Ұлы Мұхаңның туғанына – 115 жыл
Филология ғылымының қазақтан шыққан тұңғыш докторы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кемеңгер жазушы, ұлы суреткер, дана ғалым дәрежесіне көтерілуінің сырын әуезовтанушылар оның Абай топырағынан өніп-өсуімен, ұлылық қайнарынан қана сусындап, Абай рухын бала жасынан бойына сіңіріп өскендігімен байланыстырады. Алайда «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп білген ұлы жазушының өмірбаян беттеріне үңіле отырып, оның үздіксіз ізденіс үстінде болғанын аңғарамыз.
Алғашқы баспалдақтар
Бала Мұхтардың Камалиддин хазірет медресесінен басталған шәкірттік жолы бескластық орыс училищесінде, одан әрі Семей қалалық мұғалімдер семинариясында жалғасады. Сол кезеңдегі өте жүйелі білім ордасы болып саналған аталмыш оқу орны қабырғасында жас Мұхтар қоғамдық өмірге араласа бастайды. Алашорда үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымының белсенді мүшесі бола жүріп, Ж.Аймауытовпен бірге «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға атсалысады. Семейде Кеңес өкіметі орнағаннан бастап жергілікті билік орындарында жауапты қызметтер атқарады, «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болады. 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады. 1921 жылдың қараша айында Қазақ АКСР ОАК-тің төралқа мүшелігіне сайланып, онда саяси хатшы міндетін атқарады және кадр мәселесімен айналысады. Іле-шала Мұхтар Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде – бір қыс, Ленинград университетінде төрт жыл оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің шығыс факультеті жанындағы аспирантурада оқиды. Ұлттық теңсіздік пен сауатсыздықты жою, аштықпен күрес жөніндегі батыл пікірлері мен шынайы шығармалары үшін «ұлтшыл, алашордашыл» атанып, саяси сахнадан шеттету басталған тұста Мұхтар Омарханұлы бірыңғай шығармашылыққа көшіп, ғылыми жұмыстарды да қолға ала бастайды. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қилы заман» тәрізді жарыққа шыға салысымен қайта жиналып алынған құнды дүниелерінің жазылатыны да – осы тұс.
Қаламгерлік қуаты
Дәл сол жылдардағы «Ескі интеллигенцияны құртпайынша, пролетарлық мәдениет жасай алмаймыз» деген солақай саясат қазақ зиялыларын шетінен баудай түсіргені белгілі. Сол уақытта Ахмет, Міржақып, Мағжан тәрізді Алаш арыстарының соңын ала Әуезов те тұтқынға алынады. «Алашордамен қатысың болды, үстем таптан шыққан Абайды дәріптедің, реакциялық романтизм әдісінде жаздың, коллективтендіруге қарсы шықтың» деген айыптаулармен тергеу ісі ұзаққа созылып, тек екі жылдан соң ғана шартты түрде босатылады. Озбыр биліктің өз ойынымен ойнауға мәжбүр болған Әуезов сол мезетте «өз қателерін» мойындап, «Ашық хат» жазады. Сөйтіп, «Өзге Алашорда басындағы жазушылар сияқты мен де ...ауылдың байы мен рубасыларының тілегін, мұңын жоқтайтын салт-санасы болдым. Қазіргі күнде мен өзімнің бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетін тексерген тарихшы, зерттеуші есебіндегі қызметіме де теріс деп қараймын. ...Ендігі байламым – сол ескілікпен мені байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзілді-кесілді арылып шығу» деп «ағынан жарылады». 1932 жылдың 10 маусымында «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған сол хатта Мұхаң өзінің қазақ әдебиетінің тарихы және Абай туралы зерттеулерінен, «Қарагөз», «Еңлік – Кебек», «Хан Кене», «Қилы заман» сияқты шығармаларынан бас тартатынын мәлімдейді. Содан кейін ғана ол сәл де болсын еркін жүріп-тұруға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады.
Қалай дегенмен де алғашқы шығармаларынан бастап-ақ туған халқының тамыр-тарихына үңіліп, бағалы дүниелерін дәріптеуге, сол арқылы ұлттық сананы оятуды, қазақтың елдігін қорғап, оның әдебиетін, мәдениетін көтеруді көксеген М.Әуезов 1918 жылдан 1954 жылға дейін үздіксіз қуғын көреді. Сондай қиын-қыспақ жағдайларды бастан өткере жүріп те ұлы суреткер әдебиеттің алуан жанрында тер төгіп, очерк, әңгіме, пьесалар жазды, тамаша аудармалар жасады, әдеби сын мен әдебиет тарихын зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүйелі арнаға түсіріп, оқулықтар құрастырды. Жазушылығы – өз алдына, Мұхтар Әуезов, қорыта айтқанда, қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихының, әдебиет теориясының және абайтанудың негізін салды. Қазақтың классикалық драматургиясы жанрын қалыптастырып, драматургия сынын, сондай-ақ аударма саласын жолға қойды. Сөйте жүріп өз шығармашылығының ең биік шыңы – Абай тақырыбына қалам тартты. Соның нәтижесінде «Татьянаның қырдағы әні» әуелеп, артынша «Абай» трагедиясы сахнаға шықты. Ең соңында он бес жылдық ізденістің жемісі – «Абай жолы» эпопеясы бір ғана қазақ емес, күллі әлем оқырмандарына жол тартты. Осылайша «Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы» екендігін тарихи шындыққа сай көркемдік шеберлікпен суреттеу арқылы шығармашылық жеңістің ерен үлгісін көрсеткен дара суреткер, пайғамбар жасынан сәл ғана асқан шағында, 1961 жылы 27 маусымда Мәскеудегі Кунцево ауруханасында дүние салды.
