Ұлт тілін өсіретін – мультфильм
Кеше Ұлттық баспасөз клубында «Адал Азамат» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Туған тілдің анимация, тележоба, кинематография және білім беру саласында дамуы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиында аталмыш қор басшылығы өздері қолға алған іс-шаралар мен жобаларды таныстырып, көтерілген тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті.
Бүгінгі таңда туған тіліміздің де, балаларға арналған анимациялық фильмнің де жайы көпшілікті толғандыратын, түйткілді мәселе болып отыр. Қазіргі ақпараттық заманда жас ұрпақ әлемді тек визуалды түрде қабылдайды. Яғни бүгінгі заманның басты идеологиялық құралы теледидар болып отыр. Балаларымыз теледидардан не көрсе, соған еліктейді, жақсы мен жаманды да содан үйренеді. Ал дәл қазір біздің телеарналарда немесе кинотеатрларда балаға ұлттық тәрбие беретін қазақ тілінде бір кино немесе бір мультфильм бар ма? Сондай-ақ мұндай қордаланған мәселелер тек анимация саласында ғана емес, жалпы мәдениет, әдебиет, музыка, спорт саласында да жетерлік. Ал бас қатырарлық мәселелердің шешімін табуға талпынған адалазаматтықтар «бір-екі жылда болмаса да, он-он бес жылда жас ұрпақтың санасын қазақыландырамыз» дейді. Әрине, бұл тек бір қордың іс-әрекетімен шешілетін дүние емес, тіпті кейбір жағдайда мемлекеттің өзі дәрменсіздік танытып жатады. Дегенмен тіл, ұрпақ тәрбиесі, мәдениет төңірегіндегі жауапты істі жүрексінбей қолға алған азаматтарға сәттілік тілейміз. «Адал азамат» қоғамдық қорының вице-президенті Ерлан Сержанұлының айтуынша, қорда білім саласында қызмет ететін, бірнеше тілді игерген, түрлі сала бойынша маманданған талапты да, талантты жастардан құралған команда қызмет етеді. Солардың бірі Еркебұлан Беделханұлы дәл қазіргі кезде атқарылып жатқан жоба-шараларымен бөлісті. Аталған азаматтардың сөзінен біздің түсінгеніміз, олар жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу үшін алдымен ділімізге тән анимациялық фильмдердің жарыққа шығуына атсалыспақ. Алайда еліміздегі ең басты киностудия «Қазақфильмнің» өзінде қазақтілді анимациялық жанр мамандары жоқтың қасы. Сондай-ақ қазіргі қаржы дағдарысы кезінде фильм түсіру секілді қымбат жобалардың іске асуы екіталай. Осындай жағдайларды ойлағанда, «Адал Азамат» қорының көтерген мәселелері сөз жүзінде ғана қалып қоя ма деген күдік те жоқ емес. Көкейдегі бұл сауалымызға Ерлан Сержанұлы барынша сенімді жауап беруге тырысты. «Біз тек қызыл сөзбен шектелмей, нақты іс-әрекет етудеміз. Егер маман жоқ, ақша жоқ деп отыра берсек, ештеңе шықпайды. Алаш азаматтары бірігіп, мәселе көтере білсек, оны жүзеге асыруға талпынсақ, алынбайтын асу жоқ. Игілікті іске қаржы да табылады. Бұған жұмыс барысында көз жеткізіп жүрміз. Көп ұзамай қазақ балалары қазақ тіліндегі заманға сай мультфильмдерді тамашалайтын болады», – дейді ол. Жақсы сөз – жарым ырыс.