"Выживший" ең алдымен операторлық кинодай әсер етті маған
Иньярриту есалаң ғой. Киноны күн сайын кешкі мезгілде, жарық мінсіз түсетін кезде ғана түсірген. Театрдағы сияқты. Күні бойы репетиция, кешке ұзаақ көріністер. Қателесуге болмайды. Содан да шығар, картина ғажайып сұлу. Любецки қайдан шыққан гений, бұндай операторлар неден, қандай жерде өсіп шығады? Жұмбақ.
Оған сценарий ұсынып тұрған визуалдық шоктарды қосыңыз. Аюмен арпалыстағы Ди Каприоның жырымдалған денесі, өлген аттың ішінде түнеу, тірі балықты жыртқыш тістеріңмен гіршілдету, буйволдың қаны сорғалаған көк бауырын құшырлана жұлқылау, “қар үстіне қан тамған” балтамен төбелес... Ішіңіз пыспайтыны анық. Бірақ соның бәрі не үшін? Шок - шок үшін бе?
О бастағы мақсат адамның физиологиясы қаншалықты нәзік болса, ерік жігері соншалықты мықты екенін көрсету болған сияқты. Адамның өзі өлуге шешім қабылдамаса, соңғы деміне дейін күресе алатынын көрсету. Жыртық тамақ, кескіленген денемен үш жүз алпыс шақырымды бауырымен жорғалап өтуге болады. Мақсат болса. Хью Гласс туралы болған оқиғаға болмаған Фитцжеральд пен көз алдында өлген баласын Иньяритту сол үшін қосып отыр. Бірақ осы мотив қаншалықты сенімді болды, басқа мәселе.
Леоны көпшілігіңіз сияқты мен де жақсы көрем, шыбықтай кезінде ойнаған “Что гложет Гилберта Гэйпа?” фильмінен бері актерлік арсеналының кеңдігіне, тапқырлығына таңқалып келем. Бірақ оның кей кезде сыртпен ойнайтыны бар. Бұл рөлді қандай азапты жағдайда ойнағанын сезіне алмасақ та, өз кәсібі үшін қандай құрбандыққа барғанын көріп, құрметтеп отырмыз. Бірақ бір кішкентай "бірақ" бар. Жүрекке тимей жатыр. Мүмкін, кейіпкері ішіне түспеген шығар. Мүмкін... Әйтеуір геройынан өзгеріс көре алмадық. Қалай қабағын түйіп, ашулы күйде кірді, солай ашулы күйде шықты кинодан. Қайта Том Хардидің кейіпкері қызықтырақ сияқты. “Легендадағы” Рэдженел Крейгтің шашы таз, жалбыр жұлбыр нұсқасы болса да, Хардидің көзіндегі есуастық табан астында қайдан пайда болады... Түсініксіз.
Қысқасы, Иньярритуға қатыгез драма түсіру керек болса, онысын түсірді. Табиғатпен бетпе бет қалу туралы адамзат тарихындағы ең үздік кино шығарды деп те айтуға болатын шығар. Бірақ психологиялық, философиялық деңгейдегі әңгіме болмай қалды.
“Бердмэндегі”, “Жиырма бір грамдағы”, “Бьютифулдағы, әсіресе “Вавилондағы” режиссерге тән тұнжыраған ойшылдық мұнда кондициясына жете алмады. Сондықтан түпкі ойын сенімдірек айтатын бұрынғы кинолары маған көбірек ұнайды. Онда шым шытырық монтаж, чернуханың шегінде пайда болатын ортақ эстетика бар еді. “Бердмэннен” бастап ол өзгере бастады. Әңгімелеу жанрында маған бұрынғысынан да ұнады. Ал қаһарлы реалияларды бергенімен ғана шоқтығы биіктеп тұрған "Выживший" бояуының қанықтығына қарамастан, дәл басқа жұмыстары сияқты әсер етпеді. Мүмкін, мен оны (дәстүрге айналған) магиялық реализмі үшін жақсы көрген шығармын? Мұнда да жоқ емес, Хьюздың үстінен төніп тұрған аруақ пен ескі шіркеудің орнында бағана құшақтап қалатыны сияқты ішкі қуаты мықты кадрлар бар, бірақ онысы аюмен төбелес сияқты әсер ете алмайды. Өкінішті)
Қорытындылағанда, бұл ең алдымен операторлық кинодай әсер етті маған. Жақсы киноны жақсы көретіндерге міндетті түрде көру керек. Бірақ режиссер кісілерге бұдан былай Любецкимен жұмыс істегенде абай болу керек сияқты.
Әсия Бағдәулет