Жалғыз Жирен

Жалғыз Жирен

Ақын Бауыржан Жақып туралы үзік сыр

Қазаққа, қазақтың барша болмыс-бітіміне, дүниетанымына тонның ішкі бауындай қабысып кеткен бір ақын бар. Оның кез келген өлеңі – сурет. Ол сөзбен сурет салады.

Аспаннан жауа-жауа дәлу қары,
Күн сайын күртіктеніп қалыңдады.
Ақ боран терістіктен жылай соққан,
Шытқа орап, жерді көміп арулады.

Ұқсайтын жазылмаған дәптеріңе,
Дала да ақ, дөңестер де ақ, ақ бәрі де.
Аспанда бура бұлттар әрлі-берлі,
Жылжыды аузынан ақ төгіле.

От көрсе анадайдан орап қашып,
Қойлы сай, қойлы ауылды жанап басып.
Ұлитын түн жамыла аш бөрілер,
Даусымен ақ боранның қабаттасып...


Осылай кете береді, кете береді. Көз ал­ды­ңызға боранды түн елестейді. Өзіңіз­ден өзіңіз біртүрлі бұйығып, ақ боранның өтінде жалғыз қалғандай бойыңызды ызғар шарпиды. Міне, ақынның құдіреті!
Ортағасырлық Италия өнерінің зерттеушісі Вазарийдің Микеланджелоның жұмыс үстіндегі әрекетін суреттейтіні бар. «Ол алып мәрмәр тастың қажетсіз бөлікте­ріне қашауын қадап, қопарып алып тастап жатты. Егер ол қашауын сәл ғана қиыс ұстап немесе балғасы ішкі түйсігіне болар-болмас бағынбайтындай әрекет етсе, оның бүкіл жасап жатқан дүниесі қайта түзеуге болмастай бүлінген болар еді...»
Біздің ақынымыз туралы да осыны айтуға болады. Ақынның әр шумағындағы айтылар ой, бейнелі сөз – бәрі-бәрі қыз­дың жиған жүгіндей өз орнында тұруымен қымбат. «Іші – алтын, сырты – күміс» сөз жақсысымен құнды. Бұл ақынның және бір қасиеті – акварельмен салған суреттей негізгі түске жеткенше нәзік, жұқа бояулар­ды қабаттастыра отырып, айтарын астар­лап қана, емеурінмен жеткізе білуінде. Мұндай қабілет – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Ол бүй дейді:

Байқамаппын мен көзімді ашқалы,
Бар екенін дүниенің астары.
Қара жердің астарында асыл бар,
Қойнауына шөккен талай ғасырлар.

Қалың бұлттың астарынан жай құлар,
Қуаныштың астарында қайғы бар.
Жарықтың да астары бар қараңғы,
Ой да астарлы, ұстама, дос, жағаңды...


Қазір бізде астарлап айтудың уақыты өткен деген сыңайдағы пікірлер бар. Бұл түбірімен жаңсақ. Олай болатын себебі, тек өнер ғана емес, өмірдің өзі астарлы құбылыстарға тұнып тұр емес пе?! Астарлы сөз, астарлы ой жүрекке қандай сіңімді!
Және бір өлең оқып көрелік.

Бір сәтке, әже, тыныш па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып.
Отырушы едің ұршықпен,
Уақытты қоса иіріп.

Қолыңнан шыққан сыйлықтар,
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар мен минуттар,
Иірілетін жіп болып.

Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап, бұл – шыным.
Иесіз қалды төргі үйде,
Киелі сенің ұршығың.

Кетсең де алыс күнге ұшып,
Кетпейсің естен ендеше.
Өзің боп мені жүр құшып,
Сен тоқып берген кеудеше...


Өлеңді осы жерден-ақ шорт кессе де қандай әдемі! Өлең аяқталып, айтарын айтып-ақ тұрған сияқты. Бірақ ақын төмендегідей шумақпен шиырып әкеп бір-ақ нүкте қояды.
Өзімді сонда жұбатып,
Өмірде іштей күйінгем.
...Ұршық қой мына уақыт
Жіп қылып бәрін иірген.

