Үш Татьяна талантына тәнтіміз
Сағыныш... Бұл – кешегі күні қазақ ұлтының алақанында жүрген Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская, Татьяна Мартыненко есімді үш әнші қыздың сол елге деген сағынышы. Бұл – Қазақ елінің үш қызға деген сағынышы. Осы сағынышты олар Нұрғисаның «Сағынышымен» жеткізді.
Отыздан бері қарайғы жастар үшін бұл есімдер аса таныс емес. Соңғы күндері басылым беттері мен эфирлерден көріне бастағанда таңырқағандары да содан болса керек. «Бұлар кім тағы?» деген сұрақ тұрды көбісінің көкейінде. Ал алпысты алқымдап, елуді еңсергендер үшін сарғалдақ түстес үш қыздың есімі – өткен күндердің белгісіндей. Көздеріне жылыұшырап сала бергені де содан шығар.
Қала жұрты әртүрлі кештерден кенде емес. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, Алматының басты сахнасы болып саналатын Республика сарайында әртүрлі концерттер күнара өтіп тұрады. Бірақ үш қыздың кеше өткен бұл концерті тіпті бөлек сипатта болды. Әр ән кешінің өзінің тыңдарманы бар. Бұл концертке де келушілер аз болмады. «Үш мың адамдық зал тола қояр ма екен» деген ішкі ойымыздың болғаны да рас. Бірақ ағылып келіп жатқан адамдарды көргенде, үш Татьянаның көзден кетсе де, көңілден кетпегеніне көз жеткізгендей болдық. Қазақ топырағынан тамыр тартқан сарғалдақтарға да аға буынның ықыласы ерекше екен. Ән кешіне келушілердің түгелге жуығы орта жастан асқан көрермендер еді. Бұл түсінікті де.
Шымылдық түрілгенде Татьяна Бурмистрова шықты. Елдің ішінде ұлттың әнін айтып өсіп, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан әнші қазақтарды қазақтарға таныстырып берді.
«Жайлауында жүрген жігіт бағып қой,
Дос келді деп, жасап жатыр анық той.
Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны,
Нағыз қазақ осы, міне, танып қой».
Әйгілі Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған термемен бастап, «көкпар тартып, қыз қууға» жаралған елдің «жатырқауды білмейтін» көңілін асқақтатып тастады. Әр әннің ортасында өткен күндерге оралып, тарихты қозғап, сырлы сұхбат құра білгенде, бұл кешке жүргізушінің қажетінің жоқ екенін түсіндік. Бірер әннің басын қайырғаннан кейін жанына қос Татьянаны шақырды. Үшеуі қосыла Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің тандемінен туған «Сағыныш» әнін шырқағанда жүрек біткеннің бір бүлк ете қалғаны анық. «Өткенін сағынған, көктемін сағынған» жұртты өзіндей көріп, «ауылды сағындым ғой, сағындым ғой, бауырды сағындым ғой, сағындым ғой» деген жолдарды айтқанда, шынайы сағынышқа көз жеткізгендей болдық.
Бұдан кейінгі кезек Мәскеуден келген Татьяна Полтавскаяға келді. «Мәриям Жагорқызының әнін» бұған дейін бірқатар әншілердің орындауында тыңдағанбыз. Әншілердің орындау шеберлігінде мін жоқ болғанымен, қабылдануы осынша болмаған еді. Бұл әнді Полтавскаяның орындауында тыңдау керек екен дедік. Орыс қызының қазаққа деген махаббатын сол ұлттың өкілінің жеткізгені табиғи шығады екен. Бұл әнді ол алғаш «он алты, он жетіге келген кезінде» айтқан. Міне, бүгін араға ширек ғасыр салып барып қайта шырқады. Бұл әнді тыңдап отырған жұрт көзін жұмса, Республика сарайынан шығып кетіп, сонау 80-жылдардағы ақ-қара түсті бейнесюжетті көз алдарына елестетер еді.
Үшінші Татьяна Мартыненко сахнаға өзінің «Қызылқұмда ауылымын» айтып шықты. Қазір де Қызылқұмның маңында өмір сүріп жатқан әнші үшін одан артық бақ та, абырой да жоқ па деп қалдық. Ержан Серікбаевтың «Неткен өмірін» де нәшіне келтіріп орындап берді.
Қорыта айтқанда, бұл сағынысып көріскен жұрттың көңілінен шыққан кеш болды. Халықты аңсаған әнші де, әншісін іздеген халық та бір жасап қалды. «Көңілден көңіл су ішер» деген осы.
Ұлттың әніне деген құрмет – ұлтқа деген құрмет. Өзіне құрмет көрсеткен адамды ел де алақанына салады. Елдің алақанында жүріп, сол арқылы жүрегінің жылуын сезініп өскен әншілер бұл кеште сол алақанға қызмет етті. Шапалақ арқылы шапағат сезінген өнер иелерінің құшағы гүлге толып қайтты.
Татьяна Бурмистрова:
– Мен осы елдің ішінде жүргеннен кейін, бізді халықтың іздейтінін, сағынатынын сезетінмін. Сұраныстың бар екенін білгеннен кейін, ұсыныс жасадық. Дегенмен қалай болар екен деген қорқыныш та болды. Бірақ бүгінгі ықылас-пейілді көріп, елдің мұншалықты көп жиналғанына қарап, көңілім орнына түсті. Өзім осы ұлттың келінімін ғой. Қызымын десем де болады. Елімнің махаббатына рақмет. Мен де өмір бойы осы махаббатқа, осы елдің өнеріне қызмет етемін.
Татьяна Полтавская:
– Қос Таня елдің ішінде жүр ғой. Олар күн сайын сахнаға шықпағанымен, халықпен араласып тұрады. Ал менің сағынышым тіпті бөлек. Мен сахнаны ғана емес, Алматының әр тасын сағындым. Сол сағынышымды басатын мүмкіндік туғанына қатты қуандым. Сахнада тұрғанда ширек ғасырға шегінгендей болдым.
Татьяна Мартыненко:
– Рас, кезінде халық мені де жақсы қабылдады. Бірақ мен кәсіби музыкант болмағаннан кейін, алыстап кеттім. Алматы, Астана сынды өнер орталықтарынан шалғайда өмір сүріп жатқаннан кейін, тасада қалғандай болғаным да рас. Менің қазақша ән салуыма қазақы ауылда туғаным, сол ортада өскенім әсер етті. Әйтпесе қалада туып, қалада өссек қазақша сөйлей алғанымызға қуанатын едік қой. Қазіргі кезде сахнаға шықпағаныммен, достардың ортасында, қуаныштарда ән айтып жүрміз. Бүгінгі ән кешіне менімен бірге Шымкенттен бір топ жолдастарым келді. «Сенің концертің өтіп жатқанда, неге бармасқа?» – дегенде қатты қуандым.