Ұлылар мекеніне саяхат
«Ұлы Абай атамыздың басына барып, құран бағыштап қайтсақ» деген мақсат көкейімізде көптен жүруші еді. Сол мақсатымыз өткен аптада іске асып, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар секілді қазақтың біртуар перзенттерін дүниеге әкелген қасиетті топырақ – Семейге, оның ішінде Жидебай жеріне белгілі абайтанушы доцент-ғалымдар Асан Омаров, Омар Жәлелұлы, танымал ақын Сәруар Қамалова, елордадағы №31 орта мектептің мұғалімі, Шәкәрім бабамыздың жиені, филолог Нұрбек Қабекенұлы және бір топ тілшілер мен Абайға қатысты түрлі конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары бар үлкен делегация Семей өңіріне саяхат жасап қайттық. «Ұлылар мекеніне саяхат» деп аталған осынау сапарды Қазақстан-Ресей университеті «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы, оның ішінде, осы жобаның жүгін арқалап келе жатқан орталық директоры, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы ұйымдастырды.
Елордадан арнайы шыққан жолаушыларға жол бойы ұлылар туралы әңгімелеп барамын деп «Абай қорының» төрағасы және ғұлама ақынның ұрпағы, сексеннің сеңгіріне шыққан Балташ ата Ерсалимов арнайы келген екен. Шежірелі қарттың әңгімесі мен жол бойы оқылған ұлы Абайдың өлеңдері мен әндерін тыңдап, Шәкәрім, Мұхтар, Жидебай, Семей, «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы деректі фильм көрген біздер жол ұзақтығын тіпті байқамай да қалдық.
Қазақстанның рухани өмірінде Семейдің алатын орны ерекше. Семей Абай заманында 12 мешіті, орыс мектебі, өлке зерттейтін санақ комитеті, бастауыш білім беру қоғамы, кітапханасы, өлкетану мұражайы бар 30 мыңнан аса халық мекендейтін қала болса, бүгінде ол – 300 мыңнан аса тұрғыны, екі театры, мәдениет ошақтары бар үлкен қала.
Ертеден-ақ ежелгі тайпаларға тұрақ болған бұл мекен кезінде Доржынкит, Жеті шатыр атанған. Бекініс іргесі 1718 жылы қаланғанымен, 1776 жылдан бастап іргесі кеңейе бастады. 1782 жылдан бастап уездік қалаға айналды. Семей қаласының тарихы жайында Г.Ф.Миллер, Г.П.Спасский, Ф.М.Достоевский, А.Е.Врангель, В.В. Радлов т.б. зерттеулер жүргізген.
Жолшыбай қасиетті Кереку жеріне аялдап, қас қарая жеткен бізді Семейде «Халықтық ақындар орталығының» директоры, танымал айтыскер ақын Дәмеш Омарбаева мен оның шәкірттері ән-жырымен, бауырсақ-құртымен қарсы алды.
Ертеңіне Жидебайды бетке алып жолға шықтық. Жол басшымыз әрі таныстырушымыз Алма Мұхаметқалиқызы тарих тылсымынан сыр шерткен ұлы дала, онда дүние есігін ашқан ғұламаларымыз туралы кеңінен әңгімелеп отырды. Жидебай бағытына бет алған жолда алғаш болып тоқтаған орнымыз Күшікбай батыр асуы болды. Күшікбай асуы – Семейден 51 шақырым қашықтықта орналасқан Арқалық тауынан асатын тұсы. Семей мен Шыңғыстау арасындағы Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет.
Арқалық тауының биік төбе басында Күшікбай батыр жерленген. Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырлардың бірі. Батырлығымен қоса, нашарға қайырымды, әділдігімен аты шыққан адам. Академик жазушымыз Мұхтар Әуезовтің оның батырлығы туралы жазғаны мәлім.
Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасындағы қыстақ қараусыз тұр
Саяхатшылар осы асумен танысу барысында ерекше жайттың да куәсі болды. Осыдан бірер ай бұрын М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» деген әңгімесінде Күшікбай асуында болған қайғылы оқиғаның кейіпкерлері Ғазиза мен оның әкесі Жақып жерленген зират, олар тұрған үй мен қораның орны табылыпты. Асан Омаровтың айтуынша, зират пен тұрақты тапқан белгілі семейлік өнер өкілі Амангелді Жүкенов деген азамат көрінеді. Әрі табылған орын әңгімедегі Мұхтар Әуезов суреттеген жайттармен тұспа-тұс келеді екен. Саяхатшылар осы орынның тұңғыш ізашарлары болып қана қоймай, алғашқы зиярат етушілері де болды. «Осы орын табылған бойда «сүйіншілеп» мақала жазғанмын. Бірақ оған назар аударған ешкім болмады. Енді осы тарихи орынды қоршап, арнайы белгі қойса деген тілегіміз бар», – дейді Асан ағамыз. Аталмыш әңгімедегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, ұят пен намыстан, шарасыздықтан зар кешкен бейшара қыз алай-дүлей боранның астында әкесінің қабірін құшақтаған күйі көз жұмған. Асан ағамыздың тілегі орындалып, бұл орын мемлекет тарапынан қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Әуезовтей алып туған киелі ауыл
Келесі тоқтаған аялдамамыз Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің мұражай үйі болды. Бөріліге жақын орналасқан Аяққарағанда, Бөрілі тауындағы мөлдір сулы Тұма көлінің жағасындағы киіз үйде Мұхтар Әуезов дүниеге келген. Ерекше қуанған Әуез немересінің дүниеге келгенін хабарлап, ең алдымен Абай ауылынан сүйінші сұратыпты. Өмірі іргесі бөлінбеген екі ауыл бұл қуанышты бірігіп тойлайды. Казір қалпына келтіріліп, мұражайға айналған үйде Мұхтардың балалық, жастық дәурені өткен. Осы үйге Райхан атты келін түсіріп, Мұғамила, Шоқан есімді бала сүйген. «Еңлік-Кебек», «Қорғансыздың күні», «Бәйбіше-тоқал», «Сыбанның моласында» сияқты тұңғыш шығармалары осы үйде жазылған. «Абай жолы» роман-эпопеясының көп оқиғасын зерек жас атасы – Әуез, әжесі Дінасылдан естіген, бала кезінен санасына сіңірген. Бөрілінің бөктерінде Мұхтардың әкесі – Омархан, шешесі – Нұржамал, әжесі – Дінасыл, ағасы Қасымбек жерленген. Ал атасы Әуез қарт тіршілікте көңілі ажырамаған Құнанбаймен өлген соң да бірге жатуды өсиет етіп, қажының жанына жерленіпті. Бұл жерде саяхатшылар Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде тұтынған заттарымен, артына қалдырған құнды жәдігерлерімен танысып, Омархан бабамыздың рухына құран бағыштадық.
Заманға сай мәрмәрдан кескінделген «Еңлік-Кебек» ескерткіші бүгінгі ұрпаққа ерекше қастерлі. Осы ескерткішке ат шалдырған біз Ақшоқы тауында орналасқан Құнанбай әулетінің зиратына аялдап, бабалар рухына тағзым еттік.
Ақшоқы тауының жеке биігі үшеу. Олар Шеткі Ақшоқы, Үлкен (орта) Ақшоқы, Кіші Ақшоқы деп аталады. Еңлік-Кебек оқиғасы Шеткі Ақшоқыда болған. Қыстау түстігіндегі төбелер шетінде шаншылған биік тұр. Биік төбе Бидайық деп аталады. Бұл Еңлік пен Кебектің жолсыз жазаға тартылған жері. Екеуі ат құйрығына осы жерде байланған. Денелері осы биіктің қарсысынан тұп-тура 14 шақырым қашықтықтағы сонау бұлдырап көрінген төбешікте жерленген. Ол төбе «Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» аталады.
Біз ат байлаған Ералы жазығы – Абай ауданының шаруашылық қонысы. Ащысу өзенін қақ жарып ағатын Ералы қорығы бойында Абай көп тарихи оқиғаны бастан кешіріп, інжу жырларының біразы да осында туған. Тағы бір атап өтерлігі, 1917 жылы маусымда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы киіз үй сахнасында қойылған Ойқұдық қонысы да осы Ералы жазығында орналасқан.
Абайдың кіндік қаны тамған жер
Сырт-Қасқабұлақ – Абайдың туған жері. Кұнанбайдың үлкен ауылы осы жерден ағып өтетін Қасқабұлақ бұлағының екі жағын бірдей жайлап отырған кезде дүниеге келген. Жотаның екі жағында екі бұлақ екі жаққа қасқая тартылғандықтан бұл белді Қасқабұлақ жотасы дейді. Семей қаласынан 103 шақырым қашықтықта. Қазір бұл жерде М.Әуезов атындағы совхоз орталығы орналасқан. Осы жерде бабалар рухына тәу еткен біз атақты Шыңғыс тауының табиғатына тамсандық.
Әне-міне дегенше Қарауыл жеріне де келіп жеттік. Қарауыл – Абай ауданының қазіргі орталығы. Абай ауданы жеріндегі шағын өзеннің атымен аталған. Шыңғыс тауынан басталатын бұл өзеннің бойын ақын ауылы жиі жайлаған. «Бұл өлке, бұл атырап – сан батырдың тұлпарының ізі қалған, талай саңлақ акынның үні қалған, әншілер мен күйшілердің сазы мен әуені қалған киелі Отан. Абай, Мұхтар, Шәкәрімдей алыптарды сыйлаған қасиетті топырақтың қадіріне жеткен ел бүгінде бұл мекенді «Ұлылар мекені» деп атайды», – дейді жолбасшымыз Алма ханым. Мұнда бізді Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков қарсы алып, аудан туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Абайдың есімімен тығыз байланысты киелі орындардың бірі Жидебай – Семейден 180 шақырым қашықтықты қамтитын Абайдың атақонысы. Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан қалың қорық, шұрайлы жер. ХІХ ғасырдың орта тұсында аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы қыстау салдырған. 1850 жылы Құнанбай Жидебайдан 15 шақырым жердегі Ескітам деген жерден медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан.
Саяхатшылар Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенесінде аялдап, осында жерленген алыптар Абай мен Шәкәрім, Абайдың інісі Оспан, Шәкәрімнің ұлы Ахаттың рухына құран бағыштап, зиярат етті. Соңыра Абай ғұмырын өткізген қыстау үй – бүгінгі мұражайды аралап, көзі тірісінде хәкім тұтынған заттарды көріп, құнды жәдігерлермен де таныстық. Ұлылар мекенінің ұлағатына бой алдыра жүріп қайтар күннің қалай келіп қалғанын да аңғармай қалыппыз.