Жарнама жалғандықтың синонимі емес пе?

Жарнама жалғандықтың синонимі емес пе?

Сауданың көрігін қыздырып, өтімділігін өкіртетін әрине жарнама екені рас. О, о бүгінде жарнаманың түр-түрі бар. Ине мен түйменің ғана жарнамасы жоқ шығар. Қалғаны... жетіп артылады. Тіпті бүгінде жарнама біткен жеріндіріп жіберді десе де болады. Жарнама жарысына ат қосқандар ерекше есте қалуға барын салып бағуда. Алайда бірінің асығы алшы, бірінікі тәйкі. Сиам егіздеріндей бір-бірінен ауғысыз жарнамадан жалықты жұрт...
90-шы жылдары телеарналарды жарнама жаулап ала бастағанда елдің есінде ерекше сақталып қалғаны болды ... тіс пастасымен жуынған жігіт көшеде бір қызға күлімсіреп қарағанында тісі жарқ ете қалып қарсы келе жатқан қыз бағанаға соқтығысып қалады. Осыны көрген ауылдағы бір апам «әй, мынаның маңдайындағы көз бе, без бе, кеше де соғысып қалып еді, бүгін енді көзіне қарамай ма?» депті... Көрерменнің көңілінен кетпестей болып жатталып қалатын жарнама жасау бүгінде қиынның қиыны. Әрі жарнама атаулыға сенбейтіндер де жетіп артылады. «Саудасы жүрмей қалған соң амалсыз жарнама жасап жатыр» деген ойға қазық байлағандар да жетерлік. Расында дабысы жер жарған өнімнің жарнамадағыдай емес сапасы сын көтермей жататыны рас. Жарнамасы жарқыраған шампуньмен шашыңызды жусаңыз қайызғақтан құтылып кетпейсіз, тіс пастасымен жусаңыз тісіңіз күнге шағылыспайды, тіпті кір жуатын ұнтақтың өзі де дақты кетірмей жүйкеңізді жұқартатыны бар. «Бұлай болса несіне жарнамалап жүр?» деп ренжудің де қажеті жоқ сияқты. Өйткені сауда жарысында бәрі мүмкін. Жарнаманың да негізгі мақсаты сол ғой, өнімнің саудасын жүргізу. Ал оның сапасына өнім өндірушінің ар-ожданына қалдырады. Алайда ар-ұятқа қарап жатқан кім бар бүгінде? Өкініштісі жарнамаға сеніп тауарды сатып алған тұтынушы алданғанын білген соң ол өнімге екінші мәрте жоламайтыны айдан анық. Сондықтан да өндірушілер шындықтан алыстамай өнімінің дәл анықтамалығын көрсетсе ешкім де алданбас еді, өзі де ұятқа қалмас еді... Жарнама жоқ кездерді еске алайықшы... «Бізде мынадай бар, мынадай бар» деп жаһанға жар салудың түкке де қажеті жоқ кездер болған. Өйткені кеңестік кезеңде жарнама жасайтындай тауарлар саны да шектеулі болатын. Оған жарнама жасамаса да халық жапа тармағай сатып алатын. Өйткені басқа тауар жоқ-тын. Жарнама технологиясы осылайша тоқырауға ұщыраған кезі болған. Нарықтық заман жарнама саласына үлкен сілкініс әкелді. Тауар мен тұтынушы арасында алтын көпір сала білді. Жар салған жарнама мен ондағы өнімнің сапасы сәйкес келмесе ренжімеңіз. Өнімді өткізу үшін өтірік қосу бұрыннан бар тәсіл. Сапасы мықты болмаса да, бүгінде өндіруші де көп, өнім де көп, соған сай жарнама да көп. Алайда бүгінде алушыны алдай алмайсыз. Құлағының құрыш етін жеп, күн сайын көз алдына тоссаңыз да тұтынушы тек сапалысын таңдайды. Жарнаманың «әмірі» жүрмейтіні де осы кез. Сондықтан да жарнама беруші шындықтан алыстап кетпей тұтынушыны алдамаса екен дейсің...

Жарнама жылнамасы...
Ең алғашқы жарнама Ежелгі Египеттен бастау алған сыңайлы. Құлды сату туралы ілінген тақтайша жарнама атаулының атасы саналады. Тіпті тасқа жазылған жарнамалар да табылған. Әу баста жарнаманың өзі айқайшылардың арқасында іске асқан. Яғни, базарларда, халық көп жиналатын орындарда айқайшылар тауарға жарнама жасайтын. Латын тілінен аударғанда «жар салу» деген мағынаны білдіреді екен. 1450 жылы Гуттенберг баспа станогын ойлап тапты. Бұл жарнаманың баспа түріндегі даму дәуірі болды десе де болады. Еуропада француз дәрігері Теофраст Ренодо 1630 жылы газетте жарнама жазып шығаруды қолға алды. 1925 жылы Парижде халықаралық маңызы бар көрме өткізілді. Осы көрмеде арнайы жарнама мамандарының жұмысы таныстырылды. В. Маяковский мен суретші А. Радченко қатысып күміс медаль жеңіп алған... Бүгінде жаһанды жарнама жаулап алған заман болды десек артық айтқандық болмас.

