Жәдігерлеріміз жертөледе жатыр

Жәдігерлеріміз жертөледе жатыр

 – Қасымбек Шайжанұлы, Сіз басқарып отырған мұражай құнды жәдігерлер молынан жинақталған, республикадағы бірден-бір үлкен тарихи нысан болып есептеледі. Оның тарихы қай жылдардан бастау алады?

– Мұражай ұжымы үстіміздегі жылы 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Демек, мұражайдың негізі 1920 жылы қаланды деген сөз. Алғашқы жылдары қала мектептерін көрнекі оқу құралдарымен қамтамасыз ету ісімен айналысқандықтан, ол Сырдария халық ағарту бөлімінің зертханасы және музейі деп аталды.

1925 жылы музейдің қайта құру жұмысы жүргізілді. Оны іске асыру барысында Ортаазиялық табиғат және көне ескерткіштерді қорғау кеңесінің ғылыми қызметкері М.Массон қатысты. Кейінірек ол Өзбекстан және Түрікменстан Республикаларына еңбегі сіңген ғылыми қызметкер, атақты ғалым, шығыстанушы, тарих және археология ғылымдарының докторы ретінде әйгілі болды. Оның Шымкент музей жұмысын қайта құру жөніндегі есебі мұражай қорында сақтаулы. Бұл құжат Шымкент мұражайының қалыптасып, дамуын куәландыратын айғақтардың қатарына жатады. Қайта құрылып, бір ізге түскен соң, мұражай күнгейлік өлкенің өндіргіш күштері мен тарихын зерттеу ісімен түбегейлі айналыса бастады. Мәселен, 1926 жылы профессор П.Масагетовтің дермене шөбін зерттеу жөніндегі ғылыми экспедициясына, 1927 жылы Мемлекеттік Эрмитаждың ғылыми қызметкері А.Якубовскийдің Сығанақ қалашығы мен «Көк кесене» археологиялық ескерткіштерін зерттеу экспедициясына, 1928-1929 жылдары Мойынқұм шөлді аймағындағы этнографиялық зерттеу экспедициясына, сондай-ақ Қарабұлақ ауылындағы және Талас Алатауының маңындағы көшпелі қазақтардың тұрмысын зерттеу және этнографиялық, ботаникалық, зоологиялық, археологиялық құжаттарды жинау мақсатында жүргізілген этнографиялық экспедицияға, 1948-1949 жылдары тарих ғылымының докторы А.Бернштамның басқаруымен КСРО Ғылым академиясының жүргізген ғылыми-археологиялық экспедициясына қатысты.

dsc_00015-1321

Сондай-ақ Ленинградтағы КСРО Ғылым академиясына қарасты Антропология және этнография музейімен және Қазақ КСР-ы Ғылым академиясымен, Қазақстанның орталық музейімен қарым-қатынас күшейе түсті. Осы кезеңде мұражай Х.Алпысбаевтың басқаруымен Қазақ КСР-ы Ғылым академиясының Қарасу мекеніне жүргізген ғылыми экспедициясына да қатысып, палеолит дәуіріне байланысты өте құнды құжаттар алынды. Көп жылдар бойы мұражай Қазақ КСР-ы Ғылым академиясына қарасты Ш.Уәлиханов атындағы археология және этнография институтының Отырар қалашығын зерттеген ірі ғылыми экспедициясымен өте тығыз байланыста болды.
Соңғы жылдары мұражай өз бетінше бірнеше археологиялық экспедициялар ұйымдастырып келеді. Атап айтар болсақ, Алтынтөбе, Жүзімдік және Жуантөбе, Күлтөбе қалашықтары, Бөріжар қорымы және Боралдай өзенінің жоғарғы ағысындағы аудандарды, Бөген суқоймасындағы аймақтарды, Қостөбе обаларын және ежелгі Сайрам жерлерін зерттеуге ден қойды.

– Әрине, 90 жылдық тарихты бір сұхбатқа сыйғызу қиын. Енді мұражайдағы жәдігерлерге қатысты мәліметтерді мәлім етсеңіз.
– Біздің мұражай республика бойынша жәдігерлер саны, тарихи-мәдени құндылығы жағынан Астана мен Алматыдағы мемлекеттік республикалық мұражайлардан кейінгі орынды алады. Басқа облыстардағы өлкетану мұражайларымен салыстырғанда, біздегі жәдігерлердің саны – ең көбі. Дәл қазір 62 526 жәдігер жинақталған. 6,5 мың кітап қоры бар кітапхана, археология және этнография, қор сақтау, көрнектеу, экскурсия жүргізу, ақпараттандыру сынды бөлімдер жұмыс істейді. Сондай-ақ Шардарада, Сарыағашта, Түркістанда, Ескі Иқанда, Сайрамда, Түлкібаста филиалдарымыз бар. Ұлы Жібек жолындағы Отырар, Сайрам, Түркістан сынды ежелгі қалалар мәдениетінен бүгінгі Тәуелсіздік жылдарына ұласқан халқымыздың ежелден желісі үзілмей келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, өнері мен тұрмыстық бұйымдары көрнекіленіп, өлкеміздің 2,5 мың жылдық тарихы қамтылған мұражайдың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор. Экспозицияның көпшілік бөлігін археологиялық және өлкеміздің XVI-XIX ғасырлардағы әлеуметтік-экономикалық тарихы мен мәдениетіне қатысты жәдігерлер алып жатыр.

