Ұлытау неге киелі?
Атамыз қазақтан қалған: «Ұлытауға шықтың ба? Ұлар етін жедің бе?» сынды кең таралған мақал бар. Осы бір аталы сөз сан ғасыр, талай тарғалаңды артқа тастап, біздің заманымызға жетіп отыр. Бұл көбінеки келелі іс бастағалы жатқан ел ағаларына, қажылық сапарға ниет еткен ауқатты азаматтарға қарата айтылған. Демек, өз заманында ұлы, сауапты іс атқаратын тұлғалар үшін әуелі Ұлытауды зияраттап қайту қажетті шарттардың бірі болған. Яғни халқымыз Ұлытауды атам заманнан бері кие тұтып, оны ұлықтап келген. Үшбу игі дәстүрді Алаштың асып туған кемеңгер ұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да жалғастырды. Сол қасиетті тауда Алты Алашқа «Ұлытау сұхбатын» әйгі етті.
Ендеше, «Ұлытау неге киелі?» деген заңды сұрақ туындайды.
Ұлытау туралы «ҚСЭ»-де: «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер... оларды (тарихи адамдарды) еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыруға арналған жерлерге (жазықтар мен өзеннің жазық арналарына) қойылған белгілер... Ұлытау төңірегіндегі мұндай тас мүсіндер бастабында өте көп болғанымен (кей қорымдарда 200-ге дейін балбал бар еді), кейіннен бүліншілікке ұшыраған, жақсылары жолсоқты адамдармен қолды болған», – деп жазылған (11-том, «Ұлытау ескерткіштері»). Бұл дәйек бізге осынау өлкенің ежелгі дәуірлерден бері ұлыс ұйыған, ұлт кие тұтқан қасиетті жер болғанын ұқтырады. Ал қазақтың ежелгі тарихи құжаттарында бұл тау Өртау (Өр-Тағ), Ертау (Ер-Тағ) немесе Ұлықтау (Ұлұғ-Тағ) деп аталған (Ә.Баһадұр «Түрік шежіресі»). Нақты айтқанда ілкі қазақтар да үшбу топоним құрамына «өр», «ер», «ұлық» сынды ұлы деген мағына беретін әспеттеу сөздерін міндетті түрде қосып отырған. Бұл да осы бір таудың өте ерте заманнан бері қастерленіп, ұлықталып келе жатқанын көрсетпек. Сондай-ақ «Жәмиғ ат-тауарих» (Р. әд-Дін), жоғарыдағы «Шежіре-и түрүк» (Ә.Баһадұр) және «Тарих-и жаһангушай» (Атамәлік Жувейни) қатарлы бірінші қолды бастаухаттарда аталмыш өлке Оғыз хан заманынан бұрын да, жыл санаудан неше мың жыл ілгеріден-ақ моғол (маңғұл) түріктерінің атамекені, алтын бесігі саналатын қасиетті жерлер қатарында болғаны айтылған.
Ал Елбасымыз «Ұлытау сұхбатында» бұл тауды Сарайшық, Берел, т.б. қасиетті жерлер қатарында қазақ халқының киелі мекені етіп көрсетті. Сондай-ақ ұлтымыз тарихындағы елдің бірлігін, мәдениеттің кеңдігін, тілдің тұтастығын сақтаған қасиетті орын болғанын атап, діттеп түсіндірді.
Қазақтың тағы бір дарынды перзенті Ілияс Есенберлин: «Бір мың сегіз жүз қырық бірінші, қазақша сиыр жылы, қыркүйектің жетісі күні, Алашаханның бейітінің басында үш жүздің ақсақал, билері жиналып, Кенесарыны ақ кигізге салып, хан көтерді», – деп жазған болатын («Көшпенділер»). Кемеңгер Кенесары хан Жошы ханның үлкен ұлы Орда ханнан тарайтыны баршаға аян. Олай болса, Ұлытауға бара тұрып, Жошы хан күмбезін көре тұрып, Кенесары өзінің хан көтеру құрылтайын сол бабасының басында неге өткізбеген? Түп бабасынан, өз заманында Алаш-Іле (Алаш ұлысының иесі, «Тарих-и жаһангушайға» қараңыз) аталған әйгілі Жошы ханнан да ұлы болатындай, ол – Алашахан кім еді?
