Жаңа заман әдебиетін оқыңыз!
«Кітап оқымаған адам – тамырсыз қаңбақ», – дейді Алаштың арынды ақыны Фариза Оңғарсынова. Жаны бар сөз. Көбінесе «кітап оқымайдының» төңірегіндегі сын-пікірлердің бір парасы кейінгі кездері «қазақ әдебиетінде жаңа шығармалар жазылмай жатыр, кітаптар жарық көрмейдіге» келіп саятын. Осы олқылықтың орнын толтырғысы келген Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекет қоржынынан қаржы бөліп, «Жаңа заман әдебиеті: проза, поэзия, драма» сериясы аясында 400-ден астам су жаңа кітапты жарыққа шығарды.
Сонымен мемлекеттік тапсырыспен шығарылған кітаптарға республикалық бюджеттен 1 093 286 мың теңге қаражат қарастырылған. Жалпы таралымы 816 430 дананы құрайтын әлі сиясы кеуіп үлгермеген 407 кітап республикалық кітапханаларға үлестірілді. Ал тұсауы кесілген «Жаңа заман әдебиеті: проза, поэзия, драма» сериясы аясында шыққан кітаптар 45 атаудан тұрады, оның ішінде 25 прозалық, 19 поэзиялық шығарма оқырманға жол тартса, «Драматургия» бөлігі бойынша «Тәуелсіздік толғауы» байқауының ең үздік пьесалары топтастырылған «Өрілген өмір өрнегі» атты кітап жарыққа шықты.
«Министрліктің атқаратын жұмыстарының ішіндегі негізгілерінің бірі – кітап шығару, яғни осы қазақ әдебиетіне қолдан келгенше мемлекет тарапынан жасалып жатқан істерді үйлестіру болып табылады. Жалпы, министрліктің қолдауымен жыл сайын 380 аталымдағы кітап шығарылып келеді. Бұл – соңғы 2-3 жылдың көлеміндегі көрсеткіш. Әрине, олар бей-берекетсіз шығарылып жатқан шығармалар емес, арнайы топтамалар аясында жарыққа шығып жатқан дүниелер. Солардың ішінде айтуға тұрарлық топтама – «Жаңа заман әдебиеті: проза, поэзия, драма» сериясы. Негізгі мақсат Тәуелсіздік жылдары жарық көрген шығармалардың таңдаулыларының басын біріктіру еді. Олардың ішінде әдебиеттің аға буын өкілдерінен бастап, аты көпке таныла қоймаса да, жазған шығармаларынан үлкен үміт күтетін жас қаламгерлердің де шығармалары енді», – деді мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев. Бұдан кейін министрліктің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Қуат Бораш жарық көрген кітаптарға қатысты қосымша деректер келтіріп, жалпы шолу жасады.
Тұсаукесер салтанатына арнайы келген академик Мырзатай Жолдасбеков, ақын-жазушылар Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Жолтай Әлмашев игі бастаманың ақын-жазушылар үшін көп көмек екенін тілге тиек етіп, шығармалардың оқырманға жедел әрі тиімді жеткізу төңірегіндегі пікір-ұсыныстарын жеткізді
Арман ҚЫРЫҚБАЙ, ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі:
– Қазіргі кезде қазақ әдебиетіне қатысты түрлі әңгімелер айтылып жүр. Дегенмен қазақ әдебиеті қайтадан даму, жаңғыру алдында тұр деп ойлаймын. Мәселен, жақында ғана өткен жас ақындарды мүшәйраға іріктеп, таңдап алғанның өзінде 100-ден астам ақын қатысты. Сондай-ақ министрлік тарапынан «Жас толқын» сериясын қолға алып, ақындарды іріктегенде 30-дың төңірегіндегі жас ақындардың өзі жиырмадан асып жығылды. Яғни бұл мысалдардан-ақ қазақ әдебиетінің болашағы алда екенін көруге болады. Тағы бір айта кететін жайт – қазір жасы бар, жасамысы бар интернетте көп отырады. Ағаларымыздың «жастар кітап оқымайды» деген пікірін жиі естиміз. Алдағы уақытта министрлік тарапынан жарыққа шыққан кітап атаулының барлығының электрондық нұсқасын интернет желісіне шығару жөнінде ұсыныс жасап отырмыз. Бұл бастама баспа мен авторлар тарапынан қолдау тауып отыр.
Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын:
– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ақын-жазушылардың шығармаларын кітап етіп шығару – оңай болған заман. Бірақ солай екен деп, «қиыннан қиыстырып» жаза алатын, халық мойындаған ақын-жазушыларымызбен қоса, сапасыз шығармалар да еш шектеусіз шығып жатыр. Осыған тосқауыл қоятын бір жүйе қолға алынса, әділ сындар айтылса деймін. Қазір сын деген тақырыпты мүлдем жауып тастадық. Интернетке кірсеңіз, дөрекі, тапсырыс сындардан аяғыңыз сүрінеді, журналист те, мұғалім, дәрігерлер де сын жазып, әдебиетке билік айтатын болып алған. Осыған төрелік айтатын кез келген сияқты.