«Ұлы дала ойындары»
Биылғы күзден бастап елімізде «Ұлы дала ойындары» атты телевизиялық жобаның тұсауы кесілмек.
Жоба авторы Жан Темірбековтің айтуынша, ұйымдастырушылар осы шара арқылы ұлттық спорт ойындарын жандандырып және оларға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, отандастарымыздың дағдарысқа лайықты түрде төтеп бере алуына септігін тигізбек ниетте. Аталмыш сайыс ұлттық спорт өнерінің 12 түрін қамтиды. Сонымен бірге, оған ұлтына және жынысына қарамастан, 18 жастан асқан кез келген қазақстандық қатыса алады. Шамамен алғанда, жобаға «Оңтүстік», «Солтүстік», «Батыс», «Шығыс», «Орталық», сонымен бірге, Алматы мен Астананың құрама топтарынан тұратын жеті команда қатысады деп күтілуде. Іріктеу турлары еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырылып, ақтық ойындар Алматыда өтеді.
Жан Темірбеков өз жобасының нағыз халықтық шоуға айналатынына сенімді. Сондай-ақ оның келесі жылы жобаға Түркия, Өзбекстан, Татарстан, Қырғызстан командаларын да тартып, ойынды халықаралық деңгейге көтермек ойы бар.