Енді барып өлең өзінің шын мәніндегі табиғи парызын өтеп тұрған тірі дүниеге айналып сала береді. Ақын осыны қалт­қы­сыз сезіне білген. Астарлап кеп ой айтудың нағыз үлгісін көрсеткен десе болады.
Жалпы, біз сөз етіп отырған ақын – Бауыржан Жақыпта мұндай соқталы дүние­лер өте көп. Оның барлық өлеңде­ріне тән тағы бір ерекшелік – ол не туралы жазса да айтайын дегенін соңғы шумаққа әкеп бір-ақ түйіндейді. Абайдың поэзияға қойған барша талаптары Бауыржан шы­ғар­машылығында толық мазмұнға ие бола түседі. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде ұлт әдебиетінің мәйегіндей болып санала­тын санаулылар санатындағы Бауыржан ақынның алар асуы, атар таңдары ешкімді де бейжай қалдырмас.
Айтпақшы, Баукеңнің «Жасын» деп аталатын ғажап өлеңі бар. Мен Бауыржан­ның шығармашылығымен тұңғыш рет осы өлең арқылы танысып едім. Мұқағалидың 50 жылдығы аталып өтетін күні Алматы­дағы алып бір терекке жай түседі.
Бұл өлең тек автордың ғана емес, бүкіл ақындардың кредосы іспеттес...

Ақынды жүреді күш демеп небір,
Сондықтан әр өлеңді өбекте, өмір!
Айтулы той болар күн, таң алдында,
Жай түсті жайбарақат терекке бір.

Өзі өртенген ағаштың құтын да ала,
Дүрлікті ести сала бүкіл қала.
Тартылған темекідей жанып кетті,
Қалғаны сол теректен тұқыл ғана.

Шарлады жауап іздеп даусым көкті,
Ай да өтті, апта да өтті, маусым да өтті.
Тұқылын сол теректің өліп-өшіп,
Көктемгі күн сәулесі қаусырды, өпті.

Төгіліп мөлдір тамшы сауырынан.
Бұлт көшті Алатаудың бауырынан.
Қайтадан жыр-бүршіктер көзін ашты,
Бұталар қайта тарап тамырынан.

Тіріліп сол бір ағаш жырға айналды,
Жабырқау жанарына мұң байланды.
Үніне дүниенің құлақ түріп,
Өмірден неше түрлі тыңдайды әнді.

Тұнды да көкірегім сырға небір,
Шарықтап шығып кетті шыңға көңіл.
Толғандым. Келді сонда көз алдыма,
Өртеніп, қайта гүлдеп тұрған өмір.

Ойым да, сезімім де бөлек менің,
(Көзіме періштедей жебеп көрін!)
Төлеген, Жұмекендер қайда, Мұқа?
Жай түсіп жанып кеткен теректерім.

Ұшырған солар еді ғасыр құсын,
Табынып жырларына бас ұрды шың.
Қазақтың маңдайына ғана біткен,
Ақыным, сен қайдасың, асыл мүсін?

Заңғардан жұлдыз болып қара маған,
Ағаштай жасын түскен жанады адам.
Айтшы, аға, ақын болмай, кім болады,
Жыр оқып туған бала шаранадан?!


...Жігіттер, сырыңды ақтар іште жүрсе,
Шошынба, жасынды аспан түске кірсе.
Өмірге ғашық болып жыр жазайық,
Сол жасын мына бізге түскенінше.

Бауыржан ойлы ақын, ойландыратын ақын. Егер Бауыржан болмаса, ұлт поэзия­сының бір бояуы солғын, бір тіні кем болар еді. Бауыржан шығармашылығы өзінен бұрынғы Сәкен, Ілияс, Мағжандардың ғана емес, сон-оу жыраулар поэзия­сын­дағы Доспамбет пен Қазтуғандардан ұласқан ұлы сарынға барып тіреледі. Ұлы Абайға арқа сүйейді. Абайдың ділі мен діті Бауыржан жырларында жаңаша сипатта көрініс табады. Бауыржан жырларынан тереңнен жарылған дүмпулерді сезінесіз. Осындайда ғайыптан тайып есімізге мар­құм Бауыржан Үсенов оралады. Қос Бауыр­жан қатар жүрген өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі аяулы кезеңдер көңіл баурайды. Қос Бауыржан ұлт поэзиясының екі Жирені іспеттес еді-ау. Бір Бауыржанның ғұмыр жасы кідіріп, бір Бауыржан, міне, ердің жасына жетіпті. Қанатты пыраққа айналған поэзияның Жалғыз Жирені ұлы даланың төсінде түйдек-түйдек шаң қалдырып заулап барады...
Сөзімді марқұм Бауыржан Үсеновтің жырымен түйіндегім келеді. Егер Бауыржан тірі болғанда, өз аттасы, өз замандасына осы шумақтарды арнаған болар еді деп ойлаймын.

Сұңқарды сұңқар жоқтасын,
Сұңқарды сұңқар жерлесін.
Сұңқарды сұңқар соттасын,
Торғайлар соттай көрмесін.

Сұңқардың сорын қорғаңдар!
Сұңқар екенін білгесін.
Тарыға тойған торғайлар
Табанға таптап жүрмесін.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста