Хан Абылайдың аруағы бір аунап түсті
Сұлу сәнімен баршаны баурап алатын көрікті Бурабай демалыс аймағы тағы бір құнды жәдігермен толықты. Бейнелеп айтсақ, Хан Абылайдың аруағы бір аунап түсердей игі шара іске асты. Себебі қазан айының 24-інде Оқжетпестің оң қапталындағы Хан Абылай алаңының дәл түбінде хан бабамызға арналып «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экспозициялық кешені ашылды.
Бурабай – тек саяхат орны ғана емес, таңғажайып тарихқа толы сырлы өлке. Хан Абылайдың дәл осы жерде ұлықталып жатуы да кездейсоқтық емес. Атақты Арыстанбай ақынның жырында айтылғандай, хан Абылайдың 48 жыл өмірі осы сұлу Көкше төсінде өткен. 1760-1780 жылдар аралығында хан ордасы да қазіргі Бурабайдың баурайында қоныс тепкен. Естеріңізде болса, 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осы арада хан Абылайға арналған алаң ашылып, онда күн мен қыран бейнеленген болатын. Ал аумағы 288 шаршы метрді алатын бұл экспозициялық кешен хан өмірінен, жаугершілік замандағы қазақ тарихынан сыр шертер бағзы заманның бір пұшпағы іспетті. Себебі кешенге кірмей жатып-ақ, ХVІІІ ғасырға қадам басып бара жатқандай әсерде қаласыз. Есіктің алдында қынаптағы қылышының сабын қамти ұстаған қос қас батырдың мүсіндері сәтке болса да сескендірмей қоймайды. Екі күмбезді кешеннің іші де көз тартарлық деуге әбден болады. Тура ортада тарихта «Шаңды жорық алдындағы әскери кеңес» деп аталатын көлемді макет орын тепкен. Онда хан Абылай үш қабырға жасап, қаздай тізілген сардарлары мен сарбаздарының алдында жорық жолы жайлы бағыт сілтеп тұр. Ал тарихтың бір бөлігіндей, баспананың бір қабырғасы толығымен сол «Шаңды жорық шайқасына» арналған панорамаға беріліпті. Жоңғарлардың туын құлатып, батырының қолқасына найза сүңгітіп жатқан сұрапыл соғысты хан Абылай ақбоз тұлпарының үстінде тұрып, биік төбе басында бақылап тұр. Келесі қабырға ханның шетел елшілерін қабылдаған сәтін бейнелеген суретке арналыпты. Монументалды экспозицияда ХІІІ ғасырдағы қазақ хандығының аумағы түсірілген карта тұр... Жалпы, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылатын саяхатшыларға танымдық ақпарат, біздің ұрпаққа отансүйгіштік сезім сыйлайтын кешен тартымды жасалған. Алты алаштың басын қосқан хан Абылайдың биік тұлғасы шеберлікпен көрініс тапқан. Онда өзге де туындылар жетіп-артылады. Кешеннің авторы Қоңыр Мұхамадиевтің айтуынша, жалпы композицияны жасауға үш ай уақыт кетіпті. Біраз ізденіске түскен шығармашылық топ картиналар жасауда фотоқұжаттардың көшірмелерін де пайдаланған... Кешеннің жанында дәл сондай көлемдегі қымызхана да бой көтергенін айта кету керек. Қазанның қара суығы қанша қытымырлық танытқанымен, дүбірлі салтанатқа Көкшенің халқы көп жиналыпты. Абылай алаңының алдында әр ру мен тайпаның туын көтерген жаяу әскерлер мен салт атты сарбаздар сап түзеді. Театрландырылған көріністі әскери оркестр рухты сазбен демеп тұрды. Тарихшы, ғалым Марат Әбсеметов айтулы шараны тарихқа тағзым, қазаққа тағзым, қазақтың тарихына тағзым деп санайды. Айта кетелік, экспозициялық кешен Президент ісі басқармасының бастамасымен және «Нұр Отан» ХДП қолдауымен ашылып отыр. Оған «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин, Мәжіліс депутаттары Алдан Смайл, Камал Бұрханов, Президент ісі басқармасы бастығының орынбасары Абай Бейсембаев, Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Төлеген Қажыбаев қатарлы белгілі азаматтар қатысты.
Ерлан Қарин, саясаткер:
– Қазақтың әрбір жері таңбаланып тұруы керек. Жас ұрпақ ертең осы жерге келгенде тек қана уақыт өткізіп, демалып қайтатын жер емес, сонымен қатар талай тарихтың куәсі екенін де білетін болады.