Ұлттық би өнері неге кенжелеп келеді?
«Қазақта би өнері болған ба, болмаған ба?» деген сауалдың таласқа түсіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Биші қауым «қазақта бұл өнер болмаған дегенді биді білмейтін сауатсыздар айтады» десе, бұған кереғар пікірдегі топ «Ата-бабамыздың би билеп жүргені жөнінде айтылатын дерек жоққа тән. Сондықтан бұған намыстанудың қажеті жоқ және оның болу-болмауы да айнымайтын заңдылық емес. Мәселе – оның одан кейінгі дамуы мен заманға лайық үлгіге ене білуінде, өзіндік бет-бейнесін қалыптастыра алуында» дейді. «Би өнерінің падишасы» атанған Шара Жиенқұлованың бұл саланы дәуірлетіп, үлкен өнер тұғырына көтеруі де бертінде ғана екенін ескерсек, қазақ биінің әлі де болса үлкен ізденісті қажет ететінін сезінесіз.
Қазіргі қазақтың ұлттық би өнері шығыс билері мен әлем билерінің көлеңкесінде қалып бара жатқаны да жасырын емес. Сән-салтанаты келіскен кештер мен кездесулерде, жиын-тойларда қазақтың ұлттық билерінен гөрі шығыстық стильдегі билер өздерінің өтімдірек екендігін дәлелдеуде. Мемлекеттік биліктегі мәртебелі қонақты қарсы алу салтанатының шымылдығы өзбек билерімен ашылғанын көріп, талай мәрте қапа болғанымыз да жасырын емес. Мұндай мысалдардың барлығы ұлттық би өнерінің жаңа қарқынмен дамуы керек екендігін көрсетіп отыр. Мұндай мысалдардың барлығы «Қазақта би болған ба, болмаған ба?» деген сауалдармен сансырағаннан гөрі ұлттық би өнерін заманға сай түрлендіру керек екендігін айқындады. Қазір бәріміз «Қаражорғашыл» болып алдық. Тіпті кейбір мектептер «Қаражорғаны» күнделікті жаттығу орнына қолдану арқылы балалардың патриоттық сезімін оятамыз» десіп жүр. Рас, «Қаражорғаның» ұлттық би өнеріне өзіндік серпіліспен қосылғаны белгілі. Бірақ бір ғана «Қаражорға» қазақтың бүкіл би өнеріне қалай көшбасшы болсын?
Мұхтар Әуезовтің «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн» деген алаңының өзектілігі бүгін күн тәртібіндегі мәселеге шығуы тиіс секілді. Әнші, күйшіні санамалай жөнелетін көпшілік қазір қазақтың би өнеріндегі жұлдыздары деп Шара Жиенқұловадан басқа ешкімді атай да алмайды. Бұл – Шарадан кейін биші болған жоқ, бізде кәсіби бишілер жоқ деген сөз емес. Бұл – би өнерін мемлекеттік дәрежеде дамытудың жолдарын қарастыру, бишілердің беделін, мәртебесін көтеретін іс-шараларды қолға алу керектігін сезіну ғана. Бізде ұлттық билерден гөрі классикалық би өнері жақсы дамыды. Балет өнеріндегі бишілер әлем сахналарына шығып, қазақтың би өнеріндегі қабілетін таныту арқылы әлем жұртын таңғалдырды.
Демек, қазақ қандай биге болса да қабілетті. Би өнерінде әлем халқын мойындатарлық қауқары бар. Қазіргі таңда республиканың әр аумағында жекеменшік би мектептері, би студиялары мен үйірмелері бар. Бірақ ұлттық қолтаңбасы болмай, төл өнерімізді дамытпай, біз шығыс биі, испан билерімен алға оза алмаймыз. Шығыс биімен өзбекті, ұйғырды, түрікмен мен тәжікті, батыс билерімен испандықтарды таңғалдыра алмайтынымыз анық. Ендеше, ұлттық би үлкен қамқорлықты қажет етеді.
