Жас келін төркініне сәлем салушы ма еді?
Мисыз бастың қауқары бар ма? Майсыз жіліктің құнары бола ма? Болмаса нұрсыз жанар көрікті ме? Әрине, жоқ. Бүгінгі қоғамдағы қазақы салт-дәстүрдің ахуалын көргенде дәл осылай құлазымасқа амал жоқ. Құр қаңқасы қолымызда қалғаны болмаса, біз көбінің мән-мазмұнын жоғалтып алыппыз. Ең өкініштісі де сол: біздің осы жоғалтуды көрмей, сезінбей отырғандығымыз. Бір қарағанға, қазақылық қайта жаңғырып жатқан сияқты... Шілдехана, бесіктой, сүндеттой, беташар жасап, қыз ұзатып жатырмыз. Қазақша оюланған киімдер, бұйымдар – бәрі бар. Бірақ, шынына келгенде, бұл – нағыз қазақы дәстүр-салт емес... Бір ғана беташар төңірегіндегі қазіргі болып жатқан ахуалға көз жүгіртсек...
Беташар «ширк» болса, келін келсап шығар?
Қоғамның өзегін кеулеген құрт секілді бір қауым бүгінде беташарды «ширк» деп үкім шығарыпты. Бөтен айтса сенбес пе ем, өз көзіммен көрген соң айтпасқа амал қалмады. Алыстау ағайынның үйіне келін түскен. Тұңғыштары үйленіп, қуанғаннан ес қалмай жүгіріп жүрген ата-ананың көңілін су сепкендей басқан – өзге емес, өз тұңғыштары. «Беташар болмайды» деп шорт кесті жігіт. Өйткені ол ең үлкен күнә – Аллаға серік қосуға жатады екен. «Ау, шырағым, ата-баба салты...» дей бастап еді ақсақалдар жағы, «олар үлкен күнә жасаған» деп қақпақ қойып тастады оларға да күйеу жігіт. Осымен әңгіме де кілт үзілді, той да тарқады. Үлкен бастарымен сонау алыстан ат арытып келгенде естиін деген сөздері осы екен деп тапқан әулеттің сақалына ақ кіре бастаған ірі бастылары үндеместен кері бұрылды да, жігіттің ата-анасына атағандарын беріп, көліктерімен кері аттанды. Үйде тек жігіттің «қауымы» мен көрші көлем ғана қалып, той емес, қаралы жиынды атқарғандай сұлқ жүрді де қойды.
Айдың күні аманда ата-баба мазарына ата жауындай қараушылар бір селк еткізіп еді... «Астапыралла, Алдай» дер ме еді сол мазарда жатқан ата-әжеміз тірі болса. Енді сол қауым есіктен енгеннің, яғни келіннің аяғына жармасып, ел ішіне бүлік салып жатқан жайы бар. Бүлік демей не дерсің, жоғарыдағы мысалға қарап. Бұл – бер жағы, ал ар жағында... сол қауым беташар секілді қазақы салтты «ширк» деу арқылы қазақ қыздарының санасына «ондай ширкке жол бермейтін «нағыз мұсылман», яғни кавказдықтарға, ал тіпті реті келсе арабтарға күйеуге шық» деген уағыздарын құйып жатса. Ұлтқа іріткі салу ма, жоқ па? Қазақ «келіннің аяғынан» деп бар құт-берекені келіннен күткені тегіннен-тегін емес. Себебі айранның ұюы қатығынан болса, ұлттың ұюы – келіннен. Оны мен емес, «ұл тәрбиелей отырып – жер иесін, ал қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деп дана халқымыз ескертіп кеткен.
«Келіннің бетін кім ашса...»
Қазір келін қалай түсіріледі? Құдалық жолымен, алып қашып, тіпті өз аяғымен келіп алатын келіндер де ұшырасып жатыр. Соларға шымылдық құрып, беташарын өткізбей тұрып елге көрсетпей отырған ата-ене бар ма өзі? Кемде-кем. Келінге «өз үйіңде жүргендей жүре бер, шырағым» деп қамқорсыған ата-ене еркіндікті тым ерте беру арқылы, бәлкім, жақсы болып көрінер, бірақ... Басқа орамал салмай, ашық-шашық жүре беруге жол беріп қойған ата-ене көп ұзамай ол келіннің артынан өздері шағымдана бастайды. Ал, негізінен, о бастан бәрін үйретуге тиіс өздері. Мұнымен айтпағымыз, жаулық, шымылдық, беташар дегеннің барлығы – өзара тығыз ұғымдар мен салттар. Келінге қазіргідей келгеніне алды екі ай, ақыры алты ай өткен соң барып беташар өткізу деген атам қазақтың салтында болған емес. Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Шымылдықта отырған жерінен келінді екі жеңгесі екі қолтығынан қолтықтап алып шығып, беташарын жасаған. Демек, беташар – ең алдымен келінді сол шаңыраққа қабылдау рәсімі, сосын оның ендігі жерде әулет ішінде емін-еркін жүріп-тұруына рұқсат беру. Назар аударарлық жағдайдың бірі – келінді кімдерге қолтықтату. Екі жеңгені беташар басталуға бес минут қалғанда жанталаса іздеп, тойға келген ағайынның қызы не келінін, тіпті күйеуін қолтықтатып қою деген – қазақ беташарының салтында жоқ нәрсе. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіншектің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек т.б. болмауы қатаң ескерілген. Ал қазір?...
