«Жас қанат» орыс тілінің өрісі ме?
Тәуелсіздігімізбен бір жылда дүниеге келген «Жас қанат» байқауы биыл өзінің 18-көктемін қарсы алып отыр. Бұл жолғы байқауда Астанадан екі үміткер бақ сынады, сонымен бірге байқауға қатысуға батыстан келген жастар басым екен. Ал керісінше, Тараз, Талдықорған, Қарағанды, Қызылорда өңірлерінен ешкім келген жоқ. Жас өнер иелеріне ненің кедергі болғаны беймәлім.
Астанаға келген байқауға қатысушылардың әр күні жаңалыққа толы еді. Республикамыздың әр аймағынан келген жас дарындар «Бәйтеректің» басына шығып, қаланың ең әсем жерлерін аралады. Ал Ресей шоу-бизнесінің танымал жұлдыздарының бірі Валерий Леонтьевтің концерттік кешіне қатысу жас өнерпаздар үшін байқау алдындағы тосын сый болды. Байқаудың алғашқы күнінің жеребесін тарту рәсімі «Думан» ойын-сауық орталығында жаңадан ашылған «Джунгли» саябағында өтті. Реттік сандар динозаврдың жұмыртқаларының ішінде жасырылған еді.
Байқауға қатысушылар «Жас қанат» аллеясына барып, елордамыздың көркеюіне үлес қосып, жас шыбықтар отырғызды.
Байқау шымылдығын былтырғы «Алтын қанат» сыйлығының иегері, оралдық әнші Дәуренбек Мерғалиев ағылшын тіліндегі әнмен ашты.
Әдеттегідей байқаудың соңғы күні тартысты өтті. 13 үміткерден іріктеліп шыққан бесеудің ішінен анық жеңімпазды анықтау оңай емес еді. «Алтын қанатты» семейлік Әсем Омарова иеленсе, екінші орын, яғни «Күміс қанатты» атыраулық Әсел Әбдірахманова, үшінші орынды алматылық «Melo’men» тобы жеңіп алды.
Әсем ОМАРОВА, «Алтын қанат» иегері (Семей):
– Әсем, сіздің мамандығыңыз журналист екен, болашақта қай саланы таңдайсыз, әлде екеуін де қатар алып жүреін ойыңыз бар ма?
– Болашақта екеуін де – әншілік пен журналистиканы қатар алып жүрсем деген арманым бар. Уақыт көрсетер. Ал бүгінгі жеңісім үшін, менің осы жарысқа қатысуыма тікелей ықпал етіп қолдаған, өзім оқып жүрген Шәкәрім атындағы университетке алғысымды айтқым келеді.
Осылайша, үш күнге толы мереке өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер анықталды. Бір қуантатыны – аталмыш байқау талай жас әншілердің үлкен сахнаға шығуына үлес қосып келеді. Ал көңілге күдік келтіретіні – 18 жыл өтсе де байқаудың орыс тіліне жақын екенін атап айтқымыз келеді. Қыруар қаржы бөлінетін осы байқаудың мемлекеттік тілге деген немқұрайдылығы жанға бататынын жасыра алмаймыз. Баспасөз баяны мен қатысушыларды таныстырған түрлі-түсті парақшаның өзінде, жалпы, байқаудың басынан аяғына дейін ресми тілдің басымдығы сезіледі