Ұлы Серкебаев өмірден өтті
Қазақ кәсіби музыкасы орны толмас қазаға ұшырады. Есімі қазіргі заманғы қазақ мәдениетінің мөріндей болған ұлы тұлға, баритон дауысты аса көрнекті әнші, педагог, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев өмірден озды.
Ұлы әнші ұзаққа созылған ауыр дертінің салдарынан 87 жасында дүниеден өтті. Италиялықтарға Энрико Карузо есімі қандай болса, қазақ үшін Серкебаевтың есімі тап сондай. Ол қазақ кәсіби музыкасының дарынды вокалистерінің көшбасшысы, күллі кеңес елдері опера өнерінің серкесі еді. Серкебаевтың орындаушылық деңгейі кәсіби әншілер үшін биік меже болды, оған ешкім жете алмайтын, бірақ сол биікті көздеп, талай-талай талант тәрбиеленіп, кемелденіп шықты. Музыканттар арасында Ермек Серкебаев есімі кәсіби сахнадағы өлшем ретінде мәңгі қала бермек. КСРО Халық әртісі, марқұм Мүсілім Магомаев Ермек ағаны «Кеңес Одағының ең үздік Фигаросы» деген екен. Джоаккино Россинидің әйгілі операсындағы Фигаро партиясын дәл Серкебаевтай аса жоғары көркемдік шеберлікпен орындаған әнші күні бүгінге дейін болған емес. Халық әртісі қазақтың көнеден келе жатқан музыкалық мұрасына кәсіби өң берді. Оның айтуынша, қазақтың әнінде әлімсақтан кәсіби бекзаттық болған, бірақ уақыттың әсерінен оны жоғалтып алған. Серкебаев сол ақтаңдақты – халық әуендері мен батыстың классикалық орындау мәнері арасын теңестіруге күш салды. «Қазақтың әуендері, қазақы тақырыптар өзінің әдемілігі жөнінен италиялық музыкадан әсте кемшін емес екенін айтуға мен ешқашан ұялмаймын. Бізде өте әсем, әуезді, күрделі әндер бар. Ал соны сауаты жоқ қазақ жазғанын ойласаң – тіпті таңырқайсың! Қазақ тілімен және музыкасымен бай», – дейтін еді біртуар. Ермектің халқы үшін асыл тұлға боп тууының өзіндік сыры да бар. Ұлтының жанашыры болу оған әкесінен берілді. Әншінің әкесі – ақын, жазушы, драматург, ағартушы, Алашорда қозғалысының мүшесі Бекмұхамед Серкебаев. Ол баласын жастайынан музыкаға баулыған. Балалайканы үйретіп, 15 жасында Алматы музыка училищесінің скрипка класына оқуға берген. Бірақ бұл жылдар сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, тұрмыс қиындығына байланысты жас жігіт оқуды тастап кетуге мәжбүр болады. Бірақ радиода, киностудияда, хор ұжымдарында еңбек ете жүріп, ол кәсіби музыкадан қол үзбеді. 1951 жылы Алматы консерваториясын ән сыныбы бойынша тамамдап, Абай атындағы опера және балет театрының дипломы бар солисі атанады. Айрықша талант иесі осыдан кейін бүкіләлемдік байқауларда лауреат болып, атағы күллі кеңестік кеңістікке жайыла бастайды. Баритонының табиғи мүмкіндіктері мен биік орындаушылық мәдениеті арқасында кеңестік және шетелдік әйгілі опералардағы бас партияларды бұрын-соңды болмаған дәрежеге жеткізе алды. Әртістік еңбекқорлығы мен кәсіби мінсіз шеберлігі оны қазақ-кеңес опера өнерінің абызы атандырды. Ол талай халықаралық байқаулардың қазылар алқасына төрағалық етті, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты, отбасында абыройлы әке болып, композитор-музыкант балаларды өсіріп шығарды. Кеше даңқты әншінің өнердегі қара шаңырағы, өзі ұзақ жыл аянбай еңбек еткен қасиетті ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры марқұмды ақтық сапарға аттандырды. Азаматтық жаназаға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және Бибігүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Нұрғали Нүсіпжанов, Асанәлі Әшімов, Жәния Әубәкірова, Марат Бисенғалиев сияқты шығармашылық элитаның көрнекті өкілдері келді.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхаты
Өз дара дауысы арқылы жастай танылған Ермек Серкебаев өмір бойы еліміздің басты өнер ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында жемісті еңбек етті. Дауысы қандай әсем болса, жаны да сондай сұлу оның орындауындағы қазақтың халық әндері мен әлемдік опера туындыларындағы басты ариялар тыңдаушылардың жанын әрдайым нұрға бөлейтін. Ермек Серкебаев әлемнің көптеген елдері сахналарында өнер көрсету бақытына ие болып, халықаралық аудитория ықыласына бөленді. Ол консерваторияда ұстаздық ете жүріп, кеңінен танымал болған көптеген шәкірттер де тәрбиеледі. КСРО Жоғарғы Кеңесінің, сондай-ақ Қазақ КСР-ның депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, «Отан» орденімен марапатталды. Ермек Серкебаевтың еңбегі еліміздің ән өнері тарихында, ал есімі халқымыздың жүрегінде әрдайым сақталатынына сенім білдіремін.
Нариман Қаражігітов, опера әншісі, ҚР Халық әртісі:
– Жаңа ғана ол кісіні театрдан ақтық сапарға шығарып салып тұрмыз. Біз, әріптестері, Серкебаевтың тек жақсылығын ғана көрдік. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында ол кісімен бірге ән айттым. Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында бірге өнер көрсеттім. Моцарттың «Дон Жуанында» да бір сахнада ән шырқадық. Айта берсем, ол кісімен өнер көрсеткен кездерім өте көп. Жалпы, бір театрда отыз жыл бірге қызмет етіппін. Қазақ мәдениеті үлкен қайғыға ұшырады деп есептеймін. Оның орны толмайды! Өмірде көркем, даусы да, мінезі де әдемі адам болатын. Адамгершілігі мол, кішіпейіл адам еді. Атақ-даңқы сол мінезіне жарасып тұратын, оны күллі Кеңес Одағы халқы сонысы үшін жақсы көріп, құрметтейтін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Сара Тыныштығұлова, эстрада әншісі, ҚР Халық әртісі:
– Ермек Серкебаев – ерекше, ұлы әнші. Қазақ опера сахнасында ондай дауыс әлі күнге дейін болған емес. Ол кісі сияқты арияларды, халық әндерін ешкім орындай алмайды. Дауысының көркемдігі жөнінен бүкіл Кеңес Одағы бойынша үлкен мәртебеге жеткен адам. Көп кинофильмге түсті. Дүниежүзін аралап, қазақ халқының ұлылығын көрсете білді. Өз дәуірінде әлем операсының даңқты тұлғаларымен бір деңгейде ән салды. Қазір де мен жастарды қараймын, баритондар бар, бірақ Ермек Серкебаевтың деңгейіне жететін ешкім жоқ. Өмірдегі сипаты, болмысы да ерекше болатын. Мен үлкенмін, мен атақтымын демейтін. Бауырмал, мінезі жұмсақ, ешкімге жоғарыдан қарамайтын адам еді. Дүниежүзі бізді Ермек Серкебаев арқылы танитын. Арамыздан кетіп қалғаны өте өкінішті. Кім-кімге де үлгі болатын ұстаз еді. Шын жүрегіммен қайғырып отырмын. Бірақ қазақ халқы артындағы дарынды балалары барда, ол кісінің есімі жүрегімізден кетпейді деп ойлаймын.