Ұлым дейтін жұрты бар
Қарағандыда халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнеріне зор үлес қосқан қылқалам шебері Әубәкір Исмаиловтың 100 жылдығына арналған көрме облыстық бейнелеу өнері мұражайында ашылды. Көрме «Әлем көшпенді бояуында» деп аталды. Суретшінің қазіргі таңға дейін көркемдік, мазмұндық мәнін жоймай келе жатқан негізгі шығармалары –«Қарағанды көмір шахтасы», «Құрманғазы халық ортасында», «Қамбар батыр мен Назым қыз», «Қараой даласы», «Көртоғай», «Сарысу жайлауы», «Маңғыстау жағалауы», «Хан тәңірі» өнерсүйер қауымға етене таныс. Кезінде қылқалам шеберінің көркем шығармалары республикалық және одақтық көрмелерге қойылған еді.
Сонымен қатар халық суретшісінің сегіз қырлы дарын екені әмбеге мәшһүр. Таланттың қолтаңбасы театр қойылымдарында да, қазақ киносында да жатыр. Атап айтқанда, «Исатай – Махамбет», «Отелло», «Еңлік – Кебек», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» театр қойылымдарын қойды. Сондай-ақ «Қара жорға» және «Құсбегі» билерінің авторлық қойылымы да бар. «Тақиялы періште» және «Қыз Жібек» көркем фильмдерінде сомдаған рөлдері де ел есінде.
Тұла бойына өнер тұнған осындай тұлғаның табиғи таланты бейнелеу өнерінде өшпес із қалдырды. Ол Қазақстанның халық суретшісі атағын алған суретшілердің алғашқы легінен еді.
Суретшінің 100 жылдығына арналған шара бір көрмемен шектелмейді. Дөңгелек үстел, «Тақиялы періште» фильмін қоюшылармен кездесу өтті. «Тақиялы періште» фильмі жұртшылық назарына ұсынылды. Еске алу кеші де ұйымдастырылды. Кеште әдейі ат терлетіп келген меймандар – ҚР Суретшілер одағының төрағасы Байтұрсын Өмірбеков, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен суретшінің қызы Гүлзәмира Әубәкірова естеліктерімен, жылы лебіздерін жеткізді. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев халық суретшісінің ел үшін ерен еңбегін атап, аймақтың мақтанышы деді.
Бауыржан ӘБДІШЕВ, Қарағанды облысының әкімі:
– Кез келген ұлттың, мемлекеттің тарихында ел үшін аянбай еңбек еткен аяулы жандар болады. Айбынды Алаш жұрты сондай марқасқа ұлдардан кенде емес. Солардың бірі әрі бірегейі біздің жерлесіміз, Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайылов деп білемін. Әубәкір Ысмайылов – қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан зор тұлға. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Осыдан 80 жыл бұрын құрылған Суретшілер одағы осы Әубәкір ағамыздың тікелей бастамасы болатын. Қылқалам шебері өз өмірінде 400-ден астам картина жазды. Оның барлығы да – егемен еліміздің тағдырлы тарихынан сыр шертетін құнды дүниелер. Қай шығармасын алып қарасаңыз да, туған халқына деген шынайы сүйіспеншілігі, зор мақтанышы айқын аңғарылып тұрады. Біз осындай біртуар тұлғаларды мақтаныш етеміз. Олардың ерен еңбегін паш етіп, өскелең ұрпаққа үлгі қыламыз. Себебі бұл – біздің қасиетті борышымыз, азаматтық парызымыз.
Бұл той суретшінің 100 жылдығына арналған тойдың заңды жалғасы ғана. Ал суретшінің туындыларын көпшілік назарына ұсынған көрме сонау АҚШ-та БҰҰ-ның ұйымдастыруымен осыдан екі жыл бұрын бастау алған болатын. Одан беріде Алматыда халықаралық мәслихат өтіп, туындылары жинақталған альбом да шығарылған-тын. Астанада көшеге есімі берілген еді.