Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ: Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы шапты...

Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ: Оспан батыр Шығыс Түркістан үкіметіне қарсы шапты...

(Тұрсын Жұртбайдың «Бір тұтас Алаш идеясы» кітабынан үзінді)

...Ұзамай Оспан да ұсталып, Үрімжінің түрмесіне әкелінді. Шинхай, Ганьсу, Тибет жоталарын паналаған Оспан мен бұрыннан сол жерге ауып барғандардың өзі бір-бірімен қақтығыс жасап, берекесі кеткен соң қайдан жеңіске жетсін. Оспанды көбі тастап кетті. Ақыры оқыста, адам сенбейтіндей жағдайда қолға түсті. «Ісің кері кетейін десе, сары майға тісің сынады» деген осы. 

Мен ол кезде Қытай халық азаттық армиясының Шыңжаң әскери округінің саяси басқармасының орынбасары едім, қосымша СУАР партия мектебінің орынбасар бастығы болатынмын. Бұл дегеніңіз – генералдың шеніндегі қолбасылық қызмет. Сол құқымды пайдаланып, тергеу бітіп, сот аяқталып, үкім шыққан соң, үкім енді орындалады – дегенді естіген соң саяси партия ұйымына барып: «Мен Оспанмен қарама-қарсы майданда қанды қырғын боп соғысқан әскербасымын. Сондықтан да бір тіл қатысып, арыздасып қалуға қақым бар», – деп қасарысып жүріп арнайы рұқсат алып, Оспанмен түрменің сұрақ-жауап бөлмесінде оңаша жолықтым. Тым құрығанда үйіне, ұрпағына айтар соңғы аманатын алып шықсам деген де дәме болды. батыр десе – батыр тұлғалы,түсі жылы болғанымен мысы басым, сөзі ауыр, емеуірінмен сөйлейтін, иманы қатты, ашылып сөйлеспейтін тұйық, зілді адам екен:
– Жағдамысың. Білемін. Ақыры осылай бетпе-бет көрістік пе?, – деді салмақтап.
Бұл сөз біздің осы бет көрісуіміздің себептерін толық ашып беретін және бәрін түсіндіріп беретін емеуірін еді. Енді өткенді әңгіме етудің қажеті жоқ болатын. Қарама-қарсы жанкешті майданда тұрып бетпе-бет соғысқан қолбасылардың арасында осындай үнсіз түсінісу болады. Өйткені екі жаққа да екі жақтың да сыры мен сипаты мәлім. Арамызды мыңдаған құрбанның әруағы бөліп тұр. Сонда оларды не үшін құрбан еттік? Мен жолына құрбандық атаған Шығыс Түркістан тәуелсіз мемлекеті де жоқ, Оспан соғысқан елестегі қазақтың тәуелсіз мемлекеті де жоқ. Екеуміз де ұлтымыздың азаттығы үшін жан алып, жан бердік. Ал қазір екеуміз де тұтқынбыз. Айырмасы, ол – соғыс тұтқыны, мен – уақытша бостандықта жүрген саяси тұтқынмын. Ол өз тағдырының атумен аяқталатынын біледі. Ал мен күдіктің құрсауындамын. Қашан кісен салатынын кім білсін: «Оспанмен, Қалибекпен астыртын байланысты», – деп өзім құрысқан Шығыс Түркістан мемлекеті сегіз ай тұтқында ұстағанда, мына мемлекеттің маған жаны ашуы мүмкін емес. Қанды шеңгелі тарылып келе жатқан. Өйткені, қызыл қытай мемлекеті Балқаш сияқты жеті полковник пен подполковникті ұстап, өлім жазасына кескелі отырған тұс. Мұны екеуміз де айтпай түсіністік. Екеуміздің ашық сөйлеспеске, ашық жауап бермеске мұршамыз да жоқ еді.
Ол мені әуелде: «тыңшы, сыр тарту үшін әдейі қытай үкіметі жіберді, – деп күдіктенуі мүмкін еді. Мен сол күмәнді сейілту үшін бірден:
– Сізге қоятын үш-ақ сұрағым бар Соның жауабын естиін деп әдейі рұқсат сұрап келдім, – дедім тура сөзге көшіп.– Бірінші сұрағым: «Үш аймақ»» көтерілісін әуелі өзіңіз бастап алып, ұлт-азаттық мүддесі бір, діні бір, ұлты бір Шығыс Түркістан мемлекеті құрылған соң, сол мелекетке неге қарсы шықтыңыз? Неге ата жауыңыз гоминдаңмен бірігіп кеттіңіз? Мен соны түсінбедім. Ұрпақтар да түсіне қоймас. Айтып кетіңіз», – дедім.
