Жарты ғасыр шежіре шерткен...
Елу жылдық шығармашылық ғұмырында 70-тен астам деректі фильм және 300-ден астам киножурнал шығарған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ораз Әбiшев – қазақ деректі киносының шын мәнісіндегі қара нары іспетті. Мазмұнды да мағыналы кадрларында республика өмірінің талай онжылдықтары қамтылған қазына қарттың шығармашылығын еліміздің кино тіліндегі бай шежіресі десек, артық айтқандық емес.
«Елге адал қызмет ету керек!» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Ораз Әбішев кино өнеріне өткен ғасырдың 30-жылдарының орта шенінде аяқ басыпты. Ол астанада оқыту мақсатымен ел-елден талантты жастарды жинап жатқан кез-тұғын. Әдемі қоңыр даусы бар Ораз Әбішев те сол мезетте Семейден Алматыға, музыкалық театр жанындағы екі жылдық актерлік мектепке оқуға жіберіледі. Көп ұзамай жас талапкер Мәскеуде өткен қазақ онкүндігіне хор айтушылар құрамында қатысады. Соның артынша-ақ ол белгілі әнші Қанабек Байсейітовтің дублері ретінде Е.Брусиловскийдің «Жалбыр» операсында өнер көрсетеді.
Кім біледі, егер де дәл солай жалғасып кете бергенде опера өнерінде талай жетістіктерге қол жеткізер ме еді? Бірақ қатты суықтап қалып, кенеттен даусын жоғалтып алған Оразға Құрманбек Жандарбеков: «Дауыс деген – сенімсіз нәрсе. Дәл қазір кино мамандарын даярлау туралы әңгіме жүріп жатыр. Сенің қабілетің бар. Мүмкін, осы салаға ауысарсың?», – деп кеңес береді. Сөйтіп, екіойлы болып жүрген 22 жастағы жігіттің негізгі мамандық етіп кино өнерін таңдауына аңызға айналған бір фильм себепкер болады. Бұл жөнінде режиссердің өзі: «Ол уақытта еліміздің экрандарында «Чапаев» фильмі зор табыспен жүріп жатқан болатын. Сол фильм менің жанымды ерекше тебірентті, қатты қызыққаным соншалық, тіпті әлденеше рет көрдім», – дейді. Содан арнайы жолдамамен барып, ВГИК-тің режиссерлік факультетіне оқуға қабылданады. Кино әлемі ертегідей еліткен Ораз институт қабырғасында жүрген кезінде-ақ М.Әуезовтің сценарийі бойынша «Ленфильмде» түсірілген «Райхан» фильмінде режиссерге ассистент болады. Артынша соғыс басталып кеткендіктен, Алматыға қоныс аударған «Мосфильм», «Ленфильм» киностудияларында жұмыс істейді. Эйзенштейн, Пудовкин, Трауберг, Пырьев тәрізді атақты кино майталмандарымен қатар, киностудия жанынан ашылған актерлік мектепте ұстаздық етеді. Сонымен қатар болашақ режиссер «Советтік Қазақстан» киножурналына сюжеттер жасай жүріп, танымал киношеберлерінен монтаж жұмыстарының қыр-сырын, кино түсіру шеберлігін мұқият үйренеді. Кейіннен, яғни 1944 жылы Алматы киностудиясы құрылған уақытта Ораз Әбішев алғашқы күннен бастап сонда қызмет істейді.
Өзі айтпақшы, режиссердің шығармашылық ғұмыры ұлы тұлғалармен біте қайнасып кеткен. Бұл ретте ол тұлғалар бейнесі ұрпақтар жадынан еш уақытта өшпесін деген мақсатты көздегенін айтады. Қалай болғанда да, Ораз Әбішев – өзі көзін көргені, көрмегені бар, халқымыздың ұлы тұлғалары – поэзия пірі Абай, аты аңызға айналған Қажымұқан, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, өнер дүлдүлдері Дина Нұрпейісова, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбановтар жайлы деректі фильмдер түсіріп, қазақ мәдениетіне айтулы үлес қосқан суреткер.
Жуырда ғана 95 жасқа толып, мерейтойын күллі өнерсүйер қауыммен бірге атап өткен майталман режиссер талапкер жастарға: «Адам өз мамандығын шексіз сүюі, бүгінгі күн тынысын сезіне білуі тиіс. Ең бастысы, әрбір істе шынайылық болсын, өмірді өзінің күллі бояуымен барынша айқын, дәл көрсете біліңдер», – деген тілек айтты. Олай дейтіні, ғұмырының жартысын кино өнеріне арнаған біртуар режиссердің өзі бұл ұстанымнан ешқашан тайған емес. Ораз Әбішев фильмдері арқылы еліміздің өткенінен ой түйіп, сан қырлы тарихтан сыр аңдауға болатыны да содан.