«Дала уалаяты» газетінің 1897 жылғы 13, 14 және 18 сандарында «Алашахан және оның баласы Жошы хан туралы қазақ арасында ежелден бар аңыз» деген мақала жарияланыпты. Бұл тарихи дерекке өз кезінде «ҚСЭ»-де сілтеме жасаған болатын («Жошы хан күмбезі» мақаласын қараңыз). Осы аталған мақаланы оқыған адам Алашахан Жошы ханның әкесі екеніне, яғни онымен Шыңғыс хан бір адам екеніне анық көз жеткізер еді. ХХ ғасырдың басында өткен ғұламамыз Мәшһүр Жүсіп те Алашаханды Жошы ханның әкесі деп, Шыңғыс ханмен бір адам етіп көрсеткен. Нақты дәйек келтірсек, автор: «Алаша-хан екі қатын алған кісі дейді. Үлкен қатынынан бала тумай, кіші қатынынан 70 жасқа келгенде бір бала туып, атын Жошы хан қойған», – деп жазған еді («Тудық па, туылдық па?» Ав. Бекболат Әдетов, «Қазақ әдебиеті», №45 (3417)24.10.2014). Ал халқымызда ұлы Шыңғыс хан туралы: «Алаш – Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» – деген әрі мадақ, әрі мақал болып кеткен әйгілі тәмсіл сөз бар. Міне, осы дәйектердің барлығы жазба дерек бойынша да, шежірелік мәлімет бойынша да Алашахан мен Шыңғысхан бір адам екенін көрсетеді. Демек, Кенесары ханның келелі істер кезінде Алашаханның басына бірнеше қайтара баруының да, дәл сол арада үш жүздің басын қосып құрылтай ашуының да, сонда хан көтерілуінің де тарихи мәні осында жатыр. Яғни Ұлытау арыда бабамыз түрікке, беріде атамыз Алашқа қасиетті болған киелі мекен еді. Ал «Алашахан күмбезі» ұлық Шыңғыс ханның кесенесі болып, ол хан Кене үшін де, иісі қазақ халқы үшін де аса киелі болатын.
Шыңғыс ханды мансұқтау отаршылдық заманда, әсіресе, Кеңес үкіметі орнаған кезеңде белең алды. Әйтпесе, түрік тарихын, өте-мөте қазақ тарихын жазған ғұламаларымыз еш уақытта Шыңғысхан мен оның асыл текті әулетін қараламаған және оларды айналып өтпеген. Қайта олардың тарихын ұлттың мемлекеттілік тарихы ретінде баяндап, жырлап, мадақтап отырған. Айталық, Қожа Рәшид (Р. әд-Дін), Атамәлік Жувейни, Бабыр (Зәһир әд-Дін Мұхаммед), Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Әбілғазы Баһадұр хан, бәр-бәрінің еңбектері солай жазылған. Тіпті, бертінгі Шәкерім қажы Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейдің шежірелері де Шыңғыс хан әулеті тарихымен қоса баяндалып, сонымен бір тұлға етіп өрілген-ді. От жүректі, отаншыл ақындарымыз Ғұмар Қараш, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровтар да Шыңғыс хан мен оның әулетін ел қорғаны, ұлт мақтанышы ретінде зор сүйіспеншілікпен, ыстық ықыласпен жырлап өткен. Ал одан бұрынғы жырау бабаларымыз осынау ұлы әулетті:
«Кәпірден теңдік алуға,
Қайтып та келер деймісің,
Мұсылманның баласы,
Шыңғыстан туған хандар-ай» –
деп, күллі мұсылман дүниесінің қорғаны есебінде төтенше биік бағалаған, сарғая сағынып еске алған (Қазтуған жырау, Мұрат Мөңкеұлы). Қазақтың кеңестік замандағы тұңғыш, әрі бірегей кәсіпқой тарихшысы Ермұхан Бекмаханов Кенесары ханды зерттегені үшін қуғын-сүргін көріп, ақыры сол қудалаудың зардабынан арманда көз жұмды.
