«Жаңаарқа» деген атты Сәкен қойған...
Тарихы тым тереңнен тамыр алған Жаңаарқа мақтан етер марқасқалардан кенде емес. Ханның да, қараның да құрметіне бөленген Байдалы бидің, әділетті Шоң бидің, елі мен жерін жаудан қорғаған Нияз, Аралбай, Байғозыдай батырлар өткен жерде Сайдалы сары Тоқа, Ықылас, Төлебай сал сияқты майталман өнерпаздар, қоғам және мемлекет қайраткері, әйгілі ақын Сәкен Сейфуллин, күні кеше ғана өмірден озған Алаштың Ақселеуі де туып-өскен өлке бұл.
Биыл осы Сарыарқаның кіндігі саналған Жаңаарқаның ресми түрде құрылғанына 80 жыл, әйгілі ақын С.Сейфуллиннің туғанына 115 жыл толып отыр. Атаулы қос мерекеге орай, Жаңаарқа жерінде дүрілдеп думанды той өтті. Ауданның іскер әкімі Хамит Омаров: «Бұл мерекеге екі жылдан бері дайындалып, ойға алған игі істеріміздің барлығын орындадық», – деді бізге берген сұхбатында. Сол игілікті шаралардың бірі – екі жыл бойы 13 миллион теңгенің қаржысына күрделі жөндеуден өткізіліп, Сәкен Сейфуллин есімімен пайдалануға берілген ауданның орталық кітапханасы. Кітапхананың ашылуына қаламгерлер мен Сәкен атамыздың туыстары қатысып, ақ тілектерін білдірді. Іле-шала жаңадан жөндеуден өткізілген Мәдениет үйінде «Сәкен туған Жаңаарқа» деген атпен республикалық жыр мүшәйрасы өтті. Бұл мүшәйраны Қазақстан Жазушылар одағы өзінің 75 жылдық мерейтойына орай, одақтың тұңғыш төрағасы болған Сәкен ақынның туған ауылында аудан әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастырыпты. Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлде мен 300 мың теңгелік ақшалай сыйлықты көрнекті ақын Кәкімбек Салықов еншіледі. Жүлделі 1-орын мен 200 мың теңгені Әбубәкір Қайран иеленсе, 2-орын мен 100 мың теңгелік қаржылай сыйды Төлеген Қажыбай, Жарас Сәрсек, Серік Сағынтайлар қанжығаларына байлады.
Сондай-ақ үш 3-орын мен жеті арнайы жүлде де өз иелеріне табыс етілді. Ақындарға берілген арнайы жүлделер осы өңірдің айтулы тұлғаларының атымен аталды. Мүшәйра шарты бойынша қатысушылар ұсынған екі өлеңнің бірі Сәкен Сейфуллинге, енді бірі Жаңаарқаға арналды.
Алаш ақындарының шабытына арқау болған Жаңаарқа мен Сәкен Сейфуллинге арналған жырлар келешекте жеке жинақ болып басылып шықпақшы. Жыр кешін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі ақын Иран-Ғайып жүргізді.
Мерекенің салтанатты ашылуы Тәуелсіздік саябағында өтті. Алыс-жақыннан келген жаңаарқалық азаматтар мен ақындардың, қадірменді қонақтардың құттықтау сөзінен кейін көрсетілген театрландырылған қойылым Жаңааарқаның арғы-бергі тарихын айна-қатесіз алдымызға жайып салғандай әсер қалдырды. Қойылымнан кейін Жаңаарқаның тумасы болған ақындар арнау айтып, әнші, күйші, бишілер әсем ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бимен барша жұртты шаттыққа бөлеп, той салтанатын арттыра түсті.
Түстен кейін аудан орталығы Атасу кентінен үш шақырымдағы Қарауыл төбе бауырында балуандар белдесуі, аламан бәйге мен құнан жарыстар өткізілді. Бас жүлделеріне темір тұлпар тігілген спорттық жарыстарды көруге келген көпшіліктің ықыласында шек жоқ.
Тағы бір атап өтерлігі, дүбірлеп өткен думанды тойдың бар шығынын осы ауданның тумалары өз мойнына алып, абыроймен атқарды. Мысалға, жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрайтын жыр мүшәйрасының қаржысын Алматыда тұратын жаңаарқалықтар шығарса, Қарағанды мен Астанада тұратын жаңаарқалықтар жарыстардың бас жүлдесіне берілген жеңіл көліктерді тарту етіпті. Астанада тұратын бір қауым жаңаарқалықтар «Асанқайғы-Жаңаарқа» қорын құрып, аудандағы әлеуметтік жағдайы нашар 36 отбасына 500 мың теңге көлемінде көмек ақша таратты. «Көп түкірсе – көл» демекші, жұдырықтай жұмылған жаңаарқалықтардың уыздай ұйыған берекесі арқасында арқа тойының салтанаты Сарыарқаға ғана емес, Алаш жұртына тарап жатты.
Қаперге!
Мерейтойлары тойланған Сәкен мен Жаңаарқа бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым сияқты. Ең әуелі Жаңаарқа Сәкен ақынның кіндік қаны тамған туған жері болса, екіншіден, Жаңаарқа атауын Сәкеннің өзі тарихқа енгізіп кеткен. 1928 жылы Ақмола округіне қарасты 15 ауданның бірі ретінде Асанқайғы болып құрылған аудан 1929 жылы 16 тамызда С.Сейфуллиннің ұсынысымен Жаңаарқа аталған.