Ын Жу Ку: Менің Қазақстанда тұрғым келеді
Ой-өрісін дамылсыз дамытумен дараланып, білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп қана қоймай, өмірін оқу мен тоқуға арнаған кім-кімнің де мұндай ізденісін, әрине, бағалайсың. Ал егер «инемен құдық қазғандар» арасынан жастар төбе көрсетіп жатса, оның талабына тіптен тәнті болады екенсің. Біздің кейіпкеріміз – дәл осындай жан, яғни бар қазынасы, айнымас серігі – кітап.
Әңгімемізге арқау болып отырған ұлты корей қызы өзін Інжу деп таныстырды. Таңырқай қарағанымызды түсінген ол: «Бізде де осындай есім бар», – деп жатыр. Жазылуы Ын Жу болғанымен, оқылғанда Інжу деп естілетін есімдердің мағынасы да ұқсас болса керек. Сонымен, Ын Жу Ку біз үшін – Інжу. Қазақшасы тәп-тәуір. Кореяда туып-өсіп, сол жақта білім алған жан үшін өзге тілді осылай меңгеруі – үлкен жетістік.
Оның бізді қызықтырғаны – таңдауының неге ауғаны. Інжу диссертациялық жұмысында біздің елдегі қазақ жастары арасындағы орыс, қазақ тілдерінің қолданылуы мен оның еңбек нарығына әсерін және екі тілде сөйлейтін бір ұлт өкілдері менталитетінің айырмашылығын ажыратпаққа ниеттенген. Інжудің сөзімен айтқанда, «Қазақстандағы қала жастары арасында өз тілінен гөрі орыс тіліне бейімділері басымырақ екендігін аңғарыпты. Мұндай астары тереңде жатқан маңызды мәселенің еңбек нарығына қандай да бір ықпалы болмай қоймасы анық. Қазақстандағы мемлекеттік тіл тағдыры турасында ғылыми дүние жазу оңай шаруа емес, әрине. Әйтсе де таңдаған тақырыбын кеңірек зерттеуге мықтап бел буған».
Інжудің Қазақстанға келуі кездейсоқтық емес. Ол мектеп қабырғасын аяқтаған соң, өзінің туған еліндегі белгілі саналатын ЖОО-ға қабылданады. Дәл сол жылдары сөз болып отырған білім ордасындағы шет тілдер факультетінде жаңадан қазақ тілі кафедрасы ашылған екен. «Орталық Азияда орналасқан Қазақстаннан бұрындары еш хабарым жоқ болатын. Сондықтан да мен үшін мүлде жұмбақ елдің өткені мен бүгіні және тілі мен ділі жайында жан-жақты мағлұмат алуға аңсарым ауып, құштарлығым күшейді. Бірінші жылдан-ақ Қазақстан жайлы көбірек білсем деген ынта-ықыласым арта түсті. Менің бағыма қарай, екі елдің білім жүйесіндегі ЖОО шәкірттерін алмасу келісімі аясында үздік студенттерді Қазақстанға жіберді. Солардың тізімінде мен де болдым. Сөйтіп, білімімді Қазақстандағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жалғастырдым. Қазір шамама қарай қазақ халқының тарихын да оқып жүрмін. Ата-бабасы дана, рухани байлығы орасан. Тарихының өзі бір ғылым екендігі белгілі ғой, сол сияқты салт-дәстүрі мен ұлттық тәлім-тәрбиесі де – үлкен дүние. Мақал-мәтелдері мен нақыл сөздері философиялық мұра іспетті», – дейді тыңнан отау тіккен қазақ халқына деген ілтипатын осылай жеткізген Інжу. Қазір ол білімін ұштай түспек оймен Ұлыбританиядағы Кембридж университетінде оқып жатыр. Енді диссертация қорғауға дайындығын бастамақ. Біздің елге екінші сапарының мақсаты – осы.
Қазақстанда осыдан бірнеше жылдай бұрын болған ол көп өзгерісті байқағанын айтады. «Қазақстандағы жағдай айтарлықтай өзгерген екен. Сол кездері елдің тұрғылықты халқы, соның ішінде қала тұрғындары өз ана тілінен гөрі орыс тілінде сөйлеуге бейім көрінетін. Тіпті қазақ тілінде сөйлегенге арланатын десем де, артық айтқандық емес. Қазір мүлде басқа. Көпшілік қазақ тілінде сөйлей ме деп қалдым. Әрине, бұл урбанизацияға да байланысты шығар. Дегенмен де... Айта кетсем артық болмас, есесіне, адамдардың психологиясы ойландырмай қоймады. Оны мен жүргізушілерден аңғардым. Мен, негізінен, таксимен ғана жүремін. Жүргізушілер көлік жүргізу мәдениетін елеп-ескермей ме деп қалдым, басым бөлігі ашулы, жылдамдықты тым асырып, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдай туғызып жатады», – дейді ол.
Інжу қазақ пен корей халықтарын бір-бірімен ұқсататындығын да айтты. Ұқсастығы – үлкенді сыйлауы, баланың ата-анасын ардақтауы, бір сөзбен айтқанда, отбасы институты құндылықтарын берік ұстауы. Айтпақшы, Інжу қайыр сұрап тұрған адамдар арасында қарттарымыздың жоқ екендігін жақсы қасиетіміздің бірі деп бағалауда.
Ол Шымкент қаласында болғысы келеді екен. «Неге Шымкент қаласы?» деп сұрадық одан. Ұққанымыз: оның естуінше, негізінен мемлекеттік тіл қолданылатын, тілі таза қала – осы. «Оның үстіне, Шымкент қаласы тұрғындарына қатысты көп қызықты жайттарды естіп жатамын», – деп Інжу күліп жіберді.
– Басымнан өткен мына бір жайды айтып берейін, көшеде такси тоқтатып тұрғанмын. Қасыма біреу келіп, «ұлты корей болса, орысша сөйлейтін шығар» деді ме екен, орысшалап бірдеңе сұрады. Мен бар білген орысшаммен қиналып әрең «русскый не знаит» дедім, сөйтсем, әлгі: «Немене, Шымкенттікісің бе?» – дейді.
«Құпия болмаса, диссертациялық еңбегіңізге керек ақпаратты жинаудың тәсілі қандай?» деп сұрадық біз одан. «Оның еш құпиясы жоқ. Сауалнама жүргізіп, респонденттердің көмегіне жүгінбекпін және үш буыны бар отбасында тұруды жоспарлап жүрмін, яғни ата-әжесі, ата-анасы, сондай-ақ мектеп жасындағы балалары бар отбасы болуы тиіс», – дейді Інжу. Негізі, ата-баба тілін жетік білетін, сөздік қоры әлі мол кімдер десек, олар қазына-қарттарымыз екені рас. Інжу ғылыми жұмысының ойдағыдай жазылуының кілті мен кепілі сол адамдардың қолында екендігін біліп отыр.
Інжумен әңгіме барысында Кембриджде оқып жүрген қазақ жастары жайында да сөз болды. Онда да балаларымыз аз емес екен. Олар апта сайын бас қосып, түрлі тақырып төңірегінде дискуссиялық отырыстар ұйымдастыратын көрінеді. Інжу солардың бірін құр жібермейтін сияқты. Жастарымыздың шын мәнінде білім алып жатқандарын естіп, көңіліміз көтеріліп қалды. Өйткені «ондай оқу орындарына негізінен байдың балалары ғана барады. Көп уақыттарын білімге емес, басқаға жұмсайды» деген әңгімелерді жиі естіп жатамыз.
– Қазақстан – мақтануға, мақтауға лайық мемлекет. Экономикасы жылдам дамып келеді. Болашағын бүгіннен қалайтын ел. Қазақстанның әсіресе білім саласына көбірек басымдық беретіні ұнайды. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасын алайық. «Болашақ» бағдарламасы – мемлекетке қажетті сапалы, білікті, білімді мамандар даярлау үшін қолға алынып, іске асып жатқан жоба. Бұл бағдарламаны мен басқару мен бағдарламаны жүзеге асырудың ерекше, ешбір елде жоқ өзіндік бір модулі қалыптасқан бағдарлама дер едім. Әлемде мұндай бағдарламалар саусақпен санарлық Кореяда мұндай жоба болған емес. «Самсунг» сияқты компаниялардың ара-тұра демеушілік көрсеткені болмаса. Алайда онымен бүтіндей бір білім жүйесін жетілдіру мүмкін емес қой.
Бұрынғыдай емес, Қазақстанды әлем танып жатыр. Оған мен де куәмін. Корея мен Ұлыбритания елдерінің қарапайым халқы осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлем картасында Қазақстан деген ел бар екенін білмейтін, қазір тамсанып тұрып айтады. Осындай елдің ана тілінің деградацияға ұшырай жаздауы өкінішті. Қазақ тілі өте бай тіл екен. Мен өзге елдердің тілдерін үйренуге талпынып жүремін. Байқағаным, қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Корея да кезінде тура сіздер сияқты отаршылдық кезеңді бастан өткерген. 1910 жылы Қытай мен Ресейге қарсы соғысты жеңіп шыққан Жапония Кореяны жаулап алып, колониялық билік орнатты. Сөйтіп, отаршылдық үкімет корей халқының арасында ұлттық намыстың оянуына себепші болған-ды. Ата-бабаларымыз жапондық үкіметттің ассимиляция саясатына барынша қарсы тұра білді. Алайда Кореяда да мемлекеттік тіл көп жылдар бойы жапон тілінің тасасында қалып қойды. Бізде де ана тілдің мәртебесін көтеруге айрықша мән беріліп, қазір ол саясат өз жемісін беріп отыр десем де болады, – деді Інжу сөз соңында екі елдің де өзіне ыстық екендігін және болашақта Қазақстанда тұрып, жұмыс істегісі келетіндігін білдіріп.