Қайраткерлік қайнары
Қоғамдық өмірге етене араласып, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек тәрізді Алаш зиялыларымен рухтас болған Мұхтар Әуезовтің саяси санасы ерте жетілгені даусыз. Туған халқының әлем елдерімен терезесі теңелуін көксеген сұңғыла жазушының алғашқы шығармаларынан-ақ ғасыр басындағы ұлттық өмір шындығын барынша ашып көрсетіп, содан сабақ алуға үндегені байқалады. Осы мақсат енді бір мезетте оның публицистикасынан да көрініс беріп, қаламгердің мақалалары мен көркем шығармалары арасындағы үндестік «Ұлт белсенділеріне хат» немесе «Қазақ оқығандарына ашық хат» формасына ойысады. Қалай болғанда да дана Әуезов өзіне соншалықты қымбат қазақ қауымын «ірі болуға, ірі болу үшін тірі болуға» шақырады. Таным-білімінің тереңдігін бірден аңғарғандықтан да Алашорда көсемдері небәрі 20 жастағы Мұхтарға арнайы тапсырыспен «Жапония» атты салмақты мақала жазғызады. Ондағы мақсат – сол кездегі Батыс экспансиясына төтеп бере алған, Азия кеңістігіндегі бір ғана ел – жапондардың өзін-өзі қорғай алуының ішкі себептерін саралап-салмақтау, сөйтіп, оны ұлт кәдесіне жарату болады. Әрине, аласапыран уақыт ұлт көсемдерінің ол ойын жүзеге асыруына ырық бермеді. Ең бір өкініштісі – Алаш қайраткерлері өткен ғасырдың басында-ақ ерекше мән берген, қаперге алуға тырысқан осындай маңызды жайттардан біздің әлі де сабақ ала алмай жүргеніміз...
Бір анығы, Мұхтар Әуезов Жапония тақырыбына өмірінің соңғы жылдарында қайта айналып соққан, 1957 жылы арнайы сапармен барған да. Жапонияда өткен атом және сутегі бомбаларына тыйым салу жөніндегі бүкіләлемдік конференцияға қатысып, арнайы сөз сөйлеген, Күншығыс елін 40 күндей аралаған. Осы орайда, бірқатар адамдар «Әуезовтің қазасына Жапония сапарының тікелей әсері болуы мүмкін» деген пікір айтады. Мысалы, ол – жазушының қасиетті атақонысы Семей өңірінің ядролық сынақ алаңына айналып тұрған шағы болатын. Жапонның жермен-жексен болған қос қаласының қасіретін көзімен көрген жазушы өзінің кіндік қаны тамған топырағының топалаңы шығып, Қарауыл жұртшылығының одан бетер зобалаңды бастан кешіріп жатқан азапты да тозақты тағдырын, бәлкім, сол сапарында терең түйсінген шығар. 40 жыл бойы 500-ге жуық сынаққа төтеп беріп, Хиросима мен Нагасакиді күл-талқан еткен жойқын күштерден екі жарым мың есе зор азапқа таңылған момын халқының шарасыз халіне жазушының жаны күймеуі мүмкін емес. Сөйтіп, бір қарекетке барған да болар. Егер тап солай болған жағдайда тоталитарлық жүйеге Әуезовтің бұл әрекетінің ұнамасы бесенеден белгілі.
Қалай болғанда да «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Мысалы, көп жұрттарды Әуезовтің жұмбақ жағдайда, онда да Кремль ауруханасында қайтыс болғаны қапаландырады. Өйткені жазушыны мазалаған полип тіпті де адам өмірін қиып кетерліктей кесел емес болса керек-ті. Бірақ сол асқазан өсіндісіне жасалған ота салдарынан ұлы жүрек соғуын тоқтатты. Арыс атаулы маңдайына сыймаған соры қалың қазақ үшін ұлт рухының асқар шыңындай Мұхтар Әуезов қазасы орны толмас өкініш күйінде мәңгілікке қалып қойды...