«Жабайы актер» 70 жылдығын тойлады
Күні кеше ғана дүйім жұрт 70 жылдығын дүркіретіп атап өткен Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаевтың кино саласында тер төгіп жүргеніне де 45 жылдың жүзі болыпты. Ең алғаш А.Қарсақбаевтың «Мазасыз таңынан» басталған оның актерлік жолы бүгінде сан тараулы үлкен соқпақ іспетті. Мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақтың Нұржұманы» атты салтанатты кешке жиналған қауым кино тарланының өнермен астасқан тағылымды тағдырына тағы бір рет тәнті болды.
...Әуелде ұстаздық жолды таңдап, педагогикалық училищені бітірген Нұржұман Байжұманұлы киноға кездейсоқ келіпті. Түсіру тобының көзіне ілігіп, аяқастынан актер болып кеткен ол әзіл-шыны аралас «мен жабайы актермін» дейді екен. Бір ғажабы, ағамыз сол «жабайылығымен-ақ» күні бүгінге дейін 200-ден астам фильмге түсіп, қайталанбастай небір образдарды жарыққа шығарады. Әсіресе жас кезінде өте көп рөлдерде ойнаған ол көбінесе сыртта жүреді. Күш-қайратының нағыз тасып тұрған шағында Свердловск, «Мосфильм» киностудияларында еңбек етіп, сол кездері жоғары бағаланған «Бүркіттің соңғы жылы», «Бас конструктор», «Ай тұтылған күн» сияқты басқа да көптеген кинода басты рөлдерде ойнайды. Сол кездерді еске ала отырып, Нұржұман ағаның өзі: «Қазақтар ол кезде мені «қазақ актері» деп ойламайтын, кейінге дейін басқа бір ұлттың адамы» деп жүрді», – дейді. Бір анығы, ол рөлдердің бәрі ешкімге жайдан-жай беріле салмайтын. Одақтық, әлемдік деңгейдегі айтулы актерлердің өнерлері қатаң сүзгіден өткізіліп, жан-жақты сарапқа салынып барып, ең таңдаулылары іріктелініп алынатын. Сондай сәттерде ешқашан жеңіліп көрмегеніне бүгінде Нұржұман ағаның өзі де таңғалады. Әйтсе де небір сыннан сүрінбей өтуіне Нұржұман ағаның табиғи таланты мен ішкі даярлығы, рухани тазалығы мен азаматтық тегеуріні себепкер болғаны анық. Мысалы, жас кезінен спортпен шұғылданып, бокспен әуестенген ол педучилищеде тіпті жаттықтырушы да болған. Суда жүзу, атпен шабу тәрізді спорт түрлерінен де алдына жан салмаған. Сөйтіп, атпен ағып келе жатып бес тиынды жерден іліп алатын шеберлігімен де танылған. Таңдай қақтырарлықтай бірегей өнерінің арқасында Нұржұман Байжұманұлы кезінде небір күрделі көріністерді каскадерсіз орындап, кино төрінен өзіндік орнын алған да.
Лайықты әріптес, ақылшы аға, талантты актер ретінде бергенінен берері көп Нұржұман ағаны бүгінгі режиссерлердің киноға тартпайтыны кемде-кем. Мысалы, Жәнібек Жетіруовтың «Дүние жарық», С.Құрманбековтің «Секер», Р.Әбдірашевтің «Сталинге хат», «Балалық шағымның аспаны» сияқты соңғы кездері түсірілген кинотуындылардағы Нұржұман аға сомдаған бейнелер өзіндік характерімен дара әрі айшықты. Мерейтойға арналған шығармашылық кеш барысында актердің кинода сомдаған айтулы образдары мен ондағы оқиға желісін Әуезов театрындағы әріптестері кішігірім сахналық қойылымдар арқылы өзінше өрбітіп, өзінше саралауға тырысты. Сондай-ақ кеш барысында Елбасынан бастап, мәдениет министрінің, Алматы қаласы мен облыс әкімдерінің мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хаттары оқылды. Нұржұман Байжұманұлының қашаннан-ақ халық әнінің үлкен жанашыры екендігін білетін өнерпаз іні-қарындастары, замандастары ол кісінің ерекше сүйіп тыңдайтын ән-жырларын әуелетті. Бұл ретте Б.Төлегенова, А.Қоразбаев, С.Жанпейісова және Р.Стамғазиев, С.Ибрагимовтардың салған әндері мерейтой сәнін арттыра түсті. Кеш соңында сөз алған Нұржұман аға қаумалаған халқының ыстық ықыласына ризашылығын жеткізе отырып, еліне қызмет етуге әрқашан дайын екендігін білдірді.