Ұлттық ұғымдар архаизмге айналып барады
«Заманына қарай – адамы» деген әсте рас. Қарап тұрсаңыз, қазiргi балалар керемет алғыр. Ғылым-бiлiмдi, жаңа технологияларды игеруге келгенде алдарына жан салмайды. Әлiптi таяқ деп бiлмейтiн балаң шәкiрттiң өзi информатика пәнiн әлiппемен қатар алып кете бередi. Өйткенi уақыт талабы сондай. Тiршiлiк атаулыны бiр тарының қауызына сыйдырардай болып, бүкiл әлемнiң апшысын қуырып келе жатқан бәсеке жалыны ешкiмдi шарпымай қалған жоқ. Негiзi, бұл заңды да. Әрине, жаңалық атаулыға ұмтылған жақсы. Дегенмен «жаңарамыз», «жаңғырамыз» деп жүрiп, өз тамырымыздан алыстап бара жатқанымыз тағы рас...
Балаларын қазақ мектептерiне берген бiрқатар ата-аналардың: «Баламның қабылдауы қиын болып жүр, көп сөздердiң мағынасын түсiнбейдi, ненi болсын, әуелi орысша ойлап барып, қазақша қорытады» деген сияқты әңгiмелерiн бұрын да естiгенiммен, онша мән бермейтiн едiм. Осының жаны бар сөз екенiн бiрiншi сыныпта оқитын ұлыма қарап түсiнгендей болдым. Сауатын ендi-ендi ашып жүрген баланың өзiне белгiлi, таныс нәрселердi тез қабылдайтыны, ал керiсiнше, бейтаныс ұғымдарға келгенде тосылып қалатыны бар. Әлiппесiндегi сөздердi ежiктеп отырып, ол бiрде: «мәсi» деген сөздi оқыды. Мағынасын түсiнбегендiктен де, әуелде «қате оқыдым» деп ойлап, кiтапқа әбден шұқшиды. Ұлымның ондай «қателерiнiң» қатары бiрте-бiрте: «кебеже», «кебiс», «мес», «торсық», «жебе», «дулыға», «адырна», «сәукеле», «сырық», «iшiк», «шапан» секiлдi басқа да «беймәлiм» ұғымдармен толыға түстi. Әрине, оның не нәрсе екенiн жаныңды сала түсiндiруге тырысасың. Бiрақ бәрiбiр баланың қабылдауы қиын. Себебi ол – қолданыста жоқ ұғым. Компьютер, ұялы телефон, сандық фотоаппарат, видеокамера сияқты көз алдында тұрған жоқ. Күнделiктi тұрмыста пайдаланылмайды, сөз арасында ауызға алынбайды. Қысқасы, архаизм... Ең өкiнiштiсi, жекелеген сөздер ғана емес, сан алуан ұғымдар, тiптi тұтас бiр ұлттық дүниетаным архаизмге айналып бара жатыр. Қазақ неге жетi атаны бiлуге ерекше мән бердi? Төрт түлiкке қатысты қандай ұғымдары болды? Уақытқа, қашықтыққа байланысты нендей өлшем бiрлiктерiн қолданды? Ұрпақ тәрбиесiнде қандай қағиданы ұстанды? Жалпы, қазақ қазақ болғалы немен тыныстап келе жатыр, ұлттық болмысының түпқазығы қайда?..
Бiздегi бiлiм беру жүйесiнiң бүгiнгi ұстанымына жүгiнсек, мұның бәрiн бiлген, әрине, артық емес, бiрақ бiлмесең, ол да күнәға жатпайды... Шындығында, дүниенi тану адамның өзiн-өзi тануынан басталмаушы ма едi? Ал өзiңдi тану ең әуелi: «Мен кiммiн? Ұлтым кiм? Оның болмысы қандай? Ол мына дүниенi қалай қабылдаған? Қалай түсiнген?» деген сұрақтарға жауап iздеуден басталса керек. Былай қарасаң, дүниетану пәнi бiрiншi сыныпта Әлiппемен қатар-ақ жүре бастайды. Алайда «Өлi табиғат деген не? Тiрi табиғат деген не? Адам табиғатты қалай танып бiледi?» деген сауалдармен басталған аталмыш оқулық, ары қарай «Өсiмдiктер әлемi», «Жануарлар әлемi». «Бунақденелiлер. Қосмекендiлер мен жорғалаушылар» болып жалғасады да, солардың көбею жолдарын, тiршiлiктерiн кеңiнен сипаттап кете бередi. Өлi табиғат пен тiрi табиғаттың сырына үңiлмек түгiл, өзiнiң кiм екенiн әлi танып үлгермеген балаға осы керек пе? Яғни қоршаған орта туралы түсiнiк қалыптастырудың өзi – сатылап, мезгiлiмен келетiн нәрсе.
Заман күн сайын түлеп, түрленiп жатқан бүгiнгiдей уақытта онсыз да тасада қалуға таяу ұлттық дүниетанымды ұрпақ бойына сiңiруге барынша тырысқан абзал. Әрине, кешегi өмiр үрдiсiн бүгiнге көшiрiп әкеле алмаймыз. Дегенмен ұғым қалайда жойылмауы тиiс. Оның жолы – мектеп бағдарламасындағы дүниетану пәнiн тiкелей ұлттық дүниетаныммен үйлестiрiп, қайта жазу, сөйтiп, баланың қол үзiп қалған қайнарынан сусындауына жол ашу. Рас, «бiлiм стандарты» деген бар. Бiрақ қанша «стандарт» дегенмен де, оны бiзге Құдай жасап берген жоқ қой, адам жасады. Демек, өзгертуге болады. Тек ықылас болса және қажеттiлiктi сезiнсек.
Шын мәнiсiнде, ұлттық дүниетаным тұрғысынан алғанда, бүгiнде ұмытылуға айналмаған ұғым аз. Ұлттық киiм, ұлттық ойын, ұлттық тағам, ұлттық дәстүр атаулының сан алуан түрлерi, атаулары Наурыз мерекесiнде ғана ойға оралады. Ал басқа кезде қазақ өзiнiң «қазақ» екенiн ұмытып та кетедi. Өкiнiштi...