Жарқамыста ескерткіш ашылды
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс елді мекенінде ядролық сынақ жарылыстары құрбандарына арналған ескерткіш ашылды.
Бұдан тура 25 жыл бұрын, 1987 жылы қазанның 3-і күні Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарқамыс-Қалдайбек жерінде 20 килотонна атом бомбасы сыналды. Кеңес Одағындағы соңғы үлкен жарылыс «Эмба-5» әскери полигонында болған еді. Қазақстанда Семей сынақ полигонынан басқа Батыс Қазақстан аймағында Азғыр, Тайсойған, Капустин Яр, Эмба-5, Сарышаған, КСРО-ның №529 тәжірибелік әскери полигонында 40-тан астам әртүрлі деңгейдегі атом жарылыстары болды. Байғанин – Ақтөбе облысындағы ең шалғай аудандардың бірі, Арал апатты аймағына жатады. Қазіргі уақытта мұнда мұнай барлау, бұрғылау және өндіру жұмыстары жүргізіледі. Шетелдік инвесторлар саны да өсе түсуде. Ілеспе газ жағып, мұнай өнімдерін төгіп, шабындық жерлерді, өзендерді ластап, экологиялық ахуалды күрделендіре түсуде. Одан бөлек жергілікті халық әлі күнге дейін жарылыстың ащы зардабын көріп келеді. Баршаға белгілі радиоактивті қорғасын, стронций т.б. қалдықтардың табиғатта сақталу ұзақтығы – 200-250 жыл. Ауданда радиоактивті сәуленің салдарынан туындайтын ауруларға шалдыққандар саны да көбеюде және жасарып барады. Осы қасіретті келер ұрпақ жадында сақтауы үшін халықтың сұрауымен «Семей-Невада» қозғалысы белсенділерінің қолдауымен еңселі ескерткіш бой түзеді.
Аудан орталығындағы Бөкенбай батыр ескерткіші алдында құрбандық шалынып, дұға бағышталды. Ескерткішті профессор Майдан Әбішев пен Жарқамыс елді мекенінің әкімі Сәндібай Дербісов ашты. Ақын Жанұзақ Талдыбаев пен композитор Тельман Ермағанбетов бірлесіп жазған «Қалдайбек қасіреті» атты ән-әнұран орындалды. Семей, Алматы, Атырау, Орал, Ақтөбе қалаларынан, Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарынан келген қонақасы берілді.