Ұлтының рухын ұлықтап өткен...
...Осыдан он жыл бұрын дүниеден өткен Алма апай өлімге қимастай аяулы жан еді. Тіл мен әдебиет саласына маманданушы әрбір шәкіртін өзіне ғана тән мейірбан мінезімен баурап, телегей теңіздей терең білімімен тәнті еткен ұлағатты ұстаз, ойшыл ғалым Алма Қыраубаеваның өмірдерегіне ден қоя отырып, оның шыққан тегі, өскен ортасы да ерекше ғибратты екенін аңғарасыз.
Ғалымның әкесі Мүтәліп Қыраубайұлы бойына ақындық пен палуандық қатар біткен дарынды адам екен. Кез келген қисса-жырларды бір рет оқып шығып, домбыраға салып қайталағаннан кейін кітапты жауып қойып, жатқа айта беретін оның есте сақтау қабілетінің кереметтігіне жұрт таңдай қаға тамсанатын болған. Ол сондай-ақ өз жанынан да терме, жыр, өлең шығарған. Жыр тыңдау, оны домбыраға салып айту, талдау, тарихтан сыр тартып, тағылымды әңгіме қозғау дәстүрге айналған осындай өнегелі отбасында өсіп-жетілген Алма Мүтәліпқызының әдебиетке құмарлығы бала күнінен басталған.
Кішкентай күнінде қолдан қуыршақ жасап, оны бесікке жатқызып, тербетіп ойнап отыратын бүлдіршін қыздан әкесі «бұлар кімдер» деп сұраса, ол: «Бұлар – менің інілерім: біреуі – Асылбек, екіншісі – Жақыпбек», – дейтін көрінеді. Сөйтіп, Алманың айтқаны айнымай келіп, бес жылдан кейін – Асылбек, тоғыз жылдан соң Жақыпбек атты інілері дүниеге келеді. Осы жайтты елжірей есіне алған інісі Асылбек: «Алманың бойына біткен ерекше қасиетінің бастамасы, бәлкім, осы шығар», – дейді. «Өскенде кім боласың» деген үлкендердің сұрағына Алма сол кездің өзінде-ақ: «Ғалым боламын! Алматыға барамын», – деп айтып жүреді екен. Қашан інілері туылғанша: «Ер-азаматпын! Әкемнің көмекшісімін!» – деп, шөп орса, шөп орысып, мал жайғаса, мал жайғасып, жанынан қалмайды. Жұмыстан қолы қалт етсе, етбетінен жатып алып, бас көтермей кітап оқитын болған. Онда да тек әдеби шығармаларға ғана емес, әртүрлі тақырыптағы кітаптарға үлкен зейін қойған, барлық пән сабақтарына тыңғылықты дайындалып отырған. Үздік оқушы ретінде сол кездің балалары үшін үлкен арман болған «Артекке» барған. Ізденімпаздығы, алғырлығы арқасында мектепті алтын медальмен бітіріп, бірден қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне түсті. Кейіннен өзі оқып шыққан осы білім ордасына қызметке қабылданды. Алма Қыраубайқызының одан кейінгі өмірі, ұстаздық, ғалымдық бітім-болмысы сыйлас дос-жаранының, әріптес аға-іні, құрбы-құрдастарының көз алдында өтті.
Тумысынан еңбекқор, принципшіл, дарынды ғалым бірнеше бағытта аянбай жұмыс істеді. Біріншіден, орта ғасыр әдебиетін, шығыстық қисса-дастандарды зерттеп, ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың жолын жалғастырды. Екіншіден, түркология бағытында зерттеу жүргізіп, үш-төрт кітабын шығарды. Үшіншіден, өмірінің соңғы жылдарында негізінен педагогикалық жұмысқа көбірек ден қойды. Жастарды тәрбиелеу, ұлттық сезім, бала тәрбиесі жөнінде жазды. «Сана» атты бағдарлама жасап, «Жаным садаға» деген кітабын шығарды. 1993 жылы Алматы облысындағы Жандосов ауылында ұлттық мектеп ашты. Қас-қағым сәттік ғұмырында өз ұлтына, халқына шексіз қызмет еткен Алма Мүтәліпқызы, інісі Асылбектің сөзімен айтсақ: «Қазақтың сөзін сөйлейтін 100 бала оқытсам, олар ұлтжанды 100 азамат болып өспей ме?! Шіркін-ай, 100 балама 10 сыныпты бітіртіп, институтқа түсірсем! Солардың ең болмаса 10-ы ғылым жолына түссе, 10-ы министрлікте қызмет істесе, мынау жан-жақтан жебір болып жалмағандарға тоқтау болар еді ғой! 10 бала тарихымызды зерттесе, 10-ы соны халыққа таратса, 100-дің ішінен тым құрығанда 20 бала өзіне шәкірт тәрбиелесе, сөйте-сөйте халқымыздың ерекшелігін сақтап қалар едік...» деп армандаған екен. Өкінішке қарай, қаржылық қиындықтардың салдарынан мектептің ғұмыры ұзаққа бармады. «Үлкен арманым – ұлттық болмысымызды сақтап қалуға өз үлесімді қосып үлгерсем...» деп өткен Алма апай өзінше үлгерді, бірақ балалары 10 сынып бітіре алмады... Қалай болғанда да, Алма Қыраубайқызының ұлттық санаға сілкініс туғызуға жанын салғаны анық. Қазақтың әдебиеттану ғылымына, педагогика саласына айтарлықтай үлес қосқан сол Алма апай өзінің аналық борышын да адал атқарып кетті. Жамбыл Жабаевтың Сатыш атты баласының ұрпағына тұрмысқа шыққан ол Ұлар, Бұлан, Бағлан есімді алтын асықтай үш ұлды өмірге әкеліп, білім-тәрбие берді, аман-есен өсіріп-жеткізді. Өзі айтпақшы, қайда жүрсе де, анасының рухы жүрек тұсында тұратын Бұланның: «Менің ең бақытты сәттерім – сендерге базардан киім әперу» дейтін еді жарықтық. Соған қарағанда, жаңа киім алғанда біз қатты қуанатын болуымыз керек. Біздің қуанышты жүзіміз ол кісіні шаттыққа бөлейтін», – деп еске алғаны бар. «Кез келген қайғы, қиындық түк емес, бәрін көтеремін, тек баланың қайғысынан сақтасын», – деп тілеген абзал ана, аяулы ұстаз, парасатты ғалым, шынымен де, өзінің өмір жолында кездескен бүкіл қиыншылықты жеңе білді. Ғылымның ізденіске толы бұралаң жолынан өтті, тұрмыстың, өмірлік жардың сергелдеңге салған ауыртпалығын көтеріп, қайыспай, сынбай, еңсесін қайта тіктеді. Соншалықты күш-жігеріне, қайратына қарап, «Ер-азаматпын!» деген сөзді кішкентай күнінде періште аузына салды ма екен деп те ойлайсың. Тағдырдың ісіне не шара?! Тек ажалға ғана қарсы тұра алған жоқ. Небәрі 54 жасында мәңгілік сағынышқа айналып кете барды. Қалай дегенмен де, үлкен жүректі ұстаздың өзіне ғана тән жан жылуы, өмірге ғашық, жақсылыққа іңкәр риясыз көңілі өзін көрген, білген жандардың жадынан ешқашан өшпек емес...