Жарқ етіп шыққан "жұлдыздар"...
Бүгінде отандық шоу-бизнесте көптің бірі болып қалып кетпей басқаларды шаң қаптырып жүргендер баршылық. Әсіресе «сүйдім, күйдім» деген жылаңқы әнмен ілініп, салынып, көптің қатарын толтырып жүргендерге қарның ашатыны да рас. Барлық концерттерге бір әнмен қалай ғана ұялмай шыға береді деп кейде күйнесің де. Ал жаңа әндерді әсіресе хит әндерді бірінен соң бірін төпелеп, қайсысын тыңдарыңды білмей тамсандыратындар азшылық енді...
Айтпағымыз өзгелерден өзгешелігі жоқ, қатардағы көптің бірі болып жүре беру екінің бірінің қолынан келеді. Ал оза шапқан дарабоздардың қашанда халықтың сүйіспеншілігіне бөленетіні сөзсіз. Ең алғаш сахнаға шыққанда елді елең еткізіп, шоу-бизнесті дүр сілкіндірген дара дарындар аз болады, әрине. Солардың біразына тоқталып өтсек. Арыға бармай-ақ беріден қозғайық, шоу-бизнестің тәй-тәй басып, қабырғасы қалана бастағаны да бері де емес пе? Тыңдарманның басым бөлігі бірқалыптан шыққандай бір-бірінен айнымайтын, дауысы да бір, әуезі де бір, әндері де ұқсас әншілерден жалыға бастаған шақта қазақ сахнасын дүр сілкіндіріп Ерболат Құдайбергенов келді «Мен қазақпын!» әнімен ұйқыға кете бастаған санаға сәуле түсіріп. Махаббат туралы, одан қалса көршілердің көшірме әндерінен құлағы қаңсыған көрерменді рухты оятатын патриоттық әнімен селк етіп оятқандай болды. Соны сарын, ерекше әуезімен қазақ сахнасына жаңа леп әкелді. Алғашында «Тұманбай Молдағалиевтың тамаша өлеңін көкпар тартқан көнтулақтай етті» деп үлкендер жағы біраз реніштерін білдірген. Бірақ ерекшелікке сусап отырған қоғам оның жымын білдірмей жіберді. Балабақшадағы баладан бастап, мектеп жасындағы бозбалаға дейін «Мен қазақпын, мен қазақ» деп кешке дейін мың рет ыңылдаса да жалықпайтын тамаша ән болды. Түрлі патриоттық бағыттағы іс-шаралар осы әнмен басталып, осы әнмен аяқталатын күйге жетті. Расында «Менің Қазақстанымнан» кейінгі патриоттық әндердің көш басында осы ән тұрары сөзсіз. Клипі де тамаша шыққан. Қазақтың арғы бергі тарихын түгел қамтыған тамаша туынды деуге болады. Ерболаттың өзі айтқандай «түрлі архивтерді ақтарып, табанынан тозғандағы» еңбегі ақталды расында. Одан кейін де Ерболат «Біздің жігіттерімен» тағы да қуантты.
Өкініштісі... соңғы әлетте Ерболат сахнадан көрінбей кетті. Бұл әлде дауыл алдындағы тыныштық па? Лайым Ерболат тағы да сахнада дүмпу туғызады деп сенгіміз келеді.
... Қоңыр үнімен бала кезінен-ақ көрерменнің көзайымына айналған Мейрамбектің орны бір төбе. Шығыстың әдемі мақамын ер-азаматқа тән зор дауысымен нәшіне келтіре орындайтын Бүркіттің орны да ерекше. Одан кейін ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысымен ерекшеленіп шыққан Дәурен Сейітжанов та жарқ етіп жанған жұлдыздардың бірі. Оның орындауындағы «Таңғы қала» әні тез арада-ақ тыңдарманын баурап алды. Қазақ эстрадасында шоқтығы биік талай әнді қалықтатқан Ержан Серікбаев осы әнін дәл Дәуренге арнап жазғандай екен. Ән әншісін, әнші өз әнін адаспай дөп тапқандай-ақ. Рухты, өр дауысымен Дәурен талайлардың жүрек төрінен орын алды. Осы бір әнімен-ақ тарихта қалатыны анық.
Өкініштісі... тамаша туындыларымен тыңдарманының құлақ құрышын қандырған сазгер Ержан Серікбаев бақилық болып кетті де, енді Дәуреннің дауысына лайықтап ән жазатын ешкімнің табылмай тұрғаны. Сол себептен де Дәурен тыңдарманын табындырып, сағындырып барып сахнаға сирек шығады. Енді тіптен сахнадан жоғалып кетпесе игі. Таланттың томағасы сыпырылды, енді ары қарай қанатын қатайту дарынды сазгерлердің қолында.
Одан кейін жұлдызы жарқырап, таңшолпандай жарқ ете қалғандардың бірі -Қайрат Нұртас. Бірақ, жасырары жоқ, Қайраттың алғашқы әні «Арман»-ды көпшіліктің тосырқай қарсы алды. Дегенмен соның артынша-ақ Қайрат қанаттанып хит әндерді бірінен кейін бірін топырлатып, тыңдарманның жүрегін бірден жаулап алды. Оның әнінсіз таң атпайтындай...үйде де, көшеде де, әуеде де оның әні қалықтады. Мұңлы бір лирика алып келді. Ғашығынан қол үзгендер оның әнінен жұбаныш тапты. Жанына демеу іздегендер оның әнінен серпілді. Қазақстанның қай түкпіріне барса да толық зал жинай алатын Қайрат қана болып қалғандай. Бір емес, екі емес қатарынан үш концерт берген күндері де болған. Тек еңбек, еңбек бәрін де жеңбек... екенін кей жалқау әншілерге үлгі көрсетіп берді...
Өкініштісі... Биік шыңға шыққандарды аяқтан шалатын қазақы мінезге салған кейбіреулер оған баттастырып қара күйе жағумен әлек. Алайда «Аққа Құдай жақ» деген, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Қайратты қашанда тыңдармандары аршып алары анық. Оған қаншалықты қара күйе жағылса соншалықты атағы аспандай беретінін байқадыңыз ба? Мойындайықшы, ол бүгінгі күннің - фэномені ғой...
Бала кезінена-ақ шетелдік байқауларда бағын сынап, асығы алшысынан түсіп жүрген Ерден Жақсыбекұлының аяқ алыстарын бақылап жүретінбіз. 7 жасында-ақ «Ямайка» әнін айтып сахнаны «жарған» Ерден жігіт болғанда тіптен бәйгенің алдын бермес дейтізбіз.
Өкініштісі... дауысына лайық ән таппай ма, әлде басқалай сыры бар ма Ерден «Саз әлеміне» қатысқанда да көп дауыс жинай алған жоқ. Әйтпесе кейбіреулердің дауысы жете бермейтін биік ноталарды қиналмай алатын Ерденнің ерекшелігі көп-ақ. Негізінде конкурстық дауысы барлар бізде тіптен кем ғой. Ерден бәйгеге шапса қиналмайтын ақтаңгердің өзі еді. Ұстазға жарымады ма, әлде сазгеріне жолықпай ж.р ме, ендігіс өзін өзі жоғалтып алмаса екен деген білектестік қана біздікі. Жуырда ғана оны «V алем» тобының қатарына қосылғанын көріп қап дестік. Топта жүріп «жұтылып» кетпесе, бекер-ақ болған...
Бүгінде кім көп әнші көп, таяқ лақтырсаң әншіге тиеді. Бола берсін, бола берсін көп мейлі, алайда көптің көшін толықтырып, не анда жоқ, не мында жоқ, әрдеңенің басын шалып жүргендер жетерлік. Өзгелерді тамсандырар өнер жоқ болған соң, бір әнін бар жерге тықпалай бермей, көрерменнің көзіне сүйел болмаса екен дейсің. Жылына бір ән жаздырып қойып барлық сахнаға сол бір әнімен ғана шығып, жұртты жалықтырмаса екен. Елден озған ерекшелігі болмаса, қайта қайта жаңа ән жаздырып еңбектенбесе, сахнаны тоздырмасын. Халық толқын, ондайларды әншейін-ақ жағаға лақтырып тастайды. Сахнаны былғамасын. Артық айтсақ айып емес... Расы осы...