Ол маған ауыр да салмақты жанармен қарады. Әрине, сөзін сөзбе-сөз жеткізе алмаспын. Тоқсан екі жаста сөз түгіл, ойды жинақтау да оңай емес. Бірақ түйіп айтқан аз сөздің мазмұны мынадай. Мен тек түсінікті болу үшін әдібін жазып баяндаймын. Ол менің сұрағыма.:
– Әлихан өлі ме, тірі ме? Атаусыз тындым болды. Алладан тірлігін тілейміз бе, жоқ, дұға бағыштаймыз ба? Жаназасыз кетті ме? Оны кеңес өкіметі ың-шыңсыз дымын құртты. Сол құрық кезі келгенде қазақтың, әуелі біздің басымызға түспей ме? Мұның себебін сұрағанда менің кеңесшілерім: бұл – кеңес өкіметінің кесірлі саясаты. Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Мәскеуде арнайы дайындалып келген коммунистерді үнсіз ғана үкімет басына әкелді. Олар социализмді, коммунистерді, орыстарды жақтайды. Дінді жояды, қатын-бала ортаға салынып, ортақ меншік болады. Мал-мүлік тәргіленеді. Мешіттер құлатылады», – деп жеткізді. Оған сенбеске амалым қалмады. Шың дубан да соның жолмен жүріп, қырғынға ұшыратты емес пе. Сондықтан да ұлттық армияға қарсы соғыстым. Қытайдың өзінен қару алып, түбінде өздеріне қарсы жұмсамақ болдым. Оған Америка да дем берді, – деп жауап берді.
Мұның астарында: «Шығыс Түркістан мемлекетінің төрағасы Әлиханды орыстың екі жансызы ұстап, кеңес одағына жасырын әкетіпті. Ол – мемлекет басшысы. Жазаласа да, орнынан алса да, мемлекет басшысы ретінде жұртқа жариялап істемей ме? Әлиханның үнсіз кеткені қалай. Лақ құрлы құны болмады. Сонда, ауызына ел қарап, ұранына құрбан болған боздақтардың да жоқтаусыз кеткені ме. Бұл қай қорлығы? Демек, бұл мемлекет қуыршақ мелекет болғаны ғой. Ертең кеңес өкіметіндегі топалаң біздің басымызға туады. Мешітіміз – қамба мен атқораға айналады. Сондықтан да азат туып, азат күйімізде қан майданда өлуді таңдадым. Амалы табылса, үйреніскен қытаймен қойындасып, соғысып, Ауғанстан арқылы Америкамен жалғассам, мүмкін...», – деген жанқилы үміт жатыр еді.
Мен бұған не деп уәж айта аламын. Адамдық тұрғыдан алғанда өте қисынды, ал геосасясат, қарулы майдан, экономикалық қуат тұрғысынан алғанда мүмкін емес жай болатын. Біз де орыстың дінін, тілін, ділін қабылдайық деп соғысып жүрген жоқ едік. Мақсатымыз – империялар өзара қырқысып, жансыраған тұстағы тарих берген мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық қауымдастық мойындаған дербестікке қол жеткізіп алу еді. Азаматтық мәселені содан кейін реттеуге болатын еді. Егер кеңес өкіметіне сүйенбесек, қалың қытай әскеріне қалай қарсы тұрасың. Сол Оспанның қолындағы қарудың өзін кеңес үкіметі бермеп пе еді?
Егер де, Оспан жасақтарына қарсы ұстап отырған Алтайдағы Дәлелхан Сүгірбаевтің дивизиясы Манас өзеніндегі қанды қырғыннан кейін тоз-тозаласы шығуға дайын тұрған гоминдаң әскерінің ту сыртынан шабуыл жасаса және Оспанның өз жасағы Үрімжінің желкесінен соққы берсе, Үрімжі – Шығыс Түркістанның қолына өтіп кететіні сөзсіз еді. Үрімжі алынса, гоминдаңмен де, кеңес өкіметімен де, тіпті, Америкамен де сөз басқа болатын еді. Оның есесіне, біз уәлилігін өз еркімен тастап тауға шығып кеткен Оспанның аңысын аңдып, өз ішіміздегі азаматтық қақтығысқа алаңдап, алты ай уақытты бос өткізіп алдық.
