Халық күткен «Қаламқас» жарық көрді
Жуырда осындай атпен Абай ауданындағы атақты Қаламқас халық ән-би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуына орай Семейдегі PRINTMASTER баспахана орталығынан жаңа кітап шықты. Әсем безендірілген тартымды да мазмұнды кітап Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің «Қаламқасқа мың алғыс!» деген алғы сөзімен ашылған.
«Қаламқас» деп ат қойдық», «Қаламқас» деп ән салдық» және «Ән-жырымыз, ұранымыз – «Қаламқас» деп аталатын үш бөлімді жинақта құрылған беттен аудан, облыс, республиканы айтпағанда, бұрынғы Одақ, тіпті шетелдерде танылып үлгерген ауыл өнерпаздарының өнердегі, өмірдегі өнегелі жолдары шынайы да нанымды түрде ашып көрсетілген. Жергілікті халық жазушысы, марқұм Кәмен Оразалин ағамыз, ел мәдениетіне еңбегі сіңген Молдабек Жанболатов, Мұрат Әлин, Әлібек Ақышев, Әлімқұл Ысқақұлы, сондай-ақ ұлылар елінде түрлі салада қызмет атқарған, атқарып та келе жатқан Жақсылық Екібаев пен Төлеген Жанғалиев, белгілі журналист Айтқаным Ахметбекова айтулы ансамбль туралы нақты деректермен жүрекжарды сөздерін жеткізе білген.
«Қаламқасқа» еңбегі сіңген өнер қайраткерлері туралы тартымды мақалалардың басым бөлігін бір кезде өзінің де осы өнер ұжымында ізі қалған Нағия Бұланбаева жазыпты. Ал осы кітаптың редакторы белгілі журналист-жазушы Дәулет Сейсенұлының оны құрастырып, әдеби қалыпқа келтіріп өңдегенін айтпай кетуге болмас.
«Қаламқастың» 40 жылдығына орай, мұның сыртында атақты ансамбльдің өнердегі жолын дәйектей түсетін аудио және видео компакт дискілері де шығарылып отыр. Соның бәрі – аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Әсет Мырзақасымның тынымсыз еңбегінің жемісі. «Артта мал қалғанша, тал қалсын» демекші, осының бәрі – мерейтой қарсаңындағы игілікті шаруа.
Ауылдан шыққан өнерпаздар туралы бұл кітап Семей қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Бейсенғазы Тастекеевтің демеушілігімен жарық көрді.