Жанат Бақыт: Арнада “крышасы мықты” адамдар ғана қалды
Көпшілікке көгілдір экран арқылы танымал болған тележүргізуші, асыл жар, аяулы ана, бүгінде бірнеше жұмысты қатар алып жүрген іскер келіншек Жанат Бақытпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Қарапайым әрі еңбекқор Жанат ханым қызметі мен кәсібі, отбасы мен қазіргі ұйымдастырып жатқан байқауы жайында кеңірек тоқталып, бақытты отбасының құпияларын бөлісті.
– Көңіл-күйіңіз қатты түскенде, қатты ашуланғанда не істейсіз?
– Дүние төңкеріліп кетсе де орнынан қозғалмайтын адамдар болады ғой, мен сондайлардың бірімін. Күйіп-пісіп, бақырып-шақырып ашу шақырған кезім болмапты. Бұған қасымдағылар куә. Бұрын «неге осы ел сияқты ұрсысып, жаға жыртыспайды екенмін?» деп мінезіме көңілім толмайтын еді. Ал қазір есейе келе, Алланың маған берген ең үлкен сыйы-көркем мінез, оның ішінде түбі алтынға жеткізер сабырлық екенін түсініп жатырмын. Біреу ренжіте ме «Ол неге өйтті? Ал менен қандай қате кетті?» деп өз-өзімнен сұраймын. Сосын барып шешім шығарамын. Өзгенікі дұрыс емес пе, ақырын ақылмен жеткіземін. Есесіне ауыр сөзбен жүрегін жараламаймын. Сол ашумен жеңіске жеткен адамды көрмеппін.
– Бірнеше жылғы телевизия саласындағы жұмысыңызды ауыстыруға не себеп болды? Неге прокуратура?
-…Ойлап қарасақ, мәңгі ештеңе жоқ. Тіпті сіз де, мына мен де бұл өмірге қонақпыз, бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Оның қасында қолдың кірі-қызмет деген не, тәйірі!
Көгілдір экран алдында 12 жыл қызмет еттім, эфир арқылы xалыққа танымал болдым. Кәсіпке кетуіме де осы жүргізуші болуым себеп болды. Өкпем жоқ. Бет бояп, дап-дайын мәтін оқып, яки, ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүрдім. Ол жұмыс ұнады өзіме. Бірақ іштей ұялатынмын. Мен мәтін жазбадым, қара жұмысты істеп жүрген журналистің дайын подводкасын ғана оқыдым. Сөйтіп жүріп 12 жылдың қалай зу етіп өткенін байқамай қалдым. Не өспедім. Не өшпедім. «Мен осы қашанғы отырам? Ерте ме, кеш пе, эфирді жас буынға босату керек болады ғой? Неге жас кезімде қимылдамасқа? Кейін 40-қа не 50 жасқа дейін отырсам, кету мүлде қиын болмай ма, сонда басқа қызмет таппай сансырап қалмаймын ба?» деп күнде өз-өзімнен сұрайтынмын. Сөйтіп жүріп тұрмысқа шықтым, екі баланы өмірге әкелдім, жаңалықта да жүре бердім. Бірақ ақыры батыл шешім қабылдауыма мына жайт түрткі болды!
Бірде «КТК» арнасының жаңа бастығы Қанат Саxариянов шақырып, тез арада орнымды босатуымды өтінді. Себебін сұрап ем, «орның басқа адамға керек боп тұр» деп ашығын айтты. Қызым 2 жаста еді, заң бойынша 3 жасқа толғанша шығуыма , немесе шығаруына рұқсат жоқ еді. Мен ғана емес, сол арна ашылғалы қызмет етіп келе жатқан бірнеше мықты дикторға қысым көрсетілді. Ашығын айтқанда, «крышасы мықтысы» қалуы тиіс болды. Бұл намысымызға тиді, әрі ойлана келе осылай болғаны жөн сияқты көрініп, бір-ақ күнде кетіп қалдым. Мен оған өкінбеймін. Кеткеннен жақсы болмасам, жаман болмадым. Әйтпесе не өспей, не өшпей неше жыл отыратынымды Құдай білсін!
Өткен аптада Қанат Саxариянов та (КТК-ның сол кездегі басшысы) орнын босатты, қызметтің «мәңгі емес» екенін түсінген болар ол да. Жалпы кез келген дүниенің «уақытша» екеніне көніп, псиxологиялық тұрғыда дайын жан-мықты адам дер ем!
Дәл сол сәтте мемлекеттік қызметтен ұсыныс түсті. Келістім. Ол жұмыс өзіме ұнады, өзімді жаңа қырынан көрсеттім. Көрсетер едім-ау. Бірақ… Мемлекеттің жұмысы болған соң таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін қызметте отыруың керек. Керек емес, шарт! Ал тұңғышым биыл мектепке барды. Оны апарып, әкелу керек, қосымшасы, бассейні бар, қызымды балабақшаға апарып, әкелу керек. Үйдегі қатып қалған заңдылық бойынша кешкі 7-де тамақ дайын болу керек. Газет бар. Дүкен бар. Жұмыскерлерім бар. Қысқасы, алдымда екі таңдау болды: карьера қуалап, прокурор болу немесе отбасы. Мен екіншісін таңдадым, әрине…
– Жетістікке жетуіңізге, ел алдында осындай абыройға ие болуыңызға жолдасыңыздың қолдауының арқасы деп білеміз. Жалпы ол кісі қандай жан? Немен айналысады?
– Жолдасым Ершат газ саласында қызмет етеді. Арамыз 4 жас. Биыл танысқанымызға 17 жыл бопты. Бір баланың туып, ер жетіп, отау иесі болатын уақыты. Ол мені 8 жыл күтті. Арасында ренжісу, түсінбей қалу деген болмады емес, болды. Бірақ барлық «қиындықтарды» ақылға жеңдіріп, ақыры бас қостық. Күте білген жігіт-алады.
Екеуміз қыз-жігіт боп жүргенде кафеде тамақ ішу тұрмақ, жолға жететін ақшамызға балмұздақ алып қойып, үйге жаяу қайтатынбыз. Жолдың ұзақтығынан, аяғым қажап қан сорғалап келе жатса да, сыр білдірмейтінмін. «Ақшаң жоқ, үйің, машинаң жоқ» демедім. Бірақ кейін көлікті де, үйді де қол ұстасып бірге жүріп алдық. Екеуміз де адал еңбекпен келген нанның қадірін «өте жақсы» білеміз. Ол өте ақылды. Үнемі маған бағыт-бағдар беріп отырады. Бірдеме болса ақылды содан сұраймын. Күйеуі әйелінен ақыл сұрағаннан, әйелі күйеуінен сұраған жақсы көрінеді ғой сырт көзге. Ешқашан ұрсыспадық, бір-бірімізді қас-қабақтан білеміз. Сыйластық болса, отбасының тіреуі мықты болады екен. Сеніңіз.