Бұл арада ірі империялардың арасындағы геосаясат өзгерді. Ұлы отан соғысы кезіндегі СССР – Америка – Англия одағы «қырғи қабақ» соғысқа ұласты. СССР – Жапония – Қытай (гоминдаң мен гуньсаңдан үкіметі) арасындағы саяси, әскери күштің салмағы ауысты. Бұрын кеңес өкіметі: Шығыс Түркістанды – өзіне қауіп төндіріп отырған, қытайға билік жүргізген жапон әскеріне қарсы плацдарм ретінде қарастырып, қоластына қаратуға мүдделі еді. Жапондар жеңілді. Шығыстан коммунистік қытай бас көтерді. Олардың да араны кең, қарымы қуатты еді. Солардың ауызынан сыртқы Монғолияны жырып алды да, Шығыс Түркістанды қытайдың екі өкіметінің ортасына додаға тастай салды. Ұлт-азаттық армиясының Манас өзеніндегі шабуылының екпінін қатаң бұйрықпен тоқтатты.
Біз кешігіп қалдық. Әйтпесе, сол кездегі ұлттық армияның күші мен рухы, соғыс тәжірибесі сыртқы Монғолияның әскерінен үстем еді. Бір күнде ауыр, жеңіл қару жарақты, әскери офицерлерді кері шақырып алып, барлық үміттің жолын кесіп тастады. Біз азаматтық майданның шырмауында қалдық. Оспанмен келісу үшін бар мүмкіндікті жұмсадық. Тіпті олардың өзі кейін сырт аймақта – Шинхай мен Тибет үстіртінде, Ганьсуде, шет елдің шекарасында бір-бірімен соғысып, ақыры тоз-тозаласы шықты.
Менің бірінші сұрағымның астарында осындай мән бар еді. Оспан қысқа жауап қайырды, мен де қанағаттандым. Бұдан артық ол да өзінің күресінің мәнін түсіндіріп бере алмайтын: «Алтайдың жергілікті тұрғындары үшін ғана, яғни, халықтың айтуындағы Керейстанды құруға ұмтылдым. Өз билігімді орнатуға тырыстым», – деп қайтып айта алсын. Әттең, сауатсыздық-ай! Қастаншықпағыр орысша, ағылшынша білетін діни кеңесші –ай, кімнің ырқымен бұл кеңесті берді екен? – деген ащы өкініш өзегімді қарып өтті де екінші сұрағымды қойдым.
– Сізге қоятын екінші сұрағым мынадай. Сіз-ғой, батыр адамсыз, діни парыз бен иманның обал-сауабын, кешімін, соғыстың заңдылықтарын жақсы білесіз. Ашық майданда қаза тапқандардың құнын екі жақ та жоқтамайды. Олар – шейіт. Ал тұтқындалған әскер – сіздің дәргейіңіздегі әскер. Соғыс жолында да, дін жолында да олар сіздің қарауыңыздағы мүсәпірлер, әскери мейман. Оның үстіне олар және олардың үй-іші, туыстары, рулары – сіз күресіп жүрген мемлекеттің азаматтары. Бәрі қазақ. Оның ішінде сіздің өз руластарыңыз да бар. Сіз қоршауда қалған бір полкті түгелдей қырып жібердіңіз. Онымен қоймай қолға түскен 236 тұтқын әскерді сапқа тұрғызып қойып неге бауыздап өлтірттіңіз? Сондай-ақ 36 офицерді неге мойынына тас байлап Ертіске ағызып жібердіңіз? Қалай көтерілістің құрбандығына шалдыңыз? Олардың руы керей болмағаны үшін ғана ма. Олар да қазақ, олар да мұсылман еді ғой? – деп сұрадым.
Мүмкін дәл осылай қадалып, қадап айтпаған болармын. Бірақ осы сұрақты қою үшін келдім. Бұл сұрақты қоюға менің толық қақым бар еді және дауысымның салмағы осы мағынаны білдірсе керек. Оспанның партизандық әрекеттерінің қолынан қаза тапқан 4 000 жауынгер мен 236 тұтқынның, 36 офицердің нақты тізімі, аты-жөні, қай жерде, қалай қазаға ұшырағаны жөнінде әскери барлау қызметінің толық мәліметі бар. Олардың мәйіттерінің орыны да бар. Куәлардың жазбалары да бар. Одан бас тартуға Оспанның мүмкіндігі жоқ еді.
