Жәдігерлерді сақтау көзден таса қала бере ме?
Сыр өңірінде көне жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отырған сегіз мұражай көпшілікке қызмет көрсетеді. Онда 100 мыңнан астам мәдени құндылық бар. Дегенмен сала мамандарының қолын байлап отырған жайлар жеткілікті.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Мұражай қызметкерлерінің айтар мұңы көп. Облыстық және аудандық мұражайлардың басым көпшілігі арнайы салынған ғимараттарда қоныс теппеген. Осының салдарынан арнайы қор сақтау, экспозиция құрылымдарын көрсету, фотолаборатория және реставрациялық шеберханалар жоқ. Мұражайлар компьютерлік техника және автокөлікпен қамтамасыз етілмеген. Бұл сала мамандарының қолын байлайды. Қысқасы, мамандардың ғылыми экспедицияларды ұйымдастыру, мұражайлық заттарды жинау, еліміздің ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі, мұрағаттарындағы және кітапханаларындағы сақталған құжаттар мен материалдарды зерттеуіне мүмкіндігі жоқ.
Бүгінгі таңда бұрынғы жәдігерлерді ғылыми тұрғыда зерттеу мен әрбір коллекция бойынша толық анықтамалық мәліметтер жинақтауға мән беріліп жүр. Алайда Сыр өңіріндегі мұражай қызметкерлері бағалы құндылықтардың мазмұны, сапасы, санына және сақталған мерзіміне қарай мұражай қорларының құрылымы өз деңгейінде емес екенін айтады. Аталған келеңсіздіктер көнеден жеткен дүниелердің функциялық-механикалық, биологиялық өзгерістерге ұшырауына итермелейді. Сонымен қатар жәдігерлерді сатып алуға қаржының жеткіліксіздігі көрініс беріп отыр.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми хатшысы Әмірғали Көшекбаевтың айтуынша, осы салаға қатысты мекемелердің құрылымы да, қызметі де тек экспозициялар мен көрме ұйымдастырудан арыға аса алмайды. Айналып келгенде мұражайларда археологиялық, этнографиялық және басқа тұрғыдан зерттеулер жолға қойылмай отыр.
Осы күнге дейін жәдігерлерге берілген ғылыми сипаттамаларда және мұражай қорына қабылдау кезінде бірқатар олқылықтар жіберілген. Сондықтан құнды жәдігерлер әлі де тереңдеп таразылай түсуді қажет етеді. Қысқасы, жәдігерлердің көпшілігі терең әрі толыққанды зерттелмеген.
Берік ЖҮСІПОВ, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Мұражайлар жұмысына қолбайлау болып жүрген проблемалар баршылық. Аталған мекемелерге жәдігерлер сатып алуға соңғы жылдары 125 мың теңгеден қаржы бөлінген. Бұл мүлде жеткіліксіз. Алдағы уақытта мұражайлар мәселесіне байланысты бірқатар жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз.