Жанна Абуова менен бас тартпайынша, мен ешқашан бас тартпаймын – Қуандық Рахым
Ол – жаңадан жұлдызы жанып келе жатқан жас әнші. Әні мен сәні келісіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп те үлгерді. Today.kz сайты әнші Қуандық Рахымды сұхбатқа шақырған еді.
Қуандық Рахым Today.kz сайтымен әңгімелесуге директоры Арасат есімді жігітпен бірге келді. Келісілген уақыттан кешікпеген жас жұлдыздың сөзіне беріктігіне сүйсіндік. Біз отырған "Бауырсақ Сити" кафесінде адам аз болғанымен, Қуандықты бәрі танып отырды. Әсіресе, сонда отырған әжелер жас әншіге ақ баталарын жаудырды. Ал біз Қуандықтан сыр тартуға кірістік.
– Қуандық, әңгімемізді отбасыңыздан бастасақ. Қанша ағайындысыздар?
– Біз отбасымызда 4 ағайындымыз. Екі ағам, бір інім бар. Ол кісілер қазір Қарағанды облысы, Жезқазған қаласында тұрады. Отбасымызда інім екеуміз өнерге жақынбыз, ән айтамыз, домбыра тартамыз. Ал ағаларым мүлдем өнерге жақын емес. Негізінен өнер жағы анамыздан дарыған, жас кезінде облыс көлемінде танымал әнші болған. Бірақ кейіннен ән айтпай кетті. Бірақ әкемде де өнер жоқ емес, негізінен екі жақтан да дарыған.
Ойымдағы аруды әлі кездестірмедім
– Бір сұхбатыңызда "Болашақ жарым ұрпақ тәрбиесінде қазақилықты балаларыма сіңіретін адам болуы керек" - депсіз. Осы талаптарыңызға сай аруды жолықтырдыңыз ба?
– Жоқ әлі, ойымдағы аруды кездестірмедім. Негізі иманды, ибалы, салиқалы қыздардың көп екеніне күмәнім жоқ. Бірақ қазіргі таңда сезімге берілетін, романтик болатын уақыт болмай жүр, өкінішке орай. Сондықтан зер салып іздемедім деп айтуға болатын шығар.
– Өнер деп жүріп, жеке өміріңізге көңіл бөлмей қалам-ау деп қорықпайсыз ба?
– Жоқ, қорықпаймын. Себебі өнер өмірімнің бөлшегіне айналған десем де болады. Өмірім сол өнерден тұрады. Өнерді сүйіп өскеннен кейін, содан артық ештеңе болуы мүмкін емес. Ал отбасы – құрылатын нәрсе.
– Қандай шығармашылық жаңалықтарыңыз бар?
– Көптеген жаңа ән жазылып жатыр, жақын күндері жаңа әндер жаңа бейнебаяндар шығады. Және 27 желтоқсанда өзім концерт берсем екен деп армандап келе жатқан Республика сарайында жеке концертімді өткізсем деген жоспар бар, Алла қаласа. Алғашқы жеке концертімнің бір бөлігі дәстүрлі әндерге арналады. Бір-екі ән ғана емес көптеген әнді домбырамен айтып, дәстүрлі әндерді халыққа паш етпек ойым бар. Концерттің басты ерекшелігі – осы және жаңа дуэт жаздырып жатырмыз. Ол әзірге құпия, концертте көретін боласыздар. Жақын күндері "Қош, махаббат" әніне түсірілген бейнеклипті көріп қаласыздар. Және әлі жарыққа шықпаған тағы бір әнімізге бейнебаян түсіру ойда бар. Бұйыртса ол да болып қалар. Бізден жақсы жаңалық күтіңіздер.
– Қазіргі қазақ эстрадасындағы өзіңіздің қатарластарыңыздан кімді бәсекелес көресіз?
Іштей бәсекелестік болады, әрине
– Қазіргі эстрада да менімен қатарластар өте көп. Бірақ ешқайсысына қызғаныш сезімімен қарап көрмеппін. Іштей бәскелестік болады, әрине. Олар хит әндер жаздырып жатса, көптеген бейнеклип түсіріп жатса. "Неге маған бейнебаян түсірмеске, неге ән жаздырмасқа" деген ойлар болады. Бірақ ешкімге жаман ойларды ойлап көрмеппін. Бәсекелестік менің әрі қарай тағы да Қуандық Рахым болуыма өз септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Репертуарыңыздағы "Болайық бірге" әнін алғаш Гауһар Сардарбекпен орындадыңыз, кейіннен Альбина Шардаровамен айттыңыз, ал қазіргі таңда Ерке Есмаханмен дуэт болып жүрсіз. Орындаушыларды ауыстырсаңыз да, бұл әнді репертуарыңыздан алмауыңызға не себеп? Ал Ерке Есмахан айтудан бас тартса кіммен айтар едіңіз?
– Жасыратын ештеңесі жоқ осы әнмен халыққа кішкене болсын танылдық. Сондықтан бұл әнді ешқашан тастамаймыз. Көрерменнің сол әнге ықыласы жоғары болғаннан кейін бұл әнді айтып жүре береміз. Тіпті кейбір концерттерде орындамай жатсақ, орындап беруімізді сұрайды. Ал Ерке Есмаханмен Батыс Қазақстанда концертте бірге өнер көрсететін болған соң ғана, бірге айтқанбыз. Еркеден кейін ешкімге ұсыныс білдірмейтін едік. Ал Альбинамен "Болайық бірге" әнін енді бірге айтпаймыз. Солай деп шештік. Өйткені Альбинамен қазіргі таңда шығармашылық байланысымыз жоқ. Бірге дуэт те болып жүрген жоқпыз, оның жеке өміріне байланысты біз осындай шешімге келдік. Ал өмірде ағалы-қарындас болып араласып тұрамыз.
– Қазір эстрада әншілерінің өзінің жеке меншік ақындары бар. Мысалы, Ғаділбек Жанай Ринат Зайытовты, Төреғали Қайнар Алакөзовті, Еркін Нұржанов Аян Сейітовті, Қуандық Рахым Нұржан Өмірбаевты меншіктеп алған деген пікірлер бар. Осы пікірмен келісесіз бе?
– Иә, мен бұл пікірмен келісемін. Нұржан Өмірбаев ағамыз менің көптеген әнімнің сөзін жазған. Тіпті әлі өмірге келмеген әндерге де ой қосып, идея салып жүреді. Менің жеке меншік ақыным болмаса да, көптеген хит әндерімнің сөзін жазған ақын.
– Продюссеріңіз Жанна Абуованы қаншалықты танып үлгердіңіз?
– Мен Жанна ханымды 1 жыл 2 айдың ішінде толық таныдым деп айта аламын. Сондай ақылды, шариғаттың жолымен жүретін, таза, намазын қаза қылмайтын иманға берік жан. Мен өзімнің ата-анама қандаймын, Жанна ханымға да тура сондаймын. Жанна ханым продюсерім болғанын мақтанышпен айта аламын. Жанна ханым менен бас тартпайынша, мен одан мүлдем бас тартпаймын. Жақында Жанна ханым "Жеті ғасыр жырлайды" кітабын сыйға тартқан болатын. Өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Көбінесе тарихи кітаптар оқимын. Бірақ соңғы уақыттарда уақыттың тығыздығынан кітап көп оқымай кеттім. Енді Жанна ханым сыйға тартқан сол кітапты оқып бастасам деп жүрмін.
Дәстүрлі әнге деген халықтың қошеметі эстрадалық әнге қарағанда екі есе жоғары
– Өзіңіз дәстүрлі ән факультетінде білім алдыңыз. Бірақ эстрадаға бірден ауыстыңыз, "дәстүрлі әнге сатқындық жасадым" деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, сатқындық деп айтпас едім. Себебі дәстүрлі ән, домбыра деген нәрсе мұрнының ұшына келмейтін адамдар бар. Сондықтан жастарға дәстүрлі әннің не екенін, домбырамен ән айтқанның не екенін таныту бұл мен үшін мәртебе. "Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте" деген сөз бар қазақта. Сондықтан дәстүрлі әндерді эстрада арқылы таныту менің парызым деп білемін. Репертуарыма дәстүрлі әндер міндетті түрде қосылады. Тіпті бір әнжинағым эстрадалық әндерге арналатын болса, бір әнжинағым дәстүрлі әндерге арналады деп жоспарлап отырмыз. Негізінен тыңдармандардың дәстүрлі әндерді тыңдамайды дегеніне келіспес едім. Көптеген гастрольда жүргенде көзімнің жеткені, жастар болсын, үлкендер болсын дәстүрлі әнге бей-жай қарамайды. Бұл менің көңілімді қуантады. Дәстүрлі әнге деген халықтың қошеметі эстрадалық әнге қарағанда екі есе жоғары.
– "Музарт лайвқа" қатысқаныңызды білеміз. Финалға дейін жеттіңіз. Бірақ соңғы сәттерде нәтижесі түсініксіздеу болды. Бұл байқауға қатысудағы негізгі мақсатыңыз қандай болды?
– Мен жартылай финалға дейін жеттім. "Музарт лайвқа" қатысудағы басты мақсатым "Музарттағы" ағаларымызды жақыннан тану, олармен араласу болды. Сол уақыттарда енді танылып келе жатқан кезеңдер еді ғой, тағы бір мақсатым "Қазақстан" ұлттық арнасынан жылт етіп болса да, бір рет көріну еді. Бірақ бұл байқауға қатысқаныма өкінбеймін, қайта қуанамын. Тәжірибе жинадым, көптеген дос таптым. Кезінде сол байқауға бірге қатысқан бауырларымызбен әлі күнге дейін жақын араласып тұрамыз. Алдағы уақытта республикалық болсын, халықаралық болсын байқауларға қатысып бағымды сынап көргім келеді. Қазір телеарналардан көрсетіп жүрген "Жекпе-жек" сияқты тележобаларға алдағы уақытта ұсыныстар түсіп жатса, барып бағымды сынап көрер едім.