Жамбыл облысының «жеті кереметі»
«Әлемнің жеті кереметінен» қалыспайтын небір кереметтер Жамбыл облысында да табылады. Жуырда облыстық мәдениет басқармасы облыс аумағында орналасқан ғажайыптарға арнап арнайы байқау өткізген болатын. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша облыстың басты кереметі болып Хибатулла ат-Тарази мешіті танылды.
Байқауда «бағын сынауға» бұдан бөлек, алты бірдей ғажайып нысан да ұсынылған болатын. Олар XI ғасырда тұрғызылған «Айша бибі» кесенесі, Ақыртас, Қарахан мавзолейі, қорғандары мен балбалтастарымен таңғалдыратын Меркі ғибадатханасы, Көксай шатқалы, XVIII ғасырда тұрғызылған Ақ кесене бар. Сан ғасырлар сорабынан өтіп, бүгінге жеткен ғажайыптардың бәрін де 2009 жылы тұрғызылған облыстың бас мешіті басып озып кетті. Облыс тұрғындары өзіне ұнаған керемет деп санайтын нысанын ұсынуға мүмкіндігі бар болатын. Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, 200-ден астам кереметке ұсыныс түскен. Байқаудың қорытындысы бойынша альбом шығару қолға алынбақ. Оған сондай-ақ «Жерұйығым – Жамбылым» атты байқауда жүлдеге іліккен еңбектер де енгізілмек. Бұл байқау әдеби, мәдени, бейнелеу өнері мен музыкалық шығармаларға арналған болатын. Оның жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды.