Жарнамасы — жақсы, жағдайы — мүшкіл «қазақ киносы»
Қазіргі кезде кино — тәрбиенің белсенді құралы. Ал бүгінгі күні біз шетелдік телехикаялардан көбірек «тәлім алып» жүргеніміз ащы шындық.
Қазақ кинолары да көптеп шығып жатыр. Үнді, кәріс телехикаяларын ысырып тастар бір құдіретті фильм күттік. «Астана» арнасынан «Жібек» телехикаясының жарнамасы жер жарып тұрды. Жарнама құлаққа сіңіп, мықты кинодан үміттендік. Ақыры «Жібек» фильмін бастан-аяқ көріп шықтым. Бірақ қазақ киносының исі мүлде жоқ дерлік телехикаяда теріс тәрбие берер тұстар тіптен көп. Оқиғалар желісі шетелдік бейәдеп фильмдерден көшіріліп алынғандай тұрпайы әсер береді. Кей қылықтары аналық көңіліме қаяу түсірді. Жібектің әпкесі Мәдинаның сіңлісінің сүйген жігіті Мирасты түрлі алдап-арбау жолымен өзіне қарату оқиғасы қазақтың өрімдей қыздарына не тәрбие береді? Кинода ибалы, иманды қазақ қызының бейнесі көрінбейді. Мәселен, кейіпкер Мәдинаның ащы судан есінен танған Мираспен төсектес болған сыңай танытып, жігітті құрығына түсіруі қай қазақ қызына тән еді? Ауылдың қызы Жібекті тым аңғал, аңқау етіп бейнелеген. «Аңқаулығы» сонша — өзінің науқастығын білгеннен кейін ауылға барып, бір жылқышы жігіттің үйінде дос болып тұрмыс кешеді. Осы тұста кино қазақылық сипаттан ада болғаны сөзсіз. Ауылда қайдан жүрген жалғыз жігіт? Ауыл-аймақта туыс-туған, ағайын-тума деген болмаушы ма еді? Неге ол жылқышы жігіт саяқ аттай болып үйірінен безіп жүр? Қазақ жастары «Жібектей» киномен тәрбиелене берсе, қазақ қызы мен қазақ азаматы ұғымдарынан мүлде айырылып бітеміз.
Иә, «Жібек» жетістірмеді. НТК арнасынан көрермен назарына ұсынылған «Айжан» телехикаясы да қазақ қызына тым жат қылықтарға жол береді. Ауылдың қызы бола тұра Айжанның сіңлісі Аружан құрбысының жігіті Бақытты ауқаттылығына бола арбайды. Жігітті шарап беріп масайтып, қора ішінде «қатынастық» дегенге келтіреді. Мұндай тірліктен қазақтың жас қызы қандай тәрбие алады? Қазақ қыздары тұрмысқа шайтандық жолмен шығып, ақшаның соңында арбалып күйкі тірлік кешіп жүргендей масқара оқиғалар «Айжан» киносында жетіп жатыр. Әлде аталған телехикая авторлары қазақ қоғамының соншалықты суға кеткен сүмелек халін баса көрсетуді мақсат етіп отыр ма? Ол жағын ажыратып түсіне алмадым. Бірақ бір байқағаным, «Айжан» телехикаясының да, «Жібек» фильмінің де жасөспірімдер арасында қатты сұраныспен тамашалануы. Жеткіншек қыздарымыз Айжан мен Жібекке еліктеп, алғашқы махаббаттарын нәпсі шырмауында аңғартып жүрсе, опық жеген тұсымыз сол болмай ма?
Бұған керісінше «Астана» арнасынан берілген «Әулет» телехикаясының тәрбиелік мәніне тамсана тамашаладым. Нағыз қазақы кино деп осыны айтар едім. Жетімді жылатпай, өзегінен теппей, өзінің перзентіндей етіп өсірген Қаршыға мен Жамал бейнелері — қазақ қарияларының жағымды типтік бейнесі. Әулет бірлігін сақтап, отбасыны айрандай ұйытып отырған шаңырақтың үлкендері көрген адамды сүйсіндірмей қоймайды. Қазақы шаңырақ ұғымы бұл телехикаяда барынша көркем бейнеленген. Қазіргі қазақылық әлсірегендей ұрымтал тұста қазаққа керегі де осы «Әулеттей» фильмдер емес пе?! Бұрынғы қазақ қоғамында бүтін бір ауылды бірлікпен бекем еткен ақылгөй қария мен ел анасы болған әжелеріміздің заманауи тұлғалары осы кинодан көрініп, жүдеген қазақы көңілім жұбанып қалды.
Түйін: Қорыта айтқанда, мен қазақ киносына сын тағып, мінейтіндей кино саласының маманы емеспін. Қарапайым ғана көрерменмін. Баса айтарым: мен — қазақпын. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере өсіріп отырған анамын. Аналық көңіліме кірбің ұялатқан қос фильм мен қазақы тәрбиелік мәні бар бір киноны ұлтқа жанашыр көңілімнің таразысымен өлшеген едім. Қандай кино шығарса да, одан қазақ баласының белгілі бір деңгейде тәлім-тәрбие алатынын, тіпті еліктейтінін киногерлеріміз ескерсе екен. «Әулетте» әуелеп тұрған ұлттық бояу өзге кинолардан да көрінсе, қазақ баласы сонда қазақылықтан ажырамас еді.
Гүлжауар Жұмажанова