Ұлыларымызды ұлықтай білейік
Жаңа жыл басталмай жатып-ақ қазақ елі ерекше қадір тұтар талай марқасқа тұлғаларынан айырылды. Қара жер қойнына күні кеше Роза Бағланова, соның алдында ғана Қадыр Мырза-Әлимен қатарлас, қанаттас тұтас бір шоғыр кетті.
Өмір бар жерде өлім бар. Алдыңғы буынның ығысып, орнын жаңа толқынның басуы – заңды. Бүгінгі күн – кешегінің, жаңа дүние – ескінің жалғасы. Рас, бақилық болған тұлғалардың да есімін ел есінде қалдыратындай әдеби, мәдени мұралары, жасампаздық еңбегі жетіп-артылады. Бір өкінішті нәрсе – сол айтулы тұлғаларымыздың көпшілігінің жанды бейнесін таспаға түсіріп алып қалуға, әсіресе өмірі, өнері, адами болмысы, азаматтық, қайраткерлік тұлғасы жөнінде көзінің тірісінде әдеби-көркем шығармалар, деректі дүниелер туғызуға деген талпыныстың жоққа тәндігі.
Негізі, бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде, әсіресе, радио мен теледидар үлкен ықпалдылық күшке ие. Мысалы, Роза Бағланованың қайтыс болған хабары шығысымен, «Қазақстан», «Еларна» телеарналары бұлбұл әншінің концерттерін, азды-көпті сұхбаттарын күнұзаққа берумен болды. «Ах, Самара, городок» деректі фильмі көрсетілді. Ал Алматы жұртшылығы әншімен қоштасу рәсімін өткізіп, марқұмның мәйіті салынған қаралы шеру «Кеңсайды» бетке алған тұста «Қазақ радиосынан» бір сағатқа жуық Роза Бағланованың орындауындағы әндер әуеледі. Қазақ әні тарихында есімі алтын әріптермен жазылуға лайық қайталанбас әнші өзінің мәңгілік мекеніне де аққу-әннің қанатында аттанды. Нендей қазаға тап келгенін, қандай асылынан айырылғанын күллі қазақ жұртшылығы сол сәттерде анық сезінді. Ақ маңдайлы, ақсұңқар әншісінің басқаша ендікте, басқаша сипатта жалғасқан екінші өмірінің қайырлы болуына шын көңілмен бата қылысты. Қарап тұрсақ, әнші жайында жазылғандардан жазушы Оразбек Бодықовтың «Жайдарман» деректі повесі мен Ұрқия Иманбаеваның әншінің өз естеліктері бойынша құрастырған «Айналайын халқымнан еркелеткен» атты кітабынан өзге салмақты дүние жоқтың қасы. Ал кино атаулыдан бары – телеарналар жарыса көрсеткен жалғыз «Ах, Самара, городок» фильмі ғана. Сонда 90 жылға жуық ғұмыр кешіп, 16-17 жасынан еліне өнерімен қызмет еткен, қаршадайынан қан майданға да кіріп, оқ пен оттың, өмір мен өлімнің ортасында ән шырқаған, одан кейінгі бейбіт өмірде де көзі жұмылар-жұмылғанша сахнадан, қаумалаған халқының ортасынан кетпеген Розадай тұлғаға осы құрметті жеткілікті санағанымыз ба? Әрине, мұның өзі де әншінің талантына бас иетін жекелеген адамдардың, ынталы топтардың жүзеге асырған шаруасы. Ал шындығында, бізде тұлғаларды, белгілі бір саланың айтулы қайраткерлерін дәріптеп, олар жөнінде сериялы кітаптар, ғұмырнамалық деректі фильмдер түсіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру ескерілмейді. Жалпы, еліміздің Мәдениет министрлігі тарапынан осындай шаралардың мақсатты түрде қолға алынғаны абзал.
Телеарналардан ара-тұра «Біздің сүйікті дәрігер» фильмін көріп қалатынымыз бар. Бұдан 54 жыл бұрын түсірілген осы музыкалық комедияда Серке Қожамқұловтан бастап, Шәкен Айманов, Шара Жиенқұлова, Мүлік Сүртібаев, Мұхтар Бақтыгереев, Юрий Померанцев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова сияқты қаншама жұлдыздардың бейнесі таспаланған десеңізші! Бір жағынан алғанда, осы фильмді түсіре отырып, Шәкен аға қазақ өнері тарландарының бейнесін болашақ ұрпаққа осылайша таныстырып, осылайша табыстап кетуді мақсат еткен де сияқты. Бізге де қазір осы дәстүрді жалғастырған жөн. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан жандардың ғазиз бейнесі келешек ұрпақтың жадына, жанарына, жүрегіне қалайда жетуі тиіс. Ұлт мерейін өсірген ұлыларымызды қашанда ұлықтай білейік.