Жанболат пен Жазира: Әрлеушісін таппаған ән тыңдалмайды
– Кейінгі кезде сіздерді сахнадан гөрі «Еларнадан», «Бәрі есімде» бағдарламасынан жиі көретін болып жүрміз. «Еларна» таңдауының өздеріңізге түсу себебі неде деп ойлайсыздар?
– Бағдарламаның продюсері Арман Сқабылұлы ағамыздың айтуынша, отбасымен отырып тамашалайтын бағдарлама болған соң, жүргізушілерінің де соған сай, тату-тәтті жұбайлар болғанын қалапты. Сараптай келе, таңдау екеумізге түссе керек. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Алғаш осындай ұсыныспен қоңырау шалғанда біз Аралдағы ауылымызда жүргенбіз. Ата-ана, ағайын-жұрт тегіс қуанды, шыны керек. Бірақ біз «эфирге күллі көрерменнің алдына шығу оңай шаруа емес, «біз оған қаншалықты дайынбыз» деген ойдан жүрексіндік. Қанша жерден ән айтып, сахнаны көріп жүрміз дегенмен, әнші жүргізушілікке асқан жауапкершілікпен келуге тиіс. Сондықтан біз алдын-ала дайындалып барып келдік. Ән жайлы, өнердегі тұлғалардың өмірі жайлы бағдарламаны жүргізу барысында өзіміз де көп нәрсе үйрендік.
– Айдындағы қос аққудай сахнада қатар жүргендеріңізге сырт көз сүйсінеді, бірақ мүмкін жұбайлардың өнерде қатар жүруінің өзіндік қиындықтары да бар шығар?
Жазира:
– Рас, әншілердің ішінде «әрдайым біргесіңдер, бір-біріңе сенесіңдер» деп бізге қызығатындарын айтып салатындары аз емес. Саят Медеуов сияқты достарымыз Жанболатқа қалжыңдап: «Әйелің ылғи қасыңда, арқандаулысың ғой, құрдасым», – деп те тиіседі. Жанболатқа қиын болмаса, маған еш қиындығы жоқ (күлді). Бірақ бір нәрсені анық айта аламын, егер Жанболат әнші болмағанда, мен бүгінгідей сахнада жүрмес едім.
– Қалжыңсыз солай ма, Жанболат аға? Егер Жазира әнші болып, сіз басқа саланың маманы болғанда, онда әйеліңізді сахнаға шығармай, тордағы тотының күйін кештірер ме едіңіз?
Жанболат:
– Әйелдің өнерде жүруі мұсылманға, қазаққа жат нәрсе ғой. Сондықтан нағыз қазақтың жігіті ретінде мен де әйелімнің ұдайы ән салып жүруіне келіспес едім. Сондықтан менің әнші болғаным Жазираға қандай жақсы болған (күлді).
– Алғаш Жазираға қалай ғашық болдыңыз?
– 23 жаста болатынмын онда. Кімнің де болса көзі түсетіндей сұлу қыз... Оның үстіне бір оқу орнында оқыдық. Әдемілігімен қатар қарапайымдылығы қатты ұнады маған. Жігіттің алдында кергіп тұрмай, ер-азаматты сыйлайтындығын көрдім. Ал жарыңның бойында ондай қасиеттің болуы – басты шарт.
– Студент кезден бірге ән салушы ма едіңіздер? Бәлкім, ішкі үндестікті үндеріңіз арқылы сезінген шығарсыздар?
Жазира:
– Жалпы, үйде де бауырларым ән айтса, екінші дауысты алатынмын. Сол әдетіммен студенттер бас қосып, ән салғанда да Жанболат бірінші дауысты алса, өзімнің қалай екінші дауыста қосылып кететінімді байқамай қалады екенмін. Дастарқан басында, көңілді кештерде ән салып жүрдік. Аралға келін боп түстім, сонда да екеумізде тек «сондағы Мәдениет үйінде бірге жұмыс істесек» деген арман болатын. Алматыға бізді тағдыр айдап келді, әйтпесе, «екеуміз дуэт құрып, үлкен сахнаға шықсақ» деген ой бізде мүлдем болған емес.
Жанболат:
– 1994 жылы үйлендік. Жазираны ауылға алып кеттім ғой. Ал онда көбі сол көрші ауылдың қызына үйленетін, сондықтан Алматыдан сұлу келіншек алып барғаным ауылда кәдімгідей үлкен оқиға болды. Бұл – бір, екіншіден, әртіс дегенге «жын-сайтан» деп қарайтын әдет бар ғой қазақта, сол әдетпен ауыл-елдің бізге алғашқы кезде «осы екі әртіс үй боп кетер ме екен өзі» деген көзқараспен қарағаны рас. Жаппай жұмыстан қысқарту болып жатқан тұс, ауылдан жұмыс табылмады. Содан өзі көкейде Алматы жүрген, осындағы ағам шақыртты да, тартып отырдық қой. «Сонда ауылдан жұмыс табылмағаны да жақсы болған» деп қоямыз кейде.
– Қазір Алматыда, Астанада болсын, басты мәселе баспана болды ғой. Жеке баспанаға қолдарыңыз жетті ме?
