Ұлттық өнерге негізделген заманауи музыка келешек үшін қажет
The Spirit of Tengri фестивалі оған қатысқан заманауи этникалық музыка өкілдеріне шығармашылық серпіліс сыйлаған. Әсіресе қазақстандық музыканттардың рухани әсері тарқамай жатыр. Олардың бірқатары этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалінің мәңгі жасауы үшін оған мемлекеттен қолдау көрсетілуін қалайды.
Фестивальден айрықша шабыттанғандардың бірі – «Роксонаки» тобының негізін қалаушы Руслан Қара. «Азия дауысы» халықаралық фестивалінің тұңғыш сыйлығының иегеріне сол кезең қайтып келгендей әсер қалдырды. «Халық фестивальдің басынан-ақ көп жиналып, төрт сағат бойы тапжылмай тыңдап, қошемет білдіріп отырды. Мен соған қуандым. Жас та, кәрі де болды. Демек, этникалық музыка фестивалі халыққа қажет деген сөз. Ал бұл коммерциялық жоба болмағандықтан, келешекте ол қаржылай қолдауды қажет етеді. Сондықтан халықтық музыка негізіндегі қазіргі заманғы өнер фестиваліне мемлекет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау білдірсе екен деймін. Өйткені бізде жақсы бастамалар пайда болады да, кейін қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалып жатады. Қазіргі жағдайда түркі халықтары әуендері негізінде дамыған қазіргі заманғы музыка фестивалінің Қазақстанда қайта пайда болғаны қуантады. Жастар өздерінің арғы тамырын, көне мәдениетін білуі тиіс. Фестивальге Сайнхо Намчылак сияқты әлемдік есімнің келгені оның маңызын арттырғандай. Өйткені ол – этникалық музыканың әжесі атанған адам», – дейді Р.Қара.
Қорлан, жетігенші, әнші:
– Қазақтың ұлттық музыкасын заманауи әуендермен үйлестіру мен үшін қызық әрі тұңғыш тәжірибе болды. Сол себепті The Spirit of Tengri фестиваліне қатысуға қуана-қуана келісім бердім. Бұрын дәстүрлі музыканы орындайтынмын. Енді тұңғыш рет жетіген үнін электронды музыкамен сабақтастырдым. Алғашқыда дәстүрлі әуенді рокпен қалай байланыстырамын деп қорықтым. Бірақ кейін жетігенмен рок стиліндегі «Нөсер» деп аталатын композиция жазып, бұл екі музыканың ұштасатынына көзім жетті. Келешекте рок, джаз стилінде де әндер жазылады деп ойлаймын. Фестивальде әлемге әйгілі көптеген орындаушымен таныстым. Соның ішінде, ятагашы Намгармен тәжірибе алмастым. Ол жетігенде ойнап көрді, мен оның ятагасын шертіп көрдім. Басқа да музыканттар жетіген аспабына қызығушылық танытып, шығармашылық байланыс орнату туралы ұсыныс айтып жатты. Фестиваль жыл сайын өтіп тұрса екен деймін, өйткені біз сол арқылы жастарға ұлттық музыканы дәріптейміз.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі әрі продюсері:
– The Spirit of Tengri – өте бірегей бастама, түркі-моңғол музыкасына акцент жасаған тұңғыш жоба деп есептеймін. Алматыда бас қосқан орындаушылар заманауи бағыттар бойынша жұмыс істеп жүргенімен, олардың әрқайсысының музыкасында өзіндік болмыс бар. Мұндай музыка өлмейді, өйткені оның негізі – ұлттық ерекшелік пен фольклор. Сол себепті этникалық музыка ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Осы жағынан The Spirit of Tengri – ұтылмайтын жоба. Қонақжай халық өкілі ретінде мен қатысқан шетелдік музыканттардың өнеріне ризамын. Бірақ өзіміздің музыкалық аспаптар мен қазақтардың орындау шеберлігі өзгелерден асып тұрған сияқты. Ал көмей әніне келгенде, Алтай, Сібір халықтары, әрине, мықты. «Алдаспан» тобы электр домбыраның бар мүмкіндігін көрсете алмады, айталық, треш-металл мен шертпе күйлерді орындауға уақыт тығыз болды. Соған қарамастан, электр домбыра үні фестивальге өзінше әр берді.
Мақсат Хасанов, «Алдаспан» этно-рок тобының соло домбырашысы:
– Домбыраның электр нұсқасын алғаш көрген адам «бұл дұрыс емес» деп жатырқап жатады. Дегенмен біздің домбыра өзінің түпнұсқасын 70-90%-ға сақтаған аспап. Кезінде әр аймақтың өз домбырасы, әрқайсысының өзіндік ерекше үні болған. Кейін Ахмет Жұбанов домбыраның стандартын енгізді. Кәдімгі домбыра музыка тілінде акустикалық домбыра делінеді, гитара да солай, оның акустикалық түрі де, электр түрі де бар. Міне, біздің домбыра да – сол электрлі аспап. Жергілікті аудитория көп ұнатпағанымен, шетелдіктер бұған қызығушылық танытып жатыр. Сол арқылы олардың ұлттық музыкамызға деген сүйіспеншілігі оянып жататынын байқаймыз. Маған фестивальге қатысушылардың барлығы тегіс ұнады. Әр елден келген музыканттар өз халқының ұлттық өнерін барынша көрсете білді, өз ұлттық музыкасын әлемдік музыканың түрлі жанрларында таныта білді, сонысымен қатты ұнады. Башқұртстандық «Арғымақ» тобының өнеріне тәнті болдық. Өйткені бұл топ әлемнің түрлі халқының музыкалық аспабын қолданады, тіпті африкалық халықтардың аспабы да болды. Олардың әлемнің халықтық музыкалық аспаптары мен өздерінің ұлттық әуендерін байланыстырып, тың дүниелер жасауы күллі адамзат үшін музыканың ортақ екенін көрсетеді. Тағы бір айтқым келетіні, бұл фестиваль түркі халықтарын біріктіре түседі. Түркі халықтары музыкасының тарихы тереңде, философиясы да тереңде. Түбі бір халықтар бірігіп, осы музыкалық мұраны әлемге паш етуіміз қажет, біз де осы мақсатта аянбай еңбек етуге тырысамыз.
Шамшаддин Омаров, «Алдаспан» этно-рок тобының бас домбырашысы әрі вокалисі:
– The Spirit of Tengri-де қырғыз әншісі Гүлзадамен бірге және өзіміз бөлек өнер көрсеттік. Гүлзадаға біздің аспабымыздың сүйемелдеуі қатты ұнады. Мүмкін, фестивальге дейін оның ұлттық аспаптардың электронды нұсқасына деген көзқарасы басқа болған шығар. Дегенмен алғашқы дайындықтан кейін керемет әсер алғанын айтты. Гала-концертте түрлі музыканттардың өз ұлттық аспаптарында ойнау шеберлігіне риза болдым. Соларға қарап отырып, рухани әсермен бірге өзімізге де қажет тың кәсіби тәжірибелер, идеялар алдық. Болашақта біз де өнерімізді жаңа межелер бойынша жетілдіре түсеміз деген ойдамыз.
Бақытжан Желдербаев, «Алдаспан» тобының ритм домбырашысы:
– Электр домбыраның сырына басқа түгіл, біздің өзіміз күн сайын қанығып отырамыз. Оның көп мүмкіндігі әлі де ашыла түседі деп ойлаймыз. Күнбе-күнгі дайындық үстінде «мынадай дүние жасауға болады екен, мына шығарманы бұлайша туғызуға болады екен» деп жаңа қырынан танып жатамыз. The Spirit of Tengri-де осы кезге дейін жасалған дүниелерден ұлттық ерекшелігімізді танытады-ау деген бағдарламаны іріктеп алып ұсындық. Фестивальде мені ұлттық аспаптардан гөрі Сайнхоның вокалы қатты таңғалдырды. Ғалымдардың айтуынша, әлемдегі ең бірегей музыкалық аспап – вокал. Сайнхо өз дауысымен тамаша дүниелер туғыза алатын музыкант екен. Мен соған көз жеткіздім.
Қазақстанда өткен халықаралық фестивальден оған қатысушы шетелдік музыканттар да өзінше рухани ләззат алған. Бізге Сайнхо Намчылак, Болот Байрышев, Намгар Лхарасанова, Диксон Ди, Гүлзада және басқа да қатысушылардың лебіздері ғаламтормен жетті.
Намгар Лхарасанова, бурятиялық «Намгар» тобының солисі, ятагашы:
– Фестивальден алған әсерім ерекше, жаңа достарым мен теңдесі жоқ музыка үшін қуаныштымын. Қазақстан жайлы ең керемет естеліктер айтатын болдым. Жергілікті жұртшылықтың көңілінен шықтық деп ойлаймын. Фестивальге тұрақты қолдау тілеймін! Ұйымдастырушыларға шексіз алғыс айтамын, бұл көңілді команданың тапқырлығына, белсенділігіне тәнтімін. Бәрі тамаша болды.
Сайнхо Намчылак, тувалық музыкант, әнші, композитор:
– Ұйымдастырушылар мені энтузиазмімен, бірлігімен таңғалдырды. Оларға келешекте барлық ниетінің орындалуын тілеймін! The Spirit of Tengri-ге қатысқан музыкант достарыма жалынды сәлем, оларға басым жерге жеткенше иіліп, тағзым етемін.
Еске сала кетейік, қазіргі заманғы этникалық музыканың халықаралық фестивалі – The Spirit of Tengri маусымның 8-і күні Алматыда өткен болатын. Оған бурятиялық «Намгар», башқұртстандық «Арғымақ» топтары, сахалық шаңқобызшы Юлияна, таулышориялық әнші Чылтыс Таңнағашева, қырғызстандық этно-рок әнші Гүлзада, алтайлық жыршы, мультиинструменталист Болот Байрышев, тувалық импровизатор әнші Сайнхо Намчылак және қазақстандық «Алдаспан», «Роксонаки», Hapanasasa топтары мен Қорлан, Найя сияқты орындаушылар қатысқан болатын. The Spirit of Tengri – Tengri FM ұлттық радиостансысы мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы.