Ұлттық консерватория орыс жұртын тәнті етпек
Әйгілі Камиль Сен-Санстың симфониясы, Иоганнес Брамстың фортепиано мен оркестрге арналған концерті, Сергей Рахманиновтің «Паганини тақырыбындағы рапсодиясы», Ақтоты Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасы, оркестрлер айтысы және «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнері. Жуырда Қарағанды және Павлодар қалаларында өнер көрсеткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы студенттерінің симфониялық оркестрі осындай бағдарламамен енді Санкт-Петербург пен Мәскеуге сапар шегеді. Ұжым Алматыда симфониялық музыка кешін жолаяқ ретінде өткізді.
Консерваторияның Үлкен залы көрерменге лық толды. Симфониялық оркестр кешті Брамстың фортепиано мен оркестрге арналған №1 концертімен бастады. Фортепианода – Қазақстанның Халық әртісі, консерватория ректоры Жәния Әубәкірова. Дирижер – Қанат Омаров. Брамс шығармалары қашанда әлдебір тылсым дүниесімен ерекше әрі өте күрделі. Музыкатанушылар Брамстың әуен тіліне, техникасына, дыбыстардың үйлесіміне өзгерістер енгізіп, тәжірибе жасағанын жақсы біледі. Мұны түсіндіру қиын, дегенмен музыкадағы айрықша драматургияны, жан дүниенің әр алуан күйіне бөлейтін ырғақтарды қарапайым тыңдарманның өзі анық аңғарады. Кеш бағдарламасындағы тағы бір күрделі туынды – композитор, пианист Ақтоты Райымқұлованың «Дала сыры» симфониялық поэмасы. Мұнда орган, скрипка, флейта, симфониялық оркестрдің басқа да аспаптарының үні домбыра, дауылпаз, жетіген, қобыз, сыбызғымен жарасым табады. Қазақ даласының қатпарлы тарихын, ерлік пен өрлік, сабыр мен даналық философиясын елестететін күйді орындауда симфониялық оркестр «Тұран» ансамблін сүйемелдейді. Екі түрлі ұжымның, екі түрлі бағыттың синтезі керемет әсерге бөлейді. Бұдан соң К.Сен-Санстың №3 cимфониясы орындалды. Консерваторияның симфониялық оркестрі қарашаның 10-ында Санкт-Петербургте әйгілі Мариин театрының Концерттік залында, қарашаның 13-інде Мәскеуде П.И.Чайковский атындағы консерваторияның Үлкен залында өнер көрсетеді. Жәния Әубәкірованың айтуынша, оркестр екі қалаға екі түрлі бағдарлама апарады. Мариин театрында концерт беруге ұжымды әлемге әйгілі дирижер, Лондон симфониялық оркестрінің бас дирижері, Мариин театрының көркемдік жетекшісі, Ресей мен Украинаның халық әртісі Валерий Гергиевтің өзі арнайы шақырған. Санкт-Петербургте, негізінен, алматылық көрермендерге ұсынылған бағдарлама орындалса, Мәскеуде солист Сергей Киммен бірге С.Рахманиновтің «Паганини тақырыбындағы рапсодиясы» орындалады, консерватория дәстүрге енгізген әлемдік жаңалық – халық аспаптары оркестрі мен симфониялық оркестрдің айтысы ұсынылады. «Бұл гастрольдық сапарға студенттер бас алмай дайындалды. Маған «Жәния Яхияқызы, шығармалар өте ауыр, қысқартайықшы» деген ұсыныстар айтылды. Бірақ мен «жоқ, біз бұл шығармаларды түгел меңгеруіміз керек» деп табандылық таныттым. Студенттердің бір минут та бос отыруға мүмкіндігі болмады», – дейді Ж.Әубәкірова. Симфониялық оркестр құрамында консерваторияның бірінші курсында оқитын студент көп. Оркестр құрамын жыл сайын 25%-ға жаңғыртып отыратын ұжым басшылығы әр оқу жылының басында оларды мұқият дайындайды. Биылғы гастрольдық сапарға таңдалған шығармалардың бәрінің өте жоғары деңгейде екенін ескерсек, оркестрдің, шынымен де, асқан кәсібилік танытқанын байқауға болады.
Жәния Әубәкірова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР Халық әртісі:
– Бұл бағдарлама біздің студенттер үшін өте маңызды әрі қиын да қызықты болып есептеледі. Мен бірге өнер көрсететін балаларыммен мақтанамын. Жыл сайын шетелдерде концерт беріп келеміз. Студенттер алдағы жауапты концерттерге де сақадай-сай. Өзге мемлекеттерде біздің балаларымызға «бұлар нағыз кемеліне келген кәсіби музыканттар сияқты ойнайды екен» деп таңданып жатады. Жастарымыздың өнермен шұғылдануына, дүниежүзінде өнер көрсетуіне мүмкіншілік жасап жатқан мемлекетімізге, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры сияқты демеушімізге шексіз ризашылық білдіреміз. Студенттеріміз әлемнің ең керемет жерлерінде өнер көрсетіп, түрлі тың тәжірибелерге барып жүр. Мен әдетте оркестрді көп мақтамаймын, өйткені олардың алдында жауапкершілігі үлкен талай гастрольдар бар. Концерттер өткізу маңызды емес, ең бастысы, жыл бойы бас алмай жұмыс істегенін қалаймын. Олардың әрбір жұмысы өте салмақты, сапалы болуы керек.
Сұлужан Елубаева, флейташы, консерваторияның 1-курс студенті:
– Дайындығымыз өте керемет. Бұрын мұндай күрделі бағдарлама орындаған емеспіз. Әсіресе Ақтоты Райымқұлованың жаңа шығармасын тұңғыш рет орындайтындықтан көп дайындалдық. Бұл – өте күрделі шығарма. Ресейде бізді үлкен қошеметпен қабылдайды деп ойлаймын.
Нина Маньшина, консерваторияның 4-курс студенті:
– Ресейде өте салмақты шығармалардан тұратын бағдарлама ұсынамыз. Сондықтан арқаны кеңге салмай, асқан жауапкершілік танытып жатырмыз. Мәскеу тыңдармандарын таңғалдырғымыз келеді. Онда халық оркестрі мен симфониялық оркестр болып айтысамыз. Мұндай айтыс Ресейде бұрын-соңды болған емес. Жұртты таң-тамаша қалдыратынымызға сенімдімін.