– Мұражайдағы осыншама жәдігерлер қорын сақтау технологиялары қазіргі заманғы талаптарға сай ма?
– Шыны керек, 2002 жылы қайта құрылған мұражайдың бірінші қабатындағы көрнек жүйесінің жасақталу қисыны ғылыми талаптарға сай келе бермейді. Өйткені дәуірлеу, дәйектілік, тарихи сабақтастық қағидалары қолданылмаған. Тарихи жәдігерлер бірінші кезекте әр дәуірге сәйкес орналастырылуы тиісті және дәуіраралық тарихи сабақтастық мейлінше ескеріліп, өлкетану дәйектілігін қамтамасыз етуі керек еді. Оның үстіне тарихи-өлкетану мұражайы тек Оңтүстік Қазақстан облысының топырағында орын алған дәуірлерге, тарихи негіздерге тән жәдігерлерді көрнектеуге міндетті. Ал біздің мұражайда жәдігерлер бутикте сатылымға шығарылған зат секілді орналастырылған. Оны жасаған адамға осы кемшілікті кезінде айтып едім, ол «мен музеовед емеспін, мен дизайнермін» дейді. Масқара болғанда, мұражайымызда Қазақ хандығы дәуірінің көрнекісі жоқ. Немқұрайдылықтың салдарынан қаншама құнды жәдігерлерімізді Мәскеу алып кеткен. Бұл айтылғандардың барлығын орналастыру үшін ғимарат, қаражат керек.

– Мерейтойға деген дайындықтарыңыз қандай?
– Дайындық деңгейі өте төмен. Жергілікті билік тарапынан бір тиын да қаржы бөлінбеді. Тіпті өз тарапымнан мұражайдың 90 жылдығына арнап жазған кітапты бастыруға да теңге таппай отырмыз. Қаржы сұрадық, бермеді, қайта «қою керек ондайды» дегенді айтады. Сонда тарихымызды дәріптеуге қаржы қимауымыз керек пе? Оны айтасыз, осыдан екі жыл бұрын мұражайдың қажеттілігі үшін қаралған 6 миллион теңге қаражаттың өзін дағдарыс деді, басқа деді, әйтеуір, қысқартып тастады. Біз оны қазба жұмыстарына, этнографиялық экспедицияларға жұмсауымыз керек еді. «Оралман» деген жобамыз бар еді. Оның мақсаты – сырттан келген қандастарымыздың қолындағы құнды жәдігерлерді сатып алуымыз керек еді. Қаржы қаралмауының салдарынан сол жәдігерлерді жоғалтып алған секілдіміз. Биыл қаржы аз-аздап бөлініп отыр. Ал мұражайдың сегіз филиалы да әсіресе Сарыағаш пен Шардарадағы филиалдарымыз өте мұқтаж, жәдігерлері аз. Ал кездейсоқ біздегідей өзге мақсат үшін салынған ғимаратта құнды жәдігерлерді сақтау өте қиын. Рас, там-тұмдап жөндеу жұмыстары жүргізіліп, суреттерді сақтау дұрысталды. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді.

– Осындай олқылықтың кесірінен жәдігерлерден айырылып қалған жағдай болды ма?
– Жоғалтқанымыз жоқ, бірақ бүлінген жайттар бар. Ең алдымен, теріден, киізден, матадан, жүннен жасалынған жәдігерлер бірінші бүлінеді. Керамиканың өзі мүжіле бастайды, тіпті темірге де әсер етеді. Сақтау жағдайы жасалмаса, жәдігерлерді сапалы сақтай алмаймыз. Киізден, матадан жасалған жәдігерлерді, кілемдерді күн сайын сыртқа шығарып жайып, дезинфекция жасап, кептіріп, қайта кіргізіп, әурешілікке түскенбіз. Далаға шығарғанда қолды болып кетпеу жағын да қадағалаймыз. Әрине, мұның машақаты мен зиянды әсері өте көп. Бір сөзбен айтқанда, біз өндіріс орны емеспіз, бірақ «өз қотырымызды өзіміз қасуға» тура келіп отыр. Тығырықтан шығу үшін ендігі жерде мұражайымыз қазба жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп атқаруға мәжбүр.

Қыжыл
Қазіргі біздің мұражайдың ғимараты кезінде орталық «универмаг» үшін салынған. Бұл ғимарат тым ескі болғандықтан, жәдігерлерді сақтау жағдаяты жоқ. Қазір біз тұрғын үйдің астында отырмыз. Осы тұрғын үйдің бірінші қабатының жартысын, сосын жертөлесін берген. Қазір қаншама жәдігерлер сол жертөледе жатыр. Заң бойынша жәдігерлерді шатырларда, жертөлелерде сақтауға тыйым салынған. Неге? Өйткені мұндай жайларда бірқалыпты режим, яғни ылғалдылық, температураны бірқалыпты ұстау мүмкін емес. Біз тұрған үйдің жертөлесін ылғи су алып кетеді. Оны қанша рет суретке түсіріп, қанша рет облыс басшысының назарына ұсынып, көмек сұрағанбыз. Десек те, жағдайымыз сол күйі өзгеріссіз қалды.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста