Ырысы мол жан еді...
Тіршілігінде жеке бас қамынан гөрі, өзгенің жайын көп ойлайтын, елі мен жеріне барынша адал қызмет ететін, айналасына жақсыларды жинай білетін өнегелі адамдардың сирек кездесетіні бар. Сондай бір ұлағаты мол, ортасының абызына айналған қадірлі ақсақалдарымыздың бірі Ырысхан Мұсаұлы болатын. Алайда қазақ әдебиеті мен ұлттық журналистикада өз қолтаңбасын қалдыра білген айтулы азаматты аяусыз ажал 79 жасқа қараған шағында арамыздан алып кетті. Осылайша, қазақ руханияты өзіне қадірлі тағы бір есімді қара тасқа қашауға мәжбүр болды...
Белгілі қаламгер, тәжірибелі журналист, абайтанушы Ырысхан Мұсаұлы саналы ғұмырын қазақ журналистикасының өсіп-өркендеуіне арнады.
1933 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Құндызды ауылында дүниеге келген ол 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін журналист мамандығы бойынша бітірген. Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезінде-ақ жазған мақалаларымен көпшіліктің көңілінен шыққан.
Ол көрнекті жазушы, білгір журналист, іскер басшы ғана емес, адамгершілікті ту еткен, кісілік келбетке кір түсірмеген биік парасаттың иегері еді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет таныта білетін, мейірімді жүрегімен талай қаламгерге шарапатын тигізген тұлға. Ол қаншалықты салмақты, қаншалықты жылы жүзді бола тұра, шындық пен әділеттілік жолында соншалықты адуынды болатын. Журналистика мамандығын шексіз сүйе, оны мақтан тұта жүріп, осы мамандықтың абыройы үшін жанын сала шырылдаған аз ғана тұлғаның бірегейі еді.
Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, сол замандағы қаламгерлер ошағына айналған «Лениншіл жас» газетінде табысты еңбек етті. Қарымды қаламгер сол кездің өзінде-ақ толғамды ойларымен, ауқымды ой-өресімен оқырмандар көңілінен шығып, нағыз публицист ретінде көзге түсті. Ырысхан Мұсаұлының ұйымдастырушылық қабілеті де ерекше еді. Ол Маңғыстау облысында жаңа ашылған «Коммунистік жол» газетінің тұңғыш редакторы болған аз ғана уақыт ішінде аталмыш басылымды республика көлеміне танытты.
Басылым беттерінде сүбелі дүниелерімен ерекше көзге түскен ол әдебиет саласында да тартымды шығармаларды дүниеге әкелді. 1964 жылдан бастап Семейдің облыстық «Семей таңы» газетінде жемісті қызмет етті. Осы газеттің бас редакторы ретінде аймақтағы қордаланған көптеген мәселенің шешім табуына, қоғамдық пікірлердің қалыптасуына, Тәуелсіздіктің баянды болуына қаламымен де, қажыр-қайратымен де атсалысқан. «Абай» журналының бас редакторы болып, ақын мұрасының жинақталып, жаңа шығармаларының жариялануына, зерттеу еңбектерінің оқырманға жетуіне үлес қосып, абайтану саласында табанды еңбек етті.
Молдабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ:
– Кісілігі жоғары қаламгер Ырысхан Мұсаұлы – білікті журналист, мықты редактор ретінде бірнеше буынды тәрбиелеген адам. Ал ең басты ерекшелігі Абай мен Шәкәрімнің мұраларына деген адалдығы дер едім. Шыңғыстау тарихын жақсы біліп өскен ол студент кезінен-ақ тарихи дүниелер жазуға құмартты. Сол негіздегі сүбелі шығармасы – «Аға сұлтан» романын жазуға жастай кіріскенімен, кеңестік саяси идеология себептеріне байланысты ұзақ жатып қалды. Бірақ өте білгір, ел-жердің өткен жайын мұқият білетіндігін «Абай» журналын басқара жүріп көрсетті. Ырысхан сонысымен мәңгілік.
Мұратбек ОСПАНОВ:
– Ырысхан ағаның қаламгерлігін де, қайраткерлігін де бүкіл Қазақстан біледі. «Абай» журналын қайта жалғастырып шығаруын ұлы Мұхаң салған дәстүрге адалдығы деп есептеймін. Бірде маған «Қазақ әдебиеті» газетінен «кімді тұлға тұтасыз» деген сауал тасталды. Сонда мен жазба өнерінде Ырысхан Мұсаұлын тұлға тұтамын дедім. Бірнеше романның авторы. Ерекше мінезі – ешкімді бөлмейтінін, адамды қабілетіне, ой-өрісіне қарай бағалайтынын айттым. Ұзақ жылдар облыстық «Семей таңы» газетінде редактор болғанда үстірт қарап, салғырттық танытпайтындығын, жылтыраққа әуестенбейтінін үлгі тұтатындығымды жеткізген едім. Осы пікірімнен айныған емеспін. Айнымаймын да! 23 жылым сол кісімен біте қайнасып, бірге өтіп келеді. Толық мағынадағы шәкіртімін.
Жазушының қаламынан туған «Аға сұлтан» атты роман оқырман қауымның жүрегіне жол тауып, сыншылардан жоғары бағасын алған. Осы романның негізінде жазылған «Тауан» атты пьесасы республика театрларында бірнеше рет қойылған. 2000 жылы екі томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Республикалық баспасөз беттерінде көптеген әңгіме, новеллалары, очерктері жарияланған.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Білімді де парасатты, сабырлы да салмақты, еңбекқор, үлкенге қадірлі, кішіге сыйлы болған әріптесіміздің жарқын бейнесі ел жүрегінде ұзақ сақталады. Қайраткер қаламгердің артында қалған әдеби мұрасын зерттеп-зерделеу – жас ұрпақтың еншісінде. Ырысы мен ұлағаты мол азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.
«Алаш айнасы»