Жазира:
– Осыдан үш жыл бұрын бізге біреулер «Үкіметтенбіз» деп хабарласты. Жоғарыдағылар біздің әндерімізді ұнатып, тыңдайды екен. Соны бір сұхбаттарымызда айтқан болатынбыз. Артынша үй алдық. Сөйтсек, ел-жұрт «Жанболат пен Жазираға Үкімет үй беріпті» деп шығарыпты. Шын мәнінде, үйді біз өз ақшамызға сатып алған болатынбыз. Осы уақытқа дейін ешбір есікті қағып, ештеңе сұраған да, алған да емеспіз. Тіпті күні кешеге дейін «Гүлдерге» жұмысқа тұрғанша бізде еңбек кітапшасы ашылмапты, зейнетақы қорының жүрмегендігі өз алдына.
– Екеуіңіз алғаш бірге орындап шыққан ән қандай еді? Содан бері ән таңдауда қандай да бір өзгеріс бар ма?
Жазира:
– Менің туған ағам Ербол Байырбековтің «Сүйгеніңді бағала» әні болатын. Содан бері «Аллаға шүкір» деу керек, бірнеше ән жаздырып, бүгінде екі бірдей жинағымызды, төрт бейнеклип шығарып үлгердік. Әрине, өнерде жүрген біршама жылда түйген тәжірибеміз бар, ендігіде «мен сені сүйем» болмаса «сені таптым, бірге жүрейік» дей беру ыңғайсыз сияқты. Біздің ерлі-зайыпты екенімізді ел онсыз да біледі. Ұлымыз он үшке толды. Сондықтан бүгінде философиялық мәні терең, адамды белгілі бір ойға жетелейтін ән орындайтын кез келген сияқты. Соңғы кездері Шәкәрім атамыздың «Анадан алғаш туғанда» әнін, сонан соң Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Сауран Елеуовтің «Армысыңдар, адамдар!» әнін орындап жүрміз. Ана, әке жайлы ән іздеп жүрміз.
– Бір-бірлеріңіздің әншілік қырларыңызды сұраудың қажеті шамалы, ал енді екеуіңіздің отбасында қандай әке, қандай ана екендіктеріңізді бір-біріңізден артық ешкім білмесі анық. Алдымен, Жанболат, сіз айтыңызшы, Жазира қандай жар, қандай ана? Оның қандай қырын сіз өзгелерге үлгі етер едіңіз?
– Ер адамдар, шыны керек, сыртқы кейіп танытып, дүрдиіп көрінгенімізбен, көңіл түкпірінде бала болып қала беретіндейміз. Ал әйел –ана, ол – үйдің жоғын түгендеп, жыртығын бүтіндеуші. Жазирада сол қасиеттің бәрі бар. Тамағы дәмді, қабағы ашық. Мен айтпай-ақ менің анама қоңырау шалып, жиі халін біліп тұрады.
– Мүмкін, мінезінде анаңызбен ұқсас қырлары бар шығар, қазақта «келін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар ғой?..
Бұл сұраққа Жазираның өзі еріксіз араласты.
Жазира:
– Менің енеме ұқсағым келеді, бірақ ұқсай алмай жүрмін. Мен бос, көңілшекпін, аңқаулаумын да, енем болса, өте мықты адам: жеті келінді тату-тәтті ұстап отыр. Ешбір баласы не келіні бетіне қарсы келе алмайды. Анасының көзінше балалары бір-біріне қабақ түйе алмайды.
– Есімі кім аяулы ананың, осы тұста атап қойсаңыздар, көңілі бір көтеріліп, мерейі тасып қалсын...
Жазира:
– Маған енемнің атын атауға болмайды ғой...
Жанболат:
– Қалампыр – анамыздың аты. Әкем 1993 жылы, мен студент болып жүргенде қайтыс болып кетті. Отбасында тоғыз ағайындымыз. Мен жетіншімін. Әкеміз қайтыс болған соң, бізді бағып-қағып жетілдірген өзі.
– Кімдермен шығармашылық байланыстасыздар? Біз осы үнемі әннің авторларын атап, ал оны өңдеп, керемет етіп шығарған аранжировщиктерді ұмыт қалдырады екенбіз.
– Иә, шынында, нағыз еңбек – аранжировщиктердікі. Әннің тағдыры өңдеушіге тікелей байланысты. Қалай қиын десеңізші олардың жұмысы! Мен мәселен, баламның ән өңдеуші болғанын қаламас едім. Миға сұмдық күш түсіретін әрі құлақтың есту қабілетіне зиян келтіретін жұмыс. Ал енді қазіргі кезде әнді аранжировкасыз тыңдау мүмкін емес. Кейінгі кезде біздің көптеген әндерімізді әрлеп жүрген ВR style тобының әншісі Руслан деген жігіт. Арман Бексұлтан, Ринат Әубәкіровтер, Әсет те әнімізді өңдеген. Ал ең алғаш әндерімізді Дүйсенхан Сыздықов ағамыз жасады. Осы газет арқылы жоғарыда аты аталған азаматтарға алғыс айта кеткіміз келеді.