де нұрландырып жүр ме екен? Қайда жүр екен? Аттары кім болды екен? Бір ауыз сөздерімен бір ұлттың қасиетін арқалатып кеткен апайларын естеріне алар ма екен?!
Қос бесік орыстың үйінде, киіз үй бір қорада (ендігі бау-жібі шіріп те кеткен шығар) жинаулы жатыр.