Жарылған құбырға жарнама жауапты
Бүгінде әр арна көрермен үшін күрес жүргізіп жатқандай. Шетелдерден ең мықты деген сериалдарды сатып алып, көрерменді арқандаулы аттай ұстау үшін барын салады. Рейтинг үшін керек қой. Әсіресе, 31 арна мен КТК арнасының жарнамасы енді әр 10 минут сайын қайталанады десек артық айтқандық болмас. КТК арнасында бүгінде «Қарадайы» атты түрік сериалы көрерменді көк жәшікке көгендеп қойған. Әр 15 минут сайын аралығын 3 минуттан (!) жарнама береді. Жалығып кетесің. Басқа арнаға ауыстыра қоясың. Расында бүгінде жарнама біткен жұртты әбден жалықтырып бітті. Ұнаған нәрсесін жұрт онсыз да сатып алады ғой. Қайта күн сайын көлбеңдейтін сол жарнама безіндіріп жіберердей. Жарнама басталғанда (жұрттың бәрінің ас бөлмесінде теледидар жоқ) жүгіріп барып тамағыңды бір қозғап қайтасың, бітпей тұрған тірлігіңді тез тындырып алуға тырысасың. Жарнама демекші... АҚШ-та кезінде канализациялар жарылып, үлкен апаттар орын ала бастайды. Мамандар оның неден екенін тексеріп көргенде бас шайқапты. Сериалдардың арасында туалетке үлгеру үшін жұрттың бәрі жүгіретінге ұқсайды. Дәл бір уақытта артық жүктеме болған соң құбыр біткен шыдас бермей жарылатынға құсайды...

Ең қымбат жарнама... пайдасы бар ма?
2001 жылы BMW M5 –тің жарнамасы жер жарды. Тоғыз минуттық қысқа метражды фильм іспеттес жасалған жарнамаға Гай Ричи мен Мадонна түскен болатын. Мұнымен BMW компаниясы жарнама индустриясында жарылыс жасады деуге болады. Жарнама роликтерін көркемдік шешім арқылы алып шықты және интернет қолданушылар арасында ғана таралды. Мадонна осы жарнамаға түскені үшін рекордтық көрсеткішке тең 1 миллион доллар гонорар алды. Әлемдегі ең қымбат жарнама ролигінің қатарына 2004 жылы жасалған Pepsi компаниясынікі жатады. Мопассанның кітабының жарнамасы да қызық. Әуелгі аты «Пышка» деп аталған, оны «Махаббат және басқа да хикаялар» деген атаумен сатқанда саудасы сәл саябырсыған. Ал «Француз жезөкшесінің өлімге бел байлауы қалай жүзеге асты» деп ауыстырғанда таралымы бірден 10 мыңға өсіп шыға келген. Жигули автокөлігін неге «Лада» деген атауға ауыстырды өйткені Францияда жиголо сөзі тартымсыз тұлға деген мағынаны білдіреді екен. Ал Запорожец сөзі Финляндияда шошқаның құйрығы деген мағынаны білдіреді. Сондықтан да оны «Ялта» деген атаумен сатады.

Артық қылам деп, тыртық етіп жатқан жоқпыз ба?
Бүгінде отбасы болып бас қосып бірге отырып теледидар тамашалау мүмкін болмай қалды. Бұрын анайы кинолардан бетті басып қашатын ұл мен қыз бүгінде жарнамадан да ұялатын халге жетті. Тамақты енді ауызға ала бергенде аппақ қанатшалар ұшып шығады (шаншарлықтардың сөзі). Оған көк, қара бояуды тамызады келіп, тамызады. Ағып кетпейтінін, өтіп кетпейтінін, тіпті иісі шықпайтынына дейін көз алдыңызға тосады. Ол аз болғандай енді еркектердің белінің беделін арттыратын қосыма күштерді де жарнамалайтын болды (қоғамда онсыз да арсыздық жайлап тұрған шақта, соған қосымша күш қосайық дегенді мұрат тұтқан сияқты). Одан қалса аппетитті азайтатындай унитазды қалай тазалау керектігін үйретеді. Қысқасы жарнамасы жоқ дүние қалмағандай айналамызда. Тағы да жарылқап тастайтындай «біз сіз үшін тағы да не істей аламыз?» деп міндетситінін қайтерсіз? (кейін сол кредитті ақ тер, көк тер болып қайтаратын да өзіміз ғой, бірақ онда шаруалары жоқ, тап бір несие алса жұрттың бәрі байып кететіндей жарнамалайды ғой келіп). Соңғы кездері бір жарнамамен жұртты жұбатып жүр. «Күнде демалмай жұмыс істеймін, бірақ ақшамды жинай алар емеспін. Банктер біз сияқты қарапайым жұртты қайтсін, ал жарнамаға миллиондарын аямайды» дейді де «біздің депозиттеріміз мың теңгеден басталады» дейді. (Бірақ оның өзі де теңіздің қасындағы тамшыдай ғана нәрсе ғой). Осылайша шындыққа бір табан жақындаған сыңайлы. Мойындайтын ақиқат бар әйтеуір. «Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» етіп жарнама жасау енді тым артық қой. Тауар өндіруші де, жарнама жасаушы да ақиқаттан алыстамаса екен...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста