Хикметшілер сынға түсті
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Қожа Ахмет Ясауи мұраларын насихаттауға арналған бірнеше дәстүрлі іс-шараларды өткізіп келеді. Солардың ішінде мектеп оқушылары арасында жыл сайын ұйымдастырылатын «Ясауитану» республикалық байқауының шоқтығы биік. Себебі осы шара аясында Қазақстанның әр мектебінің 8-11-сынып оқушылары Ясауидің даналық жауһарларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Хикметтерді жаттап, баба сырын жүректерімен ұғынуға талпынады.
Жуырда өткен сайыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас өрендер жарыс көрігін қыздырды. Қазақстанның он төрт облысы мен үш қаласынан бас қосқан жеткіншектер алғашқы күні Түркістанның тарихи көрнекті жерлерін аралап, шежіресіне қанықты. Жалпы саны 80-ге жуық сайыскер келесі күні өз бақтары мен баптарын сынға салды. Байқауға қорық-мұражай басшысы Мәулен Садықбеков бастаған қазылар төрелік етті. Әділқазылар алқасы Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін көне түркіден қазіргі қазақ тіліне тәржімалаған ақын, «Дарын» сыйлығының иегері Светқали Нұржан, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, ясауитанушы Досай Кенжетай, тарихшы Зікірия Жандарбек және әдебиеттанушы Болат Қорғанбек сияқты танымал ғалымдардан құралды. Бұл байқаудың оқушылар арасында өтетін басқа байқауларға қарағанда көптеген ерекшелігі болды. Үш кезеңнен тұратын сайыстың бірінші кезеңінде шәкірттер хикметтерді жатқа айту бойынша бәсекеге түсті. Екінші кезең бойынша Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен мұраларына қатысты, кесене мен ондағы жәдігерлерге қатысты, Әзірет Сұлтан өмірі жайлы аңыз-әпсаналар жөнінде сұрақтарға жауап беріп, білімдерін байқатты. Оқушылардың саналарына салмақ салған ең қиын сәт үшінші кезең болды. Бұл кезеңнің ережесі бойынша іріктеу сындарынан өткен сайыскерлер хикметтер ішіндегі тірек сөздердің қанша рет кездесетіндігін дәл тауып, олар ұшырасатын шумақтарды мүдірмей айтып беруі тиіс еді.
Мәулен САДЫҚБЕКОВ, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры:
– Біз бүгінгі таңда «Ясауитану» байқауын өткізу арқылы көптеген табысқа қол жеткізіп отырмыз. Байқаудың өрісі жылдан-жылға кеңейіп келеді. Қатысуға талап білдіріп жатқандардың да қарасы артып отыр. Бұл жайтты біздің жеңісіміз деп бағалауға болады. Себебі Әзірет Сұлтан мұрасы – қазақ халқының аса қымбат қазынасы. Жас ұрпақтың хикметтерді жаттап, оған қатысты сұрақтарға жаңылмай жауап беріп жатуы кім-кімді де болса сүйсіндірмей қоймасы анық. Барлық талапкерлер өмірде өз орнын табатын үлкен азаматтар болады деп сенемін.
Топ жарып шыққандар қатарында Қызылорда облысы Қазалы ауданының түлегі Гүлсана Шарападин бас жүлдемен бірге қомақты ақшалай жүлде – 100 000 теңгеге ие болды. Бірінші орын мен 80 000 теңге Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданынан келген Шәріп Оңғарбектің қанжығасында кетті. Екінші орынға Созақтық Төлеген Ергешбайтегі мен Астана қаласынан арнайы жеткен Аружан Жамбыл лайық деп табылды. Үшінші орын алматылық Мейрамгүл Абдраманова және Түркістан шаһарының түлектері Севара Неметжанова мен Гүлдана Ермекке бұйырды. Жүлдегерлердің барлығының да қаржылай қомақты сыйлықтар иеленгендігін айта кету қажет. Сонымен бірге үздік білімдерімен көрермендерді тәнті еткен он оқушыға ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Қалған оқушылардың барлығы да арнайы алғысхаттармен марапатталып, оларға да тартулар табыс етілді.