Ұлттық біліктілік жүйесі – ұтымды жоба
Соңғы жылдардың бедерінде еліміздің білім беру саласы орасан өзгерістерге ұшырап отырғаны белгілі. Мамандарды дайындаудың көпдеңгейлі қалыбы мен тәуелсіз бағалаудың сапалы үрдістері тың түсініктер мен ұғымдарға жаңарып, түбегейлі серпін алып жатыр десек артық айтқандығымыз болмас. Еліміздің тағдыр талайы да білім берудің қарқынды өзгерістерімен ғана жарқын болмағы айдан анық. Елбасының білім қоғамын қалыптастыру арқылы адам капиталын құндыландырудың маңызын мағлұмдап-мәністеуі текке емес. Дөңгеленген дүниенің түкпір-түкпірі еліміздің білім беру саласына қызыға-қызғана қарап, озық тәжірибесінен тағылым алуға бекінгендер де бар. Әлемнің озық жоғары оқу орындары өзіміздің отандық жоғары оқу орындарымен байланысын бұрынғыдан да жандандырып, қоян-қолтық жұмыс істеуге бейімді болып отыр.
Осыған байланысты мемлекетіміздің білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың 2012 жылдың 30 қазандағы Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде «Мамандар біліктілігін растау мен білім берудің тәуелсіз жүйесін құру туралы» тереңнен толғаған баяндамасында ұлттық біліктілікті арттыруды талқылап-саралауға, қолдап-бағалауға шақырды. Бұл да болса Елбасының тікелей тапсырмасы болып табылатын бастаманың біздегі білім жүйесі мен бизнес арасындағы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі қарым-қатынасты түп-тамырымен өзгертуге бағытталған бағдарлы байлам-ұсыныстарының жүйелі өзегі болды.
Әлемдік тәжірибеден танығанымыз, мамандар біліктілігін арттыратын мұндай жүйелі тәсілдерді мемлекет деңгейінде қолдану үдерісі ХХ ғасырдың соңында ғана қолға алынды. Мәселен, кейбір әлем елдері біліктілікті растаудың жалпыұлттық біліктілікті арттырудың жүйелерін жасап бақты. Тәуелсіз кәсіби тестілеудің керемет үлгісін көрсеткен әлгі елдердің бүгінгі ішкі жалпы өнімін 100 есеге дейін өсіріп, техногенді дамыған державалардың қатарынан өз орнын тапты. Біліктілікті арттырудың еуропалық тәсілі мейлінше тиімдірек көрінеді деп ойлаймыз. Біліктілікке қойылатын жалпыұлттық талаптарды жинақтаған бұл мемлекеттерде ел үшін басым кәсіптер басты назарға ілігіп, мамандарды сұрыптаудың тәуелсіз жүйесі құрылды. Осындай толыққанды талдау-таразылаудың нәтижесінде Қазақстанның Ұлттық біліктілік жүйесін құру жобасы батыл түрде қолға алынып, жоғарыда айтылған еуропалық үлгімен толық үйлесетін сегіз деңгейлі Ұлттық біліктілік шеңбері бекітілуі керектігі айқындалды. Осының негізінде салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарды әзірлеу қазірдің өзінде басталып кеткендігі жария етілді. Расында да, әртүрлі сала бойынша 118 кәсіби стандарт жасауды қолға алып, Еңбек кодексіне, «Білім туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңдарына қажетті өзгерістер енгізіп, елімізде сертификаттау саласындағы негізгі заңнамалық база толық қалыптасты деп айтуға болады.
Уақыт ілгері озған сайын еліміздің білім қоғамын бәсекеге қабілетті немесе заманауи жаңа сапалы мамандармен қамтамасыз ету маңызды болмақ. Бұл мамандардың хал-қадерінше қаруланып, біліктілік деңгейінің ұдайы әрі серпінді адым басуына мүмкіндік береді. Түптеп келгенде мамандарды сертификаттаудың жаңа жүйелі механизмін пысықтау арқылы біз, білім саласының мамандары, біліктілікті растауға бар бейілімізбен қызу қолдап, мүддеміздің де мейлінше тұтасып, аталған жобаның кеңейіп-дамуына сеніміміз кәміл. Осынау аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның бәсекелік әлеуетін арттырып, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуына, әлемдегі технологиясы дамыған елдер қатарына қосылуына мүмкіндік беретініне үмітіміз мол.
Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымының докторы, профессор