Зарина Омарова шоу-бизнестегі тоқалдар туралы пікірін ашық айтты (фото)
Елімізге танымал сазгер Марат Омаровтың қызы Зарина Омарова сегіз жыл үзілістен кейін сахнаға қайта оралды. Бір кездері «Жан гүлім» әнімен халықтың жадында жатталып қалған әнші бірнеше жылдар ішінде қазақ сахнасында орын алған өзгерістер мен көпшілікті таңғалдырған диетасының құпиясын NUR.KZ порталына берген сұхбатында айтты.
— Зарина ханым, сегіз жыл бойы сахнадан мүлдем көрінбей кетуіңіздің басты себебі неде?
— Мен сегіз жыл бойы сахнаға мүлдем шықпадым. Отбасын құрғаннан кейін жолдасым екеуміз сондай шешімге келдік. «Ол сен өнеріңді тастамайсың, әніңді айтып жүресің» деді. Сахнадан алыстау туралы менің де ойым болмады. Бірақ, жас отбасы болған соң алғашқы жылдары жұбайым екеуміз жиі қыдырып, бір-біріміздің жанымыздан шықпай жүрдік. Осылай жүргенде дүниеге тұңғышым келді. Өзім қатты балажан болдым, сәбиімді өзім шомылдырып, ешкімге сенбестен қарадым. Оның үстіне бала емізгеннен кейін қатты толығып кеттім. Алғашқыда кішкентай сәбиіммен концертке шығып көрген едім, қасымда көмекшім де бар. Барлық керек заттарын алып алғанмын. Қанша дегенмен, ән айтып тұрғанда бар ойым баламда болды. Сахнаның сыртында оның жөргегін ауыстырып, жылаған баламды жұбатып, қарбаласып кеттім. Сосын күйеуіме мұның бәрін қатар алып жүре алмайтын шығармын дедім. Ал күйеуім: «Онда осы балаларды біраз өсіріп алайық, сахнаға содан кейін шық»,-деді. Тұңғышымнан кейін екінші балам өмірге келді. Осылай отбасы, бала-шағаның қамымен өнерден алыстап кеттім, бірақ мен сегіз жылға кетемін деп ойламадым.
— Ал қайтадан сахнаға оралуыңызға не түрткі болды?
— Қызым үш жасқа келгенде жолдасым: «Қой, сен осылай отыра бересің бе?! Өз-өзіңе келіп, сахнаға шықсаң болады. Мен сені қолдаймын, саған бар жағдайды жасаймын», — деді. Сонымен екеуміз қол алысқандай болдық. Мен жарты жылда салмақ тастап, арықтаймын дедім. Негізінен, менің сахнаға шығуыма жолдасым көп көмегін тигізді. Ол «менің әйелім әдемі, күшті болып жүруі керек» деді. Шынын айтсам, осы әңгімеден кейін түнімен ұйықтаған жоқпын. Өйткені, ол әйел адамға әсер ететіндей батырып айтты. «Ол мені жақсы көрмейді екен, мені сүймейді екен. Мен толығып кеттім, әдемі емес екенмін», - деген ой келе бастады. Содан соң өз-өзімді қолға алып, диета ұстап, спортпен шұғылдандым.
— Бір кездері қатты толығып кеткен едіңіз. Бүгінде мүлдем басқа Заринасыз. Арықтағана дейін салмағыңыз қанша еді?
— Мен босанғаннан кейін 80 келі болғанмын, жарты жыл ішінде 25 келі салмақ тастадым.
— Құпия болмаса қандай диета ұстағаныңызды айтып берсеңіз...
— Ең бастысы - дұрыс тамақтану. Тамақты күніне бес рет аз-аздан ғана жейсің. Арнайы кішкентай кесе алып қойдым. Барлығына тәрелкеге салсам, өзіме жаңағы кесеге саламын. Кез-келген тамақты жей бердім, себебі ағзаға дәрумен керек. Таңертең тұрғанда бір тілім нан жеймін. Он екіге дейін кемінде бір литр су ішу керексің, спортпен айналысу бар. Бір құпиямды ашайын, мен жатарда бір стақан айранға бүтіндей бір лимонның суын қосамын. Осылайша асқазаныңыз ұйықтағаннан кейінде жұмыс істеп тұрады. Босанғаннан кейін қалпыңа келу үшін көп нәрседен бас тарту керексің. Диетада қиыны - дастархан басында отырып, өзіңді тежеу. Себебі байқамастан көп нәрсе жеп қоясың. Осыны білгеннен кейін, кеседегі тамағымды ғана жеп, тез тұрып кететін болдым. Әрине бір-екі ай өте қатты қиналдым, жылағанымды да жасырмаймын. Тамақты тойып жеп үйреніп қалғасын, қарның ашқаннан түнімен ұйқы жоқ. Бір түсінгенім - қайтадан қалпыма келу өзіме керек болған екен. Балаларым мен жұбайым мені қандай қалпымда болсын жақсы көреді, оның үстіне сахнаға шығасың деген соң, осылайша дайындалдым. Себебі сахна киелі орын, халыққа үлгі болып, ел алдында жүрген адам болған соң, өзіңнің эстетикалық сұлулығына көңіл бөлу әр әншінің міндеті.
— Араға жылдар салып сахнаға оралдыңыз. Бұдан сегіз жыл бұрынғы және қазіргі сахнаның айырмашылығы қалай сезілуде?
— Сегіз жыл уақыт өтсе де, сахнаға қайта оралғаныма қуанышытымын! Ал айырмашылыққа келетін болсақ, қазіргі жастарымыздың ізденісі қуантады, жаңа бағыт, жаңаша стиль, бәсеке көп дегендей. Қыз-жігіттеріміздің талғамы өскен, көпшілігі жастар. Бірақ, бір өкініштісі халықтың есінде қалуға деген мүмкіндік аз. Бұрын біздер халықтың есінде қалатынбыз. Себебі жақсы айтатын әншілер аз едік. Қазір жаңа жобалар көп шығуда, кімнің қандай екенін тіпті жаттап үлгере алмайсың. Көпшілігі батысқа еліктеп кеткен, сол жастарымыз қазақы калоритімізді, қазақтығымызды сақтаса дейсің. Жанды дауыста айтуды сәнге айналдырса... Әйтпесе қазір теледидарда кей әншіге жанды дауыста айтып жіберсеңіз десе, сасқалақтап қалып жатады. Тамағым ауырып тұр деген сылтау бар. Тамағың ауырып тұр ма, соны әніңмен жеткізіп, дәлелдеу керексің. Халық өзі даусыңды естіп, мынаның тамағы ауырып тұр екен ғой деп өзі айтсын. Бір байқағаным, бүгінгі жас тыңдармандар заманауи қазақ әндерін тыңдағанды жақсы көреді. Бұл өте қуантарлық нәрсе. Осынша уақыт аралығында мені ұмытпай іздеген, күткен, сағынған тыңдармандарым бар екен. Осының бәрі жеке менің жеткен жетістігім шығар.
— Халықтың есінде көп қалмайды деп қалдыңыз. Көп әншінің бірі болмай, халықтың есінде қалу үшін әншіге қандай қасиет керек?
— Жасандылық болмауы тиіс. Үйде қандайсың, сахнада да сондай шынайы болуға тиістісің. Қазіргі көп қыздар образға кіріп алады. Бәрінде бір түр, бір қас, бір кірпік, бір ерін. Яғни, ешқандай айырмашылық көре алмайсың. Әлбетте кемшілігіңді жасыруға тиістісің, бірақ әр нәрсенің орны бар ғой. Тым жасанды болып кетуге де болмайды. Мені көргендер «Ой, Зарина ернін жасатып алған», «Кореяға барып денесін тартқызып келіпті» деп жатады. Бірақ, мен мүлдем ота жасатқан емеспін.
— Бір сұхбатыңызда сахнаға қайта оралғаныңызда көптеген әншілер өзіңізді дұрыс қабылдамады депсіз...
— Бұрынғы әртістердің көпшілігі мені жақсы қабылдады. Ал жастар жағы онша тани бермеді. Кейіннен ғана «Зарина апайсыз ба, халыңыз қалай? » деп сыйластық танытып жатты. Басында мені танымағандықтан көбі жылы қабылдамады деп ойлаймын. Кейіннен бәрі таңғалып «қалай арықтадыңыз» деп жатты. Instagram-да күн сайын жекеге көмек сұрап, қалай арықтасам болады дейтін қыз-келіншектердің саны өте көп. Мен оларға қалай көмектесе аламын, әркім өзіне-өзі көмектесуі тиіс.
— Бүгінде шоу-бизнесте біреудің отбасын бұзып, тоқал болып жатқан жас қыздар көп. Жалпы осындай қыздарға деген көзқарасыңыз қандай?
— Сахнаға қайта оралғаныма бір жылдай уақыт болды. Шынын айтсам қазір көп нәрседен қорқамын. Себебі жан-жақта миға сыймайтын нәрселер болып жатыр. Өз басым толық емес отбасында өстім, сол себепті мен өзімнің отбасым болсын, өзгенің отбасы болсынғ бұзылуына қарсымын. Қазіргі бойдақ жігіттер мүлдем басқаша болып кетті, сол себепті қыздар не істерлерін білмейді. Мүмкін жас, сұлу қыздар тұлға ретінде қалыптасқан ер адамдарға қарайтын болар. Дегенмен, бүгін сен үшін отбасын тастаған ер адам ертең сені тастап кетпейтініне кім кепіл?! Сол үшін болашақты ойлаған дұрыс сияқты.
— Тойға шығасыз ба және бір кештегі гонорарыңыздың құны қанша?
— Тойға шығамын. Гонорарым Алматының ішінде $1000-1500, басқа қала болса $3000-4000. Бағаңды тым түсіріп жіберуге де, тым көтеріп жіберуге де болмайды. Халыққа қолжетімді болуға тиістісің деп ойлаймын.
—Жарыңыздың сізге құны 80 мың доллар тұратын қымбат көлік сыйға тартқанын білеміз. Жұбайыңыз, балаларыңыз туралы айтып берсеңіз.
— Күйеуім шоу-бизнеске мүлдем қатысы жоқ адам. Қайын аталарымның барлығы әскери адамдар болған. Мен тұрмысқа шыққанда күйеуім де әскери жан болды. Әскери адамның өмірін білесіз, сегіз жыл бойы түрлі қалаларда тұрдық. Ол түнгі сағат он екіде хабарласып «ертең көшетін болдық», «киімдеріңді жинауға бір апта уақытың бар» дейтін. Осылайша, әр қалаға көшіп-қонып жүрдік. Аллаға шүкір, жарымыз екеуміз барлық жетістіктерге бірге жеттік. Әрине, мұның бәрі оңай болған жоқ, бірақ жоғарыға осындай төмен жақтан көтерілген дұрыс сияқты. Ата-енемнен бөлек тұрамыз. Жұбайым қазір Ұлттық компанияда істейді. Екі баламыз бар. Ұлымыз тоғызда, қызымыз алтыға келеді. Жолдасым физика-математика мектебін бітірген. Соңғы кездері ұлымның математикаға деген қабілетінің бар екенін байқап, қуанып жүрмін. Қызым өнердің адамы болайын деп тұр. Бір кемшілік бар - балаларым қазақ тіліне шорқақ. Жолдасым мен ата-енем орыс тілді жандар. Үйде қазір қазақ тілінде сөйлеп жүрміз. Өзім басын бастап, ары қарай жалғастырамыз (күліп). Осы тұрғыдан келгенде мен балаларымның болашағы үшін уайымдаймын, ұяламын. Себебі, бұл ұялатын нәрсе. Бірақ, қазақ тілін үйрену үшін барынша тырысып жатырмыз. Балаларымды анам мен қайын енем кезек-кезек қарап беріп тұрады.
—Зарина, сіздің анаңызға қатысты жағымсыз әңгімелердің тарағаны бар. Осы ақпарат қаншалықты рас?
— Құдай сақтасын, оның бәрі өсек-әңгіме. Ата-анам мен 3-ші сынып оқып жүргенде ажырасып кетті. Әкемнің қазір басқа жанұясы бар. Біз отбасымызда үш баламыз, осы үшеуімізді азамат қылып өсірген менің анам. Анам мен әкем бүгінде жақсы араласып тұрады. Кейде құлап жатқан адамды теуіп кететін адамдар болады ғой. Осы әңгімені солар таратып жүрген шығар. Олардың кім екенін білсем де, айтпай-ақ қояйын. Басқа жанұя, қызғаныш дегендей... Мұның бәрі жала.
— Әкеңіздің қазіргі отбасымен араласасыз ба?
- Әкемнің отбасымен, балаларымен араласамын. Қаны бір бауырларыммен неге араласпаймын?! Ана жақта әкеміз біздің тілеумізді тілесе, мына жақта анамыз тілекші дегендей. Бәріміз саналы, ересек жандармыз. Сол себепті анасымен араласпайды, әкесімен араласпайды деген жалған сөзге сенбеулеріңізді өтінемін.