– Ақиқатты оқпен өлшейтін соғыс қой бұл. Біз де қырылдық. Ол – ашынғандықтың салдары. Енді не істеуім керек еді?, – деді.
Мені қинағаны да –36 жас бозбала әскерді су жағасына апарып тізіп қойып, сөз сөйлеп: «Көтерілістің жолына шалынған құрбандық», – деп қасам қылуы еді. Қырғынның ішінде жүрген бізді де осы сұмдық оқиға қатты түршіктірген еді. Ол бозбалалардың нақты тізімі бар. Дегенмен де: мүмкін жалған лақап шығар, мүмкін кездейсоқ оқиға болған шығар, мүмкін соншама көп емес, бірер бозбала әскер шығар деп те ойлағамын. Сондықтан да қайталап сұрадым. Оспан қатты толқып барып, тұтығып, шарасыз қалды да құмығып тұрып:
– Ол оқиғаның ішінде мен жоқ едім. Бір жас офицер бар еді. Соның білместікпен істегені, – деп қысқа қайырды.
Демек, шын болғаны. Иманы үйірілер алдында бұл оқиғаны жоққа шығара алмады. «Мен бұған қарсы болдым. Маған бұйырылған баланың құлағына сыбырлап, қашып кет дедім. Сөйтіп, обалын арқаламадым», – деген лақапты естігемін. Әкесімен пікірлес болғаным үшін өз өкіметім өзімді сегіз ай түрмеге қамаған Қалибек хакімнің баласы Хасен Оралтай мұны жоққа шығара уәж айтыпты. Мен ешкімді куәға тартпаймын. Қаза тапқандардың тізімін – «Армияның құрбандық кітабінің» есебінен қараса, шындыққа көз жеткізу қиын емес. Тек әлгі жас офицерлердің обалын кім көтереді? Әлемде не бір ауыр азаматтық соғыстың тарихында мұндай қасіретті оқиға болған емес. Оспан – елім деген батыр, еңіреп туған ер, найзағайдай намысты, иманы кәміл, бірақ бойындағы күшін мінезіне жеңдірген тағдыры қасіретті пенде. «Батыр – аңғал келеді» – дейді. «Бірақ тырнақпен кісі бауыздаған» (Нұрғожайдың естелігінде солай жазылған) жанкештілердің кейбір қатыгездігі шіміркендіреді. Оспанның осы оқиға үшін қабырғасы қатты қайысатынын аңғардым. Әрі қарай қинамай үшінші сұрағымды қойдым:
– Сізден білгім келген үшінші жағдайым мынау. Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде – сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа шаба алмайтын, мылтық атып үйренбеген, әскер де емес, әскердің қазаншысы, бозөкпе қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ ата алмаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Оның өзі оқтаулы ма, жоқ па, белгісіз. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, алдына түсіп, өңмеңдеп неге жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой, – дедім.
Орынынан қозғалып барып, дауысы күңірене шығып, құмыға, шарасыздықпен:
– Құдай қара бастырды-ғой. Құдай қара бастырды, – дей берді.
Оның өзінің жанын жеген де бір бөзөкпенің алдында есі шығып қалғаны болса керек. Ол бала – әскер де емес, жай қазаншы, әскер атысып жатқанда сытылып бара жатқан бір аттыны көріп, шабан атқа мініп, қопаңдап қуа жөнелген бозөкпе бала екен. Бірақ кейін оның қазаншы екенін жасырып, кәнігі әскер, қытай армиясының батыры ретінде көрсетті. Міне, тағдырдың тәлкегі. Иә, Оспанның өзі айтқандай, құдай қара бастырды деген осы. Батыр басымен қазаншыға қолды болғанша, атысып өлсе – арманы жоқ еді.. Қазақтан құба жонда жортқан не бір арыстандар шықты ғой. Әттең қараңғылық, тоңмойындық-ай! Дәлелхан қаншама ақыл қосып, үгіт айтты десеңші. Соған мойынсынбады. Оспан үшін Дәлелхан – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор емес, он екі абақ керейдің шерушісінің Сүгірбайының ұлы ғана еді.
Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғамын. Әңгімелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым.
Бұдан әрі сөзді созудың реті де жоқ еді. Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен ауырып жатыр едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста