Халық ұстазының есімі берілді
Оқу жылының басында Семейдегі Абай атындағы музыкалық-сазды драма театрында аты аңызға айналған халық ұстазы, көрнекті қайраткер, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісовтің туғанына 100 жыл толу қарсаңына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік...» атты салтанатты кеш өтті. Ғұмыр жолын ұрпақ амандығына арнап, қиын-қыстау кезеңде көптеген ұлттың балаларына қанатымен су сепкен қарлығаштай пана бола білген ердің еңбегін елі еш уақытта ұмытпайтыны анық. Әсіресе Көкпекті балалар үйіне тағдыр тәлкегімен жетімдіктің қамытын киіп, топ-тобымен келген көптеген ұлттың көгенкөзін паналатқан ізгі жүректі жанның ісі қандай марапатқа болсын лайық.
Сол себептен болса керек, Ж.Шайжүнісовке арналған кешке халық көптеп жиналды. Кеш барысында көрнекті қайраткердің ғұмыр жолы баяндала отырып, арасында оның тұлғалық болмысын ашатын өмір эпизодтары театр әртістерінің қатысуымен шебер сахналанды. Көріністердің қай-қайсысы болсын көрермен көңілін толқытып, жанарларға жас үйірді десек, артық айтқандық емес. 1914 жылы Шыңғыстау топырағында дүниеге келген бала Жақияның өзі де үш жасында әкеден, сегіз жасында шешеден айырылып, жетім өсті. 1938 жылы 24 жасында Көкпекті балалар үйінің директоры болып тағайындалғанда ашаршылық пен нәубетті жылдардың тақсіретін тартқан талай жәудіркөздің тағдырына жауаптылық қоса міндеттелді. Міне, нақ осы жылдардан бастап, 150 баланың амандығы үшін Жақия жанқиярлық үлгі көрсетті. Тіпті Кеңес Одағы астанасы саналған Мәскеуге хат жіберіп, Көкпекті балалар үйіне жарық әкелдірудегі ісі де оның бала үшін бар ғұмырын сарп етуге даяр екендігін көрсетеді. Ал 1943 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде жау қолында қалған қалалардың бірі – Орел облысынан ағылған 120 панасыз жеткіншекті Көкпекті балалар үйіне қоныстандырған қамқорлығын ешкім де қайталай алмасы анық.
Осындай ерлікке парапар көптеген ісімен қатар, оқушыларды қоғамдық еңбекке, оқуға, өз бетімен ізденуге баулып, ұстаздықтың ұлы қасиетін ұқтырған Жақия Шайжүнісов 1968 жылы Бүкілодақтық съезге қатысып, Социалистік Еңбек Ері атанды, Ленин орденімен марапатталды.
Бұл күнде Семей қаласында Жақия Шайжүнісов атындағы көше бар. Ер есімін ел есінде қалдыру мақсатында 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қаламыздағы қаржы-экономикалық электронды колледжіне Ж.Шайжүнісовтің есімі берілді. Осынау ақжолтай хабарды көпшілік алдында жария еткен колледж басшысы Әлия Ағалиқызы электронды колледждің зияткерлік құқығы бар екендігін баяндай отырып, оқу орнында «Шайжүнісов шыңын бағындырушылар» үйірмесі жұмыс істейтіндігін, қайраткер еңбегін өнеге көзі ретінде насихаттайтын көптеген істің бар екендігінен хабардар етті.