Ұлытау табиғаты мен тарихы фотографтар еңбегіне арқау болады
Еліміздің белгілі фототілшілері Ұлытау жеріне экспедицияға аттанды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі. "Фотоөнер" қоғамдық бірлестігіне мүше кәсіби фотографтар Қазақстанның қақ ортасындағы табиғаты әсем, тарихы бай өлкенің керемет көріністерін суретке түсіріп, өзара тәжірибе алмаспақ.
Экспедицияның мақсаты - еліміздің көрікті жерлерін насихаттау, ішкі туризмнің дамуына үлес қосу және EXPO-2017 көрмесін насихаттау. Бұл сапар аясында фототілшілер өз кәсіптерінің өзекті мәселелерін талқылайды.
"Бұл - "Фотоөнер" бірлестігінің екінші экспедициясы. Былтыр фотографтар Шалкөде жерінде бас қосқан еді. Енді биыл қасиетті Ұлытау жерінің табиғаты мен тарихын фотосуреттер түрінде насихаттауға бара жатырмыз. Келер жылы Қорқыт ата, Бурабай сияқты туристік орындарға бару жоспарда бар. Сол сапарлардың нәтижесінде алда келе жатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үлкен фотокөрме ұйымдастыруды көздейміз. Егер демеушілер табылып жатса, бұл еңбектерімізді фотоальбом ретінде де жарыққа шығарғымыз келеді", - дейді белгілі фотосуретші, "Алаш айнасы" басылымының фототілшісі, Рахымбай Ханалы атындағы сыйлықтың иегері Нұрғиса Елеубеков.
"Фотоөнер" қоғамдық бірлестігі.
Ұлытауда дәрілік және басқа да сирек кездесетін өсімдіктердің жүздеген түрі өсетін қорық бар. Сонымен бірге, бұл өңірде Беғазы-Дәндібай мәдениетінің кесенелері, таңбалы тастар, Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханның ордасы, Едіге қонысы, Ақсақ Темір қалдырған тас жазбалар, тағы да басқа құнды тарихи ескерткіштер сақталған. Фототілшілер бұл жерде үш күн бойы күндізгі және түнгі түсірілімдер жөнінде кәсіби тәжірибе-дағдыларын шыңдамақ.
Экспедиция құрамы барлығы 13 адамнан тұрады. Олардың арасында Қытай Халық Республикасындағы "Шыңжаң" фотожурналының бас редакторы Серік Нұрдыбай мен "ШҰАР" фотосуретшілер одағының мүшесі Серік Мұқыш бар. Фототілшілер экспедициясына Қарағанды облыстық әкімшілігі қолдау көрсетіп отыр.