Алайда, осынау таза ұлттық тарихи таным «Алаш арыстарымен» бірге өлім жазасына ұшырады да, бірақ олармен бірге қайта тірілмеді, толық ақталмай сол беті қалып барады. Әлі де сол кеңестік жүйенің үйретіндісімен: «Кедей жақсы, бай жаман», «қараша жақсы, хан жаман», «Абай жақсы, Құнанбай жаман» дегендей ұлтты ішінен ірітетін, не теориялық, не эмпирикалық құны жоқ күлегеш тарихи көзқарастың төңірегінен ұзай алмай келеміз. Шын мәнінде қазақ элитасын, хандарын қаралау – қазақ мемлекеттілігін мақсатты түрде жоққа шығару болатын. Дәл сол сияқты Шыңғыс хан әулетін зұлым етіп көрсету, не болмаса олардан «моңғол» жасау да, түптеп келгенде түрік халықтарын, соның ішінде қазақ ұлтын жоюға бағытталған геноцидтік сұрқия саясаттың бір тәсілі-тін. Отаршылдар айтқандай: Шыңғыс хан «тиран» болса, «моңғол» болса, онда қазақ мемлекеттілігі тәуелділік, сатқындық үстіне құрылған колонизациялық тобыр болып, қазақ халқы әркімнен пайда болған этникалық қойыртпақ болып қала бермек. Егер Шыңғыс ханды дұрыс танып, әділ бағаламасақ, өзіміз қанша ақталғанымызбен, өзге жұрт бізді бәрі бір солай түсінетін, солай екен деп менсінбей қарайтын болады. Әрине, бұл біздің «Мәңгілік ел» сынды ұлттық идеологиямызға мүлде қайшы, елдігімізді мансұқтайтын қатерлі тенденция болмақ. Ондай көзқарас біздің Ұлытауды ұлықтауымызға да, алдағы 550 жылдық ұлы тойымызға да, тіпті күллі ұлттық болашағымызға да тарихи таным және рухани мақтаныш жағынан салқынын тигізбей қоймайды. Атап өткеніміздей, тарихи ақиқатты жедел тірілтіп Шыңғыс ханды өзімізге қайтарып алмасақ, онда біздің «мемлекеттілігіміздің атасы моңғолдар» болып, қазақ деген этноним «дүбәра моңғол» дейтін пәс тіркестің синонимі болып қала береді. Сірә, Жириновский, Борат секілді арандатушылар біздің аламан тойымызды: «Қазақтар моңғолдың ата-бабасын ұлықтап жатыр», – деп қараламасына кім кепіл. Егер отандық тарихшылар Шыңғыс ханды «моңғол» деп танысақ, ондайда айтар сөз де таппай қаларымыз анық. Демек, Шыңғыс ханды дұрыс тану және өзгелерге дұрыс таныту келелі саяси мәнге, сондай-ақ аса зор идеологиялық маңызға ие тарихи түйін. Өйткені Елбасы: «Ұлттық идеяның қалыптасуы өзіміздің төл тарихымызды жаңаша ұғыну негізінде ғана мүмкін болады...»*(Н.Ә.Назарбаев. «Тарих толқынында». 40-бет). – деп атап көрсеткендей, дұрыс ұлттық тарихнама – дұрыс ұлттық идеологияның қайнар көзі.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Елбасымыз төл мәдениетімізге, ұлттық тарихымызға баса мән беріп келеді. Қамбар Атабаевқа (деректанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор) сілтеме жасай айтқанда, өкінішке қарай тарихшыларымыз, әсіресе, кәсіпқой тарихшыларымыз мемлекеттің бұл қамқорлығын өз деңгейінде ақтай алған жоқ. Шыңғыс хан қазақ хандарының тікелей атасы бола тұра, шыңғысхантанудан ғылыми атақ қорғаған бірде-бір тарихшы болып көрген емес. Ешбір кәсіпқой тарихшы «Жәмиғ ат-тауарих», «Тарих-и жаһангушай», т.б. дегендей ұлт тарихы үшін аса маңызды болған бастау мәліметтерді қазақ тіліне аударып бастырмады. Екінші сөзбен айтсақ, тарих ғылымының кілті болған деректануға ғалымдар жағынан жеткілікті мән берілмеді. Соған қарамастан кейінгі жылдары тарихи тақырыпқа қалам тербеген мамандарды еңбегіне емес, қайта «әуесқойлығы» мен «кәсіпқойлығына» қарап бағалайтын сыңаржақты ауқым қалыптасты. Яғни ұлт тарихына еш бодаусыз соншама үлес қосып жатқан әрі жанкешті, әрі дарынды мамандарды «әуесқой тарихшысың» деп шеттету, қақпайлау кімге, не үшін керек болып жүр? Осы арада тағы Марал Ысқақбайұлы аға айтқандай: «Қазаққа керегі тарих па?», жоқ әлдекімдердің «Тарихшы деген атағы ма?» – деген сұрақтар туындайды. Әрине, қазаққа тарих керек. Өйткені тарих – ұлттың жады, мемлекеттіліктің рухани тамыры. Елбасының 2014 жылы желтоқсанда «Жетекші телеарна тілшілеріне берген сұхбатына» сілтеме жасай айтсақ: тарихы мықты халық тамыры терең емен секілді, оны ешқандай дауыл құлата алмайды.
Елбасы жоғарыдағы «Сұхбатында» тағы қазақ тарихы қайнарын, бастауын өз жерінен алу керек екенін де атап өткен еді. Сондай-ақ үшбу сұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ хандары Шыңғыс ханның тіке ұрпағы екеніне де екпін түсіре, мән бере айтты. Егер осы «Сұхбатты» «Ұлытау сұхбатындағы» қатысты мазмұндармен байланыстыра ой жүгіртсек, Елбасы қазақ жері мен қазақ тарихының қайнар көзінде тұрған Шыңғыс хан әулеті арасында тіке және берік байланыс бар екенін бізге меңзеп көрсетіп тұр. Ал бұл пікірді сенімді тарихи құжаттар да толық растайды. Бүкіл саналы ғұмырын Шыңғыс хан әулетіне қызмет етумен өткізген Атамәлік Жувейни қаған ордасы Алмалық, Қойлық, Еміл (Алтынеміл) қалаларының маңында болғанын, «Бейне шеңбердің өзегі сияқты...» тап солардың ортасына орналасқанын баян етеді (жоғарыдағы «Тарих-и жаһангушайда»). Батыстық пірәдарлар П.Карпини мен Г.Рубрук деректері де аталған мәліметті айқындай түседі. Олар 1240 жылдарда (П.Карпини) және 1250 жылдарда (Г.Рубрук) қаған ордасына келгенде, әр екеуі де Балқаш-Алакөл ойпатынан соң бар болғаны екі – төрт апта ғана жол жүреді. Ал олар Батудың астанасы Сарай қаласынан мұнда сексен күндей жол жүріп әрең жеткен-ді. Демек, Атамәлік баян еткендей, бұл екі пірәдар қалдырған деректер де Шыңғыс хан ордасы Жетісу өлкесінде болғанын көрсетеді. Аталмыш пірәдарлар Жошы ханның да, оның үлкен ұлы Орда ханның да ордалары осы Балқаш-Алакөл ойпаты маңында болғанын нақты жазып қалдырған болатын. Мұны өз кезегінде тағы Атамәлік дерегі толықтыра түседі. Осынау автор жоғарыдағы «Тарих-и жаһангушай» атты ұлы тарихнамасында Жошының астанасы Қойлық, Шағатайдың астанасы Алмалық, Үкітейдің астанасы Еміл (Алтынеміл) болғанын, ал қарашаңырақ, яғни Шыңғыс хан ордасы жоғарыдағыдай соларға жақын орналасқанын егжей-тегжейлі жазады («Тарих-и жаһангушай», яғни «Әлем әміршісінің тарихы»). Р. әд-Дін бойынша да Шыңғыс ханның арғы тегі алтыншы атасы Қайдау (Қайду) хан заманына дейін Талас, Сайрам өңірінде, яғни қазақ даласында жасаған («Жәмиғ ат-тауарих»). Шыңғыс ханның тіке ұрпағы, тарихтың ғұлама білгірі Ә.Баһадұр да өз ата-бабаларының Ұлытау өлкесінде, қазіргі қазақ даласында болғанын жазып қалдырған-ды. Демек, дәл Елбасы айтқандай, қазақ тарихының түп тамыры қазақ жерінде болған.
Баянымыз тап осы араға жеткенде «Ұлытау неге киелі?» деген сұрақтың жауабы да шығады.
Біріншіден, Ұлытау ежелгі түрік бабаларымыздың қасиетті қорымдары орналасқан, ұлы дүбірлі науқандары өткен ерекше тарихи және рухани құндылыққа ие өлке. Екіншіден,ол Шыңғыс ханның Қайдау ханға дейінгі аталарына қоныс, ұлысқа рухани тірек болған киелі жер. Үшіншіден, Алашаханның – Шыңғыс ханның және оның баласы Жошы ханның күмбездері тұрған қасиетті өлке. Төртіншіден, Кенесарыға дейінгі қазақ хандары ақ кигізге отырғызылып хан көтерілген, мемлекеттілігіміздің құты қалған орасан зор тарихи маңызы, идеологиялық құны бар ардақты аймақ. Сондықтан да Ұлытау алты Алаштың арқауы, үш жүздің өзегі, қазақ елдігінің рухани тірегі болған аса қасиетті, ерек киелі мекен. Ол бүгінгі азат Қазақстан елі үшін де, болашақтағы «Мәңгілік ел» үшін де бәз-баяғысындай қасиетті, киелі болып тұра бермек. Дүниежүзінде адамзатты «адам» деп атайтын, өз шежіресін Адам-ата мен Хауа-анадан бастайтын түріктен, әсіресе, қазақтан басқа бірде-бір халық жоқ. Дәл сол сияқты, жерін киелі деп, тауын ұлы деп ұлықтайтын да бізден өзге ешбір ұлт болған емес. Яғни біз, нағыз аты затына сай топырақтан жаралған, адамнан таралған елміз. Жер қанша заман өмір сүрсе, адам баласы қанша уақыт мәужіт болып тұрса, біз де дәл сондай «Мәңгілік ел» болып жасай береміз. Бұл – әрі тарихи шындық, әрі біздің ұлттық идеологиямыз.
Сол мәңгіліктің таяу замандағы ең биік баспалдағында Қазақ хандары – Шыңғыс хан әулеті тұр. Осынау ұлы мемлекеттіліктің жалғасы болған біз үшін де – Нұрсұлтан Әбішұлы құрған Тәуелсіз Қазақстан үшін де әз Алашахан мен ұлық Жошы хан күмбездері тұрған Ұлытау ұлы да, киелі болып қала бермек.
Атамыз қазақтан қалған: «Қай жерде жығылсаң, сол жерден түрегел» – деген ақылия сөз бар еді. Алаштың ақырғы ханы Кенесары Қасымұлы Абылай хан немересі «Алашахан күмбезі» басында хан көтерілгені баршаға аян тарихи шындық. Бүгінгі күні міне, Елбасымыз құрған азат Қазақстанда, 2015 жыл аясында күллі әлемге сауын айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлағалы отырмыз. Бұрын-соңды болып көрмеген, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған осынау ұлы тойдың мәресі әйдік «Алашахан күмбезінде», әз Шыңғыс ханның басында өтсе зор ғанибет болмақ. Ұлытауда, әсіресе, Алашахан мен Жошы ханның басына осынау «Ұлы той – 2015» және «ЭКСПО – 2017» қарсаңында этнотуристік нысандар салынып, сол арқылы осы аймаққа ішкі және сыртқы туристер тартылса, тіптен нұр үстіне нұр болар еді-ау! Сонда жат жұрттан келген қонақтар қазақтың қандай асыл текті ел екенін құлағымен естіп қана қоймай, көзімен көріп, жүрегімен сезініп қайтар еді шіркін! Ал отандық қонақтар, өте-мөте жас буын ұрпақтар ұлтымыздың даңқты тарихын, Ұлытаудың киелілігін жан дүниесімен сезініп, еліміздің болашағына, «Мәңгілік ел» сынды ұлы идеологиямызға мызғымас сезім орнатып қайтары шүбәсіз. Міне, бұл әрі саяси жақтан, әрі экономикалық жақтан қатар тиімділік әкелетін, сондай-ақ кәсіпкерлер мен жерлік жұрттың кірісін молықтыратын «Жезқазған – Бейнеу теміржолының» жаңа тынысын ашатын келелі мәнге ие игілікті шаруа болып табылмақ.
Уа, Алаш жұрты, келе жатқан торқалы тойың берекелі, мерекелі болсын!
Тілеуберді ӘБЕНАЙҰЛЫ
writers.kz