Өнертанушылар мен тиісті билік өкілдері би туралы баяндамаларында қазақ биінің бірнеше дәуiрдi бастан кешкенін, қазақ би өнерiнiң түп-тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алатынын мақтаныш қылумен жүр. Біз қазір баяғыдағы билердің ұлттық ойындар мен салт-жораларда сақталғанын, тарихи және этнографиялық деректерде қалыптасу негіздері барлығын, жиын-тойларда жұрт көңілін көтеретін күлдіргіш-қуақылардың өнерлерінде би қимылдары мол қолданылғанын, қазақ биі көшпелі малшының тұрмыс-тіршілігін, табиғат көріністерін ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнелегенін өнертанушылардың айтуымен ғана білеміз. «Қазақ батырлары жауды ойсырата жеңіп, елге таяп қалғанда анадай жерден аттарынан түсіп, ауылға қарай «Бүркіт» биін билеп келетін болған» дейді тағы бір тарихи жазбалар. Ендеше, бізге ежелгі билердің канондық түрлері неге жетпей қалды? Мұның бәрі ұлттық би өнерінің тарихын қайта зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі би өнерінде Шара Жиенқұлова, Дәурен Әбiров, Зауыр Райбаев, Гүлжан Талпақовалардың ізін жалғастыратын жаңа, жас буынның қалыптасуы керектігі де маңызды.
Қадырқұл Андосов, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы хореография факультетінің профессоры:
– Бізде ұлттық би дамыған. Оны «дамымай жатыр» деп білмейтін адамдар айтады. Біздің би өнеріміз ешкімнен кем емес. Ал енді сол бишілердің әлеуметтік жағы жайлы айтылса, онда ол мәселе – ойланарлық нәрсе. Бишілер зейнеткерлік жасын қысқарту мәселесін айта-айта әбден шаршады. Бұрын бишілер 38 жасында зейнетке шығатын болса, қазір олар 58 жасын күтумен жүр. Яғни оларға осы жасқа жеткенге дейін сахнада билеуге тура келеді. Ал кәрі адамның сахнада билеп жүргенін елестетіп көріңіз. Осыдан соң қазақ биіне қалай жаңа леп қосылсын? Рас, көбі ұстаздыққа кетеді. Бірақ бәленбай бишінің бәрін қай оқу орны ұстаз ғып ала берсін? Қазір балалардың биге деген ынтасы өте тамаша. Тек соларды дұрыс бағыттап, ұлттық биге дұрыстап баулу керек.
Әшірбек Сығай, театр сыншысы:
– Би де театр өнері секілді бірде дамиды, бірде құлдырайды. Ол – кез келген жанрға тән құбылыс. Сол тұрғыдан қарасақ, би өнеріндегі тәжірибелі мамандар бүгін азайды, кейбіреуі кетіп қалды. Болат Аюхановтың өзі алқынып отыр. Жастар әлі кәсібилікке жете алмай жатыр. Бар бидің өзінде ұқсас қимылдар, сол баяғы ұршық иіру, киіз басу, белгілі болған, баяғыдан сарытап болған сюжеттерден шыға алмай келе жатқаны рас. Ұлттық биде кенжелеп келе жатқанымызды мойындауымыз керек. Ал классикалық биден Қазақстан алдыңғы қатарлардың бірінде. Ұлттық биден Шара жеткен биіктен айырылып қалғанымыздың өзі жасырын емес. «Әлеуметтік жағдай нашар» дейді бишілер. Әлеуметтік жағдай қазір театрда да жетісіп тұрған жоқ. «Талант тас жарады». Бойға біткен дарын ештеңеге қарамайды. Ол тек қабілеттің, ұмтылыстың жоқтығынан деп қана қараймын мен. Әйтпесе бізде музыка деген жетеді. Ең бастысы, бидің, бишінің, биді қоятын маманның жоқтығында. Мен ұлттық бидің кенжелеп келе жатқанын мамандардың жетіспеуінен дер едім.