Қыз төркініне сәлем салушы ма еді?
Қазір беташар мейрамханада, үйлену тойы өтер алдында асығыс-үсігіс өткізе салатын көрініс, былайша айтқанда, көзбояушылыққа айналғаны өтірік емес. Ең сорақысы, ол жерде қыздың өз ата-анасы, бауырлары, туған-туыстары түгел отырады. Ал ол – қазақы салтқа жатпайтын әдет. Ата-ана өз қыздарының жат жұртқа келін болып түскенін көргенін ешкім қызғанбас-ау, ақшаға құныққан дейміз бе, әлде жөн-жоралғыны білем деген дұрыс па, әйтеуір, қызды-қыздымен өз қызын өз ата-ана, туыстарына сәлем салдырып та жіберетін асабалар жоқ емес. Басында айтқандай, салттың мазмұнын жоғалтып, қаңқасы қалған дегеннің нағыз көрінісі, мінеки!
Беташар дегеннің өзі не, мақсаты, мән-мағынасы қандай? Осыны бір уақ ойлап көрдік пе? Кезінде ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов өзінің «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген зерттеуінің ішінен тұтас бір тарауды осы беташарға арнаған екен. Беташардың қандай жағдайда, қашан, қалай айтылатынын сөз ете келіп, беташар өлеңінде отбасындағы үлгілі әйел қандай болуы керектігі туралы халықтың ғасырлар бойында қалыптасқан әдеп нормалары, өнеге тізбегі, адамгершілік дүниетанымы, әйелдердің адам тәрбиесіндегі айрықша орнын көрсеткен. Демек, бұдан шығатын қорытынды: беташар – қазақтың отбасын құру концепциясы. Ол концепция келінге өзінің келіп түскен әулетін де таныстырудан басталады. Сәлем басы қайтыс болып кеткен ата-бабадан басталып, әулеттің құда-жекжат, ата-ене, туған-туыстың бәрін атап, ең ақыр аяғы еңбектеген балаға дейін сәлемнен құр қалмайды. Осы тұста бүгінгі жаулық астында бет-жүзі бізге көрінбей тұратын жас келін өзіне қандай аяулы аманат артылып, қандай жауапкершілік жүктеліп жатқанын сезіне ме? Ол қандай міндет еді дерсіз? Біріншіден, беташушы әуендете келін түсіріп жатқан әулеттің аруақтарын атайды, олар – кезінде осындай әулеттің негізін қалап кеткен асыл жандар. Екіншіден, бүгінде көзі тірі ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер, келіннің өз ата-енесі, қайнаға, қайын апа секілді есімдерін ендігі жерде тарс еткізіп айта салуға болмайтын және иіліп сәлем салу керектігін ескере жүретін адамдары. Үшіншіден, күйеуінің ізінен ерген бауырлары, яғни келінге қайны, қайын сіңлі болып келетін жасы кіші топ, есті келін осыларға өзінше әдемі ат қояды.
Түйін
Соңғы кездері беташардың КВН қағытпасына айналған да жайы бар: беташарда сәлем салып жатқан келіннің оқыстан бетін ашып қалса, «қашан бітеді мынау?» деп ызаланып тұр екен ол сөйтсе. Күлкі шақыруға құрылғанымен, шындыққа жанасымды жағы да бар ма деп қаласың еріксіз... Себебі бүгін құрылған шаңырақ ертең құлап, ортада баласы жылап қалып жатқандар саны жыл санап еселеніп келеді. «Бәлкім, беташарда келін өзіне айтылған «ел-жұртына жақ, келін, ата-енеңді бақ, келін, кісі келсе үйіңе, киізіңді қақ келін...» деген секілді нақыл сөздерді естімей қалды ма екен